Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тіреледі» деп, осы салаға ерекше басымдық беру қажеттігін айрықша атап көрсеткен болатын. Бұл сөздің түп-төркіні білім беретін ұстазы мен білім алатын мектебіне де қатысты екендігі даусыз. Жан-жақты, білікті ұстазынан білім ала жүріп жанға жайлы, заман сұранысына сай жабдықталған кабинеттері бар білім ошағынан білгенін толықтыра түскен шәкірт оза шауып бәйге алдын бермесе керек. Бірақ бұл мәселеге келген қаламыздағы №4 мектептің ұстаздары бастарын төмен салады. Өйткені 1936 жылы іргесі қаланып, білім кеңістігіне есігін ашқан білім ошағы осы уақытқа дейін күрделі жөндеуді естігендері болмаса көрмеген екен.
Əр жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен жыртықтарын жамап, құлағанын сылап, сынғанын шегеліп, əрі кеткенін əктеп, сыры кеткенін сырлап, өз беттерінше жанын бағып келген мекеменің ғасырға жуық күрделі жөндеу көрмеуі жанға батады. Жуырда ауданымызға ат басын бұрған облыс əкімінің орынбасары Жақсылық Омармен бірге жаңа сайланған əкіміміз Рыскелді Сатбаев да өз көзімен көріп, жағдайына қанығып қайтты. Ұстаздары мен ата-анасы жылайтындай-ақ халде екен аталмыш мектеп. Жаңбыр жауса шатырдан су сорғалап, білімнің берекесін қашырады. Қабырғалары да жарылып, едені де шиқылдап өткен күннен «сыр шертіп тұр». Акт залы жоқтығынан балалар спорт залын мəдениет ошағына айналдыруға мəжбүр. Қалай десек ғасырға жуықтап қалған мектептің жай-жапсары облыс əкімі Амандық Баталовтың назарынан тыс қалмай, əкім тапсырмасымен орынбасарының арнайы келуі ата-аналарға жұбаныш сыйлады. Өйткені көзінің ағы мен қарасы – балаларының жайын ойлап, жарғақ құлақтары жастыққа
тимей, құзырлы органдарға хат жазып, мəнжайды жеткізіп жүрген солар.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Б.Момышұлы туралы көп сериялы кино біздің мектебіздің ішінде түсірілді. Əрине, ол кезде сондай даңқты жан туралы туындының біздің білім ошағында өткеніне қуандық. Бірақ көңілге кірбің түсіретін жайттары да бар еді. Біздің мектеп сол соғыс жылдарындағы мектеп сияқты болғаны ғой деп ойлап қалдық. Шынында да тозығы жетті. Ескі, əрі суық. Асханасы да сол солдаттар тамақ ішетін орнынан аумайды. Дəретхана сыртта болғандықтан бастауыш сынып оқушылары барамыз деп мұзға тайып, майып болып та жатты. Сырты да қоршалмаған, бала өмірі үшін бұл жайттың бəрі қауіпті ғой, – деп, мұңын жеткізген ата-аналар ұйынының төрайымы Нұргүл Бекенқызы.
Дегенмен, мектебіміз ескі деп жайбарақаттыққа салынған не ұстазды, не оқушыны көрмедік. Білім бəсекесіндегі бəстерін жоғалтпай, көрсеткіштері кей «менмұндалаған» мектептерден озық екен. 600-ден астам білім алып жатқан оқушының 27-сі биылғы түлектер. ҰБТ-ға дайындалып, болашаққа баспалдақ қалап жатқан бітіруші оқушылар да Жақсылық Мұқашұлына өтініштерін жеткізді. Сырдың иісі аңқыған жаңа мектепте іні-сіңлілері білім алса, мультимедиялық кабинеттер жасақталса, өнерлі балалардың өнерін шыңдайтын акт залы болса деген тілектерімен бірге жағдайларын білуге келген ел ағаларына балалық ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.
82 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген мектеп жуырда жаңа кейіпке енбек. Олай деуімізге Жақсылық Мұқашұлының аудан əкімшілігімен бірлесе отырып, бұл мəселенің түйінін шешу керек деген сөзі дəлел. Егер мектептің жағдайы арнайы мамандардың тексеруінен кейін «апатты» деп танылса сүріліп, орнына су жаңа мектеп бой көтермек. Ал, ондай сараптау дəлелденбесе, ЖМС дайындалып, күрделі жөндеуді қажет ететіндердің тізіміне қосылады. Əрине мұның бəрі алдағы уақыт еншісінде. «Ең бастысы облыс əкімінің назарына іліктік, енді шет қалмаспыз» – деп ата-аналар мен ұстаздар қауымы риза. Облыс басшысының назарындағы əр өтініш-тілек қолдау тауып жатқанынан хабардар өйткені. Қалай айтсақ та, бұл мектеп бүгін де, болашақта да оқушылардың сапалы білім алуына негіз болатын игілікті істерін жалғастыра береді.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат