«Байлық – қолдың кірі», бір жұттан қалмайтын уақытша ләззат. Бар болып бақытқа бөлейді, жоқ болып жақыныңа жексұрын қылады. Атабабаңнан қалған байлық болса да қанатың қайырылып, кедейленер сәтің лезде. Ортаймайтын байлық бары сана түбіңде сол сәт жылт ете қалар. Ұлтыңның қаны, қанмен келген ары, армен келген жері, жерімен келген діні мен тілі барын – сол сәт ұғынарсың. Қарынды қанағатшылдықпен тойдырсаң да қуыс көкірек болмай, жаныңды марқайтар рухани байлықтың барын ойға аларсың. «Айырсаң да қымбатымнан талай бір, о, тәңірім, тек тілімнен айырма! – деп Тұманбай (Молдағалиев) ағамыздың бекер толғанбағанына көзің жетер. Әлемнің жеті кереметін жадымызға тоқып, өзге елдің тілі мен мәдениетін жетік меңгерсең де ана тіліңді қадірлемей құрмет биігіне көтеріле алмасын аңғарарсың. Өкінбес үшін «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!».
Қадыр ағаның өлең жолдарын тақырып етіп алған дөңгелек үстелдің мақсаты да, міндеті де осы екі жолда айтылған ойдан алшақтамады. Аудандық кітапхананың кең залына жиналған оқушылар мен студенттер, ұстаздар мен тіл мамандары мезгіл мəселесіне айналған ағылшын тілін білудің жай-күйіне тоқталып, пікір алмасты. «CES for YOU» халықаралық ағылшын тілін оқыту орталығының директоры Айгүл Тəңірбергенованың арнайы шақыртылуы шараның маңыздылығын аңғартса керек. Расымен де соңғы жылдары Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатын ұстанған жастардың ана тілінен ағылшыны басым екендігі ақиқат. Аталмыш идеяны Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етіп, 2007 жылғы «Жаңа əлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында “Тілдердің үш тұғырлылығы” атты мəдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынған болатын. Елбасымыздың осы идеясы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік беруде. Өйткені, заманауи жаңғыртулар мен өзгертулер ағылшын тілін білу қажеттігін туындатып отыр. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген атам қазақтың айтқаны бүгінгіге дөп түсуде. Жаңа дəуірдің жастарын белестерді бағындыруы үшін техника мен интернеттің тілі – ағылшын тілін білуге жетелеп жатыр. «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» дегенге сүйеніп, «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл – мемлекет құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді», – деп Елбасымыз айтып өткен əлемдік ғылым тілін меңгеру басты қажеттілікке айналып та үлгерді. Дегенмен, медальдың екі жағы бары жаныңа батады…
Ол, əрине, бөлек əңгіме. Бүгінгіміз – өзге тілдің айналасында өрбісін.
Кіріспе сөзбен ашқан аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ұйымдастырылып отырған шараның негізгі мақсатына тоқталып, басқосуда ана тілін ұмытпас үшін ағылшын тілін меңгеруде қай жаста бастау керек, неден қиналамыз, қандай кедергілер бар деген сауалдарға жауап іздейтінін айтып өтті. Бірден маманға сөз беріліп, Айгүл Тəңірбергенова алдымен өз басшылығындағы орталықтың тарихына тоқталды. Осыдан бес жыл бұрын ашылып, бүгінде жұмысы жанданып келе жатқан орталықтың жержерде бөлімшелері ашылып, тіл үйренем деушілерді демеп келеді екен. Өзге ұлт өкілдері үшін қазақ тілін үйрету курстары да бар.
– Институтта ағылшын тілі факультетін аяқтаған соң өз бетімше білімімді толықтыра түстім. Алған білімімнің жеткіліксіздігін түсіндім. Мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп жүрсем де ізденісімді тоқтатпадым. Ақыры Лондонға барып, кəсіби мамандардан дəріс алып, өз-өзіме көңілім толатындай біліммен сусындап қайттым. Елге келген соң білгенімді балаларға үйрету мақсатында оқыту орталығын ашуға бел будым. Əрине, қиындықтар мен қиыншылықтар кездеседі. Жаңа ашылған дүниеге қашан да кедергі көп қой. Бірақ дегеніме жеттім. Орталық тіл үйретуде жапон халқының ұстанымымен жүреді. Яғни бала алдымен өз ана тілін жетік меңгеріп, өз тілінде білім негізін алған соң ғана басқа тілге ойысуы керек. Сол үшін балаларды 8 жасынан бастап қабылдап, тіл үйретеміз. Орталықта жоғары білімді ұстаздар заманауи көрнекі құралдарды пайдалана отырып дəріс береді. Оқулықтарымыз да халықаралық стандартқа сай, – деп алдымен орталықтың хал-жайымен таныстыра кеткен басшы ауқымды іс-шараларға тоқталды. Мəселен, ағылшын тілінде өтетін түрлі байқаулардың жеңімпаздарын жаз мезгілінде шет елге апарып, қыдыртып қайту бұл орталықта дəстүрге айналған. Мақсаттары: сол елдегі орталық жұмысымен танысып, тəжірибе алмасып, білімдерін жетілдіріп қайту. Жəне шет елді көрген бала өз елінің жетістігін түсінеді, қадір-қасиетін бағалай біледі деген тəрбие де бар. Жыл сайын ағылшын тілінен халықаралық деңгейдегі «English is power» атты олимпиадасын ұйымдастырып, теорияны практикамен ұштастыруды оңды жолға қоя білген. Орталықта білім алып жатқан балалардың өнерін тамашалағанда бұған анық көзіміз жетті. Үш тілде Отан, туған жер, Астана жайлы ойларын еркін жеткізіп, əңгімелеп берген оқушылардың ой-өрістері қуантты. Шайзада Алихан, Аида Жеңісқызы, Қалыбек Əлихан, Ақбота Зиманова, Самат Мұрат, Шыңғыс Аршынбаев сынды оқушылардың ағылшын грамматикасын ойдағыдай меңгергенінен болашақ білікті мамандарды көруге болады.
Тізбелей берсек толымды нəтижесі жетерлік орталықтың елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты бойынша жүргізген жүйелі жұмыс тары көңілге қонымды екен. Бұл пікірге ата-аналар мен ұстаздар да қосылды. №18 мектептің ұстазы Ғ.Тұрсынбайқызы мен атаана К.Баймұханов сөз алып, бала алдымен ана тілінде тілі шығып, өз ұлтының бұлағынан қанып ішкен соң ғана өзге тілді үйренуге ниеттенуі керек деген пікірге сүйенді. Бұл жөнінде бесіктен тəрбие беретін ата-ана да, білім беретін ұстаз да жауапкершілікпен қарағаны жөн деген түйін түйді.
P.S.Түйе қоректенетін «жантақ» деген өсімдік бар. Тамыры 20-30 құлаш тереңдікте жатады. Сондықтан да ыстық-суыққа төзімді, көп жылғы өсімдік. Сондай-ақ «қаңбақ» деген де шөп бар. Жел соққанда тамырынан тез жұлынып, сыртқы күштің ыңғайына тез жығылып, ұшарын жел, қонарын сай біліп домалана кетеді. Тамыр жүйесі əлсіз болғандықтан ғұмыры да қысқа. «Əрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді», – деген еді ұлы Абай. Өз ұлтыңның тілі мен рухы ой-санаңа іргетас боп қаланбаса мейлі он тіл, тіпті қырық тіл меңгергенің құр далбаса!
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
«Талғар»