Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі

Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі

Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық  қоғамдық  келісім  кеңесінің  отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы төрағалық етті. Кеңеске аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің және Аналар кеңесінің мүшелері, ауылдық округ әкімі аппараты жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары қатысты. Ассамблеяның 20-шы сессиясында Елбасы Н.Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыру аясында Қоғамдық келісім кеңесін құруды тапсырған болатын. Қоғамдық келісім — Ұлт жоспары мен «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын жүзеге асырудағы басты құралдың бірі.

Отырыстың күн тәртібінде:  Аудандық  және  ауылдық округтер бойынша Қоғамдық  келісім  кеңесінің  2017  жылы  атқарған жұмыс  есептерін тыңдау. 2018  жылы  Ассамблеямен  бекітіліп  пайдалануға берілген   ҚКК-нің  нұсқаулығы  негізінде  Қоғамдық кеңес  келісімінің   жұмысының  атқарылу барысымен таныстыру. Аудандық  Қоғамдық  келісім кеңесінің    жаңа төрайымын  тағайындап, құрамына толықтырулар мен өзгертулер  енгізу туралы мәселе қаралды.

Аудан әкімінің орынбасары  Дәрменияр Қыдырбек-ұлы:

— Кеңестің негізгі міндеті – азаматтық принцип негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту мақсатында қоғамда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында азаматтық қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, басқа бірлестіктерді ұйыстыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізудің, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асырудың және Жаңа Қазақстандық Патриотизмді тәрбиелеудің біртұтас тәсілдерін әзірлеу болып табылады. Қоғамдық келісім кеңесі сондай-ақ,

1) қалыптасқан жағдайды саралау, сондай-ақ өңірде әлеуметтік және басқа да шиеленістерді болдырмау және шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу;

2) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөнінде, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

3) Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған азаматтық қатысуды, қоғамдық бастамаларды, әлеуметтік маңызды жобаларды және бағдарламаларды қолдау және дамыту;

4) ардагерлер, кәсіподақ, жастар бірлестіктерін және басқа да қоғамдық ұйымдарды қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттауға және іске асыруға тарту;

5) әлеуметтік мәселелерді болдырмауға және алдын алуға, келіспеушіліктер мен жанжалдарды реттеу, әлеуметтік шиеленіс ошақтарының туындауына мүмкіндік беретін жағдайларға жол бермеу жөнінде тәжірибелік іс-шараларды іске асыруға қатысу;

6) жергілікті жерлерде қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылауды дамытуға көмектесу функцияларын орындайды.

Жиында  Талғар  ауданының    қоғамдық  келісім  кеңесінің  төрайымы  Салтанат Маликова, Талғар қаласының  қоғамдық  келісім   кеңесінің  мүшесі,   Талғар қаласының  аналар  кеңесінің   төрайымы   Күлаш Оразалиева, Кеңдала ауылдық округі Қоғамдық келісім кеңесінің  төрайымы, Кеңдала  ауылдық округі  ақсақал  кеңесінің  төрағасы Бексұлтан Көлбаев, Гүлдала  округінің Қоғамдық келісім  кеңесінің  төрайымы   Баян Абдулина, Белбұлақ  ауылдық   округінің Қоғамдық келісім кеңесінің  төрайымы  Шәрбану Нұқаевалар сөз алды.

Отырыста Талғар  ауданы  бойынша Қоғамдық Келісім кеңесінің  төрайымы    болып Жұмағыз  Ботабаева  тағайындалды. Кеңес отырысында Алатау ауылдық округі Қоғамдық келісім кеңісінің  мүшесі Матан Бекбосынов, ұйғыр этно мәдени бірлестігінің  жетекшісі Имин Тохтахунов, Талғар ауданы  аналар  кеңесінің  төрайымы Мария   Сиқымбаева сөз алып, өз ұсыныстарын білдірді.

Ассамблея жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі мақсаттарының бірі – жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қоғамды толғандырған өзекті проблемаларды жергілікті билікпен бірлесе реттеу.Осындай  отырыстардың әр өңірде жалғасын тауып,  халықтың көкейінде жүрген  өзекті мәселелер  түйіні  әр округте құрылған Қоғамдық кеңес келісімінің жұмылдырылуымен  оңтайлы  шешімін табады  деген  сенімдемін.

Қоғамдық келісім кеңесі – татулықтың белгісі, ұйымшылдықтың көрінісі, билік пен халықтың арасын жақындастыратын, тығыз байланыстыратын кеңес болады деген сенімдемін.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Талғар-ақпарат