Аурулардың алдын алу қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың маңызды міндет терінің бірі болып табылады, ол бір қатар мемлекеттік бағдарламалар мен МƏМС жүйесінде белгіленіп отыр. МƏМС шеңберінде алдын алу шаралары кеңей тілетін болады, 2020 жылға қарай сатып алынған қызметтердің 40%-ын амбулаторлық-емханалық көмек құрайтын болады.
Əлемде жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен белгіленген бұл күн жыл сайын əртүрлі ұранмен өтеді. Биылғы науқан «Туберкулезден азат əлемнің көшбасшыларына іздеу саламыз! Тарихты жасауға үлес қос. Туберкулезге жол жоқ» (Wanted: Leadersfor a TB-FreeWorld. Youcanmakehistory. End TB) деген ұранмен өтпек. Туберкулез – бактерия арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Қоздырғышы — микобактериялар немесе бəріміз білетін «Кох таяқшалары». Кох таяқшасы адам организміне жат микроорганизм болғандықтан, микроб сау ағзаға түскен кезде иммун жасушалары оған шабуыл жасап, көбеюіне жол бермейді. Ауру: иммун жүйесі нашар болған жағдайда (антиденелер түзілуі бұзылса, иммун тапшылығы жағдайында, өзге аурулар салдарынан организмнің қорғаныс күші бұзылса, жасына немесе тұрмыстықəлеуметтік факторлар салдарынан тиісінше жұмыс істемейтін болса) жəне туберкулездің ашық формасымен ауыратын жəне тиісінше ем қабылдамаған науқаспен, қоздырғышпен ұзақ уақыт бойы байланыста болған жағдайда ғана өршуі мүмкін.
Ауру көбіне ауа арқылы таралады. Кейде ауруға шалдыққан ірі қара немесе азықтүлік арқылы (өңделмеген сүт өнімдері) жұғуы мүмкін.
Туберкулез белгілері бірден пайда болмайды. Əдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай: тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер пайда болады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 17 мың 444 пациент диспансерлік есепте тұрған. Алматы облысында тіркелген пациенттердің саны – 1591.
Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы адамды ұзақ уақыт бойы құрт ауруынан қорғайды. Бірақ 7 жəне 14 жаста вакцина тағы салынды. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту – вакцина емес, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын əдіс. Ал, ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скрининг (флюорография) жасап тұруы тиіс.
Ең бастысы – туберкулез жазылатын ауру жəне оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. ДДСҰ мəліметіне сүйенсек, 2000-2016 жылдар аралығында диагностика мен ем-домның арқасында 53 млн адамды өлімнен арашалауға мүмкіндік туды.
Туберкулездің кəдімгі түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде іске асырылып жатқан ауруды біріктірілген бақылау стратегиясы туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың өз емха насында амбулаторлық режимде ем қабылдауына мүмкіндік береді.
Алдын алуға, толық емдеп жазуға бола тұра, бүгінгі таңда туберкулез ең қауіпті инфекциялар қатарынан түспей келеді. Эпидемияны толық ауыздықтауға дəрідəрмекке төзімді «ақылды» бактериялар, əлемнің кейбір елдеріндегі тұрмыстың төмендігі жəне қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
Əлемдік ғылым мен ДДСҰ-ның асыл мұраттарының бірі – туберкулез эпидемиясын 2030 жылға дейін тұптамырымен құрту болып табылады. Оған біз де үлес қоса аламыз. Ол үшін не істеу керек?
Айтыла-айтыла жауыр болған мəселе. Бірақ жер шарындағы адамдардың жартысынан астамы денсаулығына жүрдімбардым қарайтыны рас. Денсаулықты одан айырылып қалғаннан кейін емес,
жастайынан күту қажет. Дені сау азамат болу үшін денеңді, ақылың мен жаныңды күту ережелерін білу жеткілікті. Себебі, адам организмі – өз заңдары бойынша жұмыс істейтін механизм. Таза ұстаса, тəртіп сақталса ол бұзылмайды.
Азаматтарымыздың басым бөлігі ауырмаса дəрігерге қаралмайды. Қазақстанда пациенттердің 70 пайызы – ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келгендер. Шын мəнінде, оның бəрінің алдын алуға болады. Медицинада туберкулездің алдын алу үшін тұрақты тексерілу қажет. Қазақстандықтар бұл қызметтерді тегін пайдалана алады жəне олардың бəрі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді:
— БЦЖ екпесі — туғаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде;
— БЦЖ-ны қайта егу — 7 жəне 14 жаста;
— Флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет);
— Дəрігердің тағайындауы бойынша: өкпені рентгенге түсіру;
— Терапевке қаралып, профилактикалық тексеруден өту.
Бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жеке меншік клиникаларда да тегін емделуге болады. Қордың базасындағы клиникалар тізімімен https://fms.kz/ru/content/ perechen-postavshchikov-gobmp сілтемесі бойынша танысуға болады.
М.Клян
«Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының
халықты ақпараттандыру жəне өтініштерді қарастыру бөлімінің сарапшысы.