Əрбір қазақ үйіне қонақ келсе, «Құт келді, қонақпен бірге үйіме құт-береке кіреді» деп балаша қуанып, қонақтың алдынан өзі шығып қарсы алады. 600-ден астам баланы тəрбиелеп, өсірген Тұяқ Қаскенқызы да балаларымен қашанда қонағын қуана қарсы алатын қазақтың Анасы. Үйге қонақ келсе, кез келген бала қуанады. Ал балалар үйінің тəрбиеленушілері сол қонақты ерекше асыға күтеді. Ұлыстың ұлы күні – əз-Наурыз мерекесі қарсаңында Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық жанұялық балалар үйіне №7 мектеп-лицейінің басшысы Агильская Такура Айдарбекқызы бастаған ұстаздар мен өнерпаз оқушылар əн-жырларын, сыйларын арқалап барып қайтты.
«Жасаған жақсылығың сатулы болмасын», «Адамға қылған жақсылық өмірінде тозбайды», «Бір-бірімізге қайырым дылық, мейірімділік жоқ жерде бірлік пен береке болмайды» дегенді дана халқымыз біліп айтқан екен-ау! Бұл күні балақайларға арналып кең дастархан жайылып, жақсы тілектер айтылды. Балалар кез келген мерекені, əсіресе жылылық пен жаңару сыйлайтын Наурыз мейрамын ерекше көңіл-күймен асыға күткен екен. Ұлттық нақышта киінген №7 мектеп-лицейінің оқушылары мерекені сəн-салтанатымен өткізуге барын салды. №7 мектеп-лицейінің басшысы Такура Айдарбекқызы мерекемен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Əрі қарай мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаз оқушылар Наурыз нақышындағы əндері мен билерін тарту етті. Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі деген, Тұяқ Қаскенқызының алтын ұясынан тəлім-тəрбие алған бүлдіршіндердің болашағының жарқын екендігіне кəміл сенемін.
Тұяқ Қаскенқызы мемлекет тарапынан емес, тек қана демеушілердің, мейірімді жандардың бергенімен тұтастай кішігірім мемлекеттің саясатын оңынан жүргізіп, барды қанағат етіп жаратып отыр. «Осы үйде тəрбиеленіп үлкен өмір есігін ашқан ұлдарым мен қыздарым бүгінде мемлекет деңгейінде қызметкер болып жұмыс істеп, өздерінің ұшқан ортасын ұмытпай үнемі көмектесіп жанымнан табылуға асығады. Олармен мен үнемі мақтанамын» – дейді Тұяқ апа бір сөзінде. Мұхаммед Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен əрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген екен. Биыл №7 мектеп-лицейінің ірге тасы қаланғанына 10 жыл толады. Осыған орай он жылдыққа он игі іс акциясын ұйымдастырып, жақсы дүниелердің бастамашысы болып отырған ұжымның да берекесі мен мерекесі арта берсін демекпін.
Наурыз – қайырымдылықтың мерекесі. Бұл күндері халқымыз жетім мен жесірді жабырқап, кембағал мен мүгедекке қайырымдылық көрсеткен. Жұтқа ұшыраған жандарға жұмылып, жылу жинап берген. Төл мерекеміз – əз-Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді. Əрбір бала бақытты болу үшін жаралған. «Нұр» отбасылық балалар үйіне келіп əркім өзі іздегенін табады. Өмірдің қатал сынына іліккен жаны таза балаларға қарап, олардың кіршіксіз көңілдерімен өз жаныңызға да жайлылық сыйлайсыз. Қайырымдылықтың қашан да қайырымы мол. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші жабырқаған бала көрсек көмек қолын созып, мейірімділігімізді танытсақ ұтпасақ ұтылмасымыз анық! Достық пен татулықтың, бауырмалдықтың, ізгілік пен ізеттіліктің мейрамы құтты болсын!
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
Талғар-ақпарат