Күні кеше Астанада «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV съезі өз жұмысын бастады. Съездің басты мақсаты – «Жас Отан» жастар қанатының жарғылық құжаттарын реттеу, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын, «Елбасының 5 əлеуметтік бастамасын» талқылау болды.
Еліміздегі 1500-ге жуық дарынды жас буынның басын қосқан съездге Алматы облысы бойынша 70-ке жуық делегат қатысып, жастар саясатын дамыту жолдары кеңінен талқыланған жиында өздерін толғандырған мəселелерді ортаға салды. Екі күнге созылатын съездің алғашқы күні «JasOtanConf» конференциясымен ашылды. «Жас Отан» ЖҚ Төрағасы Данияр Сүндетбаев 2015-2018 жылдардың І тоқсан аралығында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, болашақ жоспарларды талқылады.
– Бүгінгі таңда «Жас Отан» жастар қанатының қатарында – 164 мың мүшесі, 16 аймақтық филиалдары, 171 аудандық бөлімшелері, 336 кəсіпорындар мен жоғары оқу орындарында бөлімшелері бар. Орталық сайлау кеңесіне 32 адам сайланып, Жарғымыздың жаңа үлгісі бекітілмек, – деген Төраға жаңа Жарғыны талқылауға шақырды. «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация», «Салауатты ұлт» сынды сессияға топтастырылған жастар пікірталас алаңдарында ашық əңгіме өткізіп, жастар арасындағы проблемаларды шешу жолдарын қарастырды.
«Жас Отан» ЖҚ бақылау-ревизия комиссиясының Төрағасы Е.Кочетовтың есебі тыңдалып, баяндама бойынша туындаған сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарылды. Сонымен қатар «Жас Отан» ЖҚ Орталық кеңесі мен бақылау-ревизия комиссиясының жаңа мүшелері сайланды. Сайлау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде – 18-25 қаңтар аралығында үміткерлердің тізімі жиналып, олар «Жас Отан»-ның əлеуметтік желі парақшаларында көрсетілген сілтеме арқылы тіркелуден өту керек болатын. 25 қаңтар мен 8 ақпан аралығында үміткерлер #JasOtanSailau хэштегімен Instagram парақшаларында жариялаған видео жолдауына 5 000 лүпіл жинауы керек болса, əлеуметтік желі қолданбайтын үміткерлер қол жинау арқылы 500 адамның қолдауына ие болулары міндеттелген болатын.
Екінші кезең, 10-24 ақпан аралығында қолдауға ие болған үміткерлерге онлайн дауыс беру өтеді. Дауыс беруге «Жас Отан» мүшелері қатысады. Міне, осы талаптардан мүдірмей өткен 32 адам Орталық кеңеске іріктелінді. Сонымен бірге, «Жас Отан» ЖҚ-ның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Алқалы жиын соңы «Жаңа əлемге жол саламын» гала-форумына ұласады деп күтілуде. Съездге делегат болып барған «Жас Отан» жастар саясаты мен жастар мəселесін жақсартуға ұмтылған көшбасшының бірі, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызынан əлеуметтік желі арқылы пікірін сұраған едік:
– Елбасымыздың АҚШ президенті Дональд Трампен кездесуі, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі еліміз үшін ерекше оқиғалар деуге тұрарлық. Осындай айтулы даталардан «Жас Отан» жастары да қалыс қалмай, Қазақстанның алға ұмтылуына əркез жанашыр. Бүгінде өз пікірін еркін айта алатын жастар қоғамы алға айқын қадам басып келеді. «Болашақ – жастардың қолында» деген жалынды сөзді жүрегімізбен түсінетін сəт туды.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
«Талғар»