Сəуір айының 21-23 аралығында Бесағаш ауылындағы №45 орта мектептің спорт кешенінде Гүлдала ауылындағы ұйғыр диаспорасы кəсіпкерлерінің демеушілігімен, облыстық спорт басқармасы мен аудандық спорт мектебінің директоры Серік Құрақбаев пен грек-рим күресінің бапкері, «Қазақстанның спорт шебері» — Айдос Қабдуллин бастаған күрес мамандарының ұйымдастыруымен 1 мамыр – Қазақстан Халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир болып өтті. Осы айтулы шараға Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбахыт Теңізбаев, Азия чемпионы – Алмат Кебісбаев, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Демеу Жадыраев, Азия чемпионы – Əсет Иманбаев, сары құрлықтың екі дүркін қола жүлдегері – Ербол Қоңыратов, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы – Асхат Дильмұхамедов, Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Боранбек Қоңыратов жəне Талғар ауданындағы ұйғыр диаспорасының ақсақалдары, жарысқа көмек қолын созған ұйғыр жігіттері көптеп жиналды. Жарысқа Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысының əр аудандарынан 26 команда қатынасып 580 балуан екі күн бойы боз кілемнің шаңын қақты. Осы айтулы додада өз салмақ дəрежелері бойынша «Чемпион» атанған: Сайт Зайыров (18 келі), Болатбек Əлихан (20 келі), Нұршат Əбдиминов (23
келі), Сүлеймен Алиев (24 келі), Болатбек Ақжол (26 келі), Ерасыл Əшімханов (28 келі, бəрі де Гүлдала ауылынан), Дəукен Нұрсұлтан (30 келі, Алакөл ауданы), Темірғали Ерасыл (33 келі, Гүлдала), Ибрагим Ербол (35 келі, Қапшағай), Юсуф Ашратов (37 келі, Жамбыл облысы), Бақтияр Тұраров (40 келі, Лепсі), Əсет Түнғатаров (41 келі, «Алматы Арена» спорт клубы), Əбен Əділназар (45 келі, Павлодар облысы), Алмас Əкімбаев (50 келі, Тұздыбастау), Расул Тұрсынов (25 келі, Гүлдала), Нұрзат Кабрахимов (54 келі «Шаңырақ» спорт клубы), Нұрсұлтан Байзақов (58 келі, Əлмерек ауылы), Ақытбек Қанат (60 келі, Ақсу ауданы), Оразалы Бауыржан (63 келі «Алматы Арена» спорт клубы), Е.Тырысбек (74 келі, «Шаңырақ»
спорт клубы), Е.Ерланұлы (80 келі, Қапшағай қаласы) секілді балуандар жеңіс тойын тойлады. Республикалық турнирде ерекше көзге түскен Шығыс Қазақстан облысының, Үржар ауданынан келген Базарбай Алдияр «Ең үздік əдіс көрсеткені үшін» деген арнайы сыйлықпен марапатталса, «Көрермен назарына іліккені үшін» номинациясы бойынша Павлодар қаласынан келген жас балуан Асанəлі Серікбаев арнайы сыйлыққа ие болды. «Жеңіске деген құштарлығы үшін» жүлдесі Талдықорған қаласынан келген Қажыбек Əділбек деген жас балуанға бұйырды. Осы турнирде бас жүлде алған балуан – 20 мың, 2-орын – 15 мың, 3-орын алған спортшы – 10 мың теңге жүлдемен аталып өтілді.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат