8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті. Мерекелік шарада еңбек ардагерлері және түрлі салада белсенділігімен көзге түскен нәзік жанды мамандар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні талғарлық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер мен мың бұралған бишілердің, талантты күйшілердің басын қосқан «Құлансаз» ансамблінің мерекелік кеш нәзік жанды әйел қауымын үлкен қуанышқа бөледі. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Аудан әкімі Райхан Садықова нәзік жанды әйелдер қауымына ізгі тілегін жолдап, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен жандарды алғыс хаттармен марапаттап, мерекемен құттықтады.
— Сіздер отбасы берекесімен бірге Тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келесіздер. Бүгінде аудан бойынша мемлекеттік қызметте жүргендердің арасында әйелдердің үлесі 50 пайызды, білім саласында – 70 пайызды, денсаулық сақтау саласында – 80 пайызды құрап отыр. Үкіметтік емес секторда жұмыс істейтіндердің үштен екі бөлігі, соның ішінде, істің көзін таба білген кәсіпкерлердің 40 пайызға жуығы әйел азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан жақсылықтар баршамызды қуанышқа бөлей берсін! Осы тамаша мереке күні Сіздерге дүниенің бар жақсылығын, деннің саулығы мен көңілдің шуағын тілеймін,-деп баша әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.
Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейрімінен нәр алады. Бүгінгі күні ауданымызда 2608 көп балалы ана бар, олардың 524-і «Алтын Алқа», 2084-і «Күміс Алқа» медальдарымен марапатталған. Мерекелік салтанатта өнегелі еңбек жолымен абыройға бөленген Тұяқ Каскенқызы, Ақыл Қадырқызы, Сауле Сүлейменқызы, Нелии Васильевна, Клара Төлешқызы, Такура Айдарбекқызы, Мария Ордабайқызы, Айман Мұратқызы сынды өздерінің мол тәжірибесін жастарға үлгі ете білген асыл жанды азаматшалардың есімі құрметпен аталды.
Әйел — отбасындағы бақыт пен берекенің ұйытқысы. Ал 8-наурыз күні барша ер-азамат әйел қауымының еңбегін бір сәтке де болса бағалап, олардың атқарып жатқан іс-әрекеттерін мойындайтыны анық. Мерекелік кеште залда отырған барлық нәзік жандыларға керемет көңіл-күй тарту етілді. Көктемнің ең алғашқы мерекесі әйелдер күні құтты болсын. Көктемнің шуағы барша жүректерді жылытсын.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
Талғар-ақпарат