Жуырда Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай Талғар қаласындағы № 49 орта мектебінде «Ауған ақиқаты» тақырыбында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге Ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Қажымұқан Әлжанов, ардагерлер Серік Жамбасбаев, Айдар Нурбаев, Айтқазы Күзенбаев, Мұратбек Қозбағаров және Талғар аудандық Қорғаныс ішкі істер біріккен бөлімі сержанты Талғат Шубеков, аға лейтенант Айбек Тыныбековтер қатысты. Кеш барысын ауғанда соғысы ардагерлері өз естеліктерімен бөлісіп, жастардың бейбіт өмірдің бағасын білуге шақырды.
Кездесуде Ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Әлжанов Қажымұқан Орынбекұлы соғыс кезіндегі қиыншылықтарды оқушыларға баяндай отырып, Егеменді еліміздің ұрпақтары ешқандай соғыс көрмесін деген тілек білдірді. Талғар аудандық Қорғаныс ішкі істер біріккен бөлімі сержанты Талғат Шубеков әскер бөлімі қатарына тіркелген, 2001 жылы туылған ұлдарға тіркеу куәліктерін табыстады. «Отанын, елін, жерін қорғайтын азамат, батыр болыңдар!», — деген тілегін білдірді. Мектеп ұжымы жастарға патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп жүрген ауған соғысы ардагерлеріне сый-құрмет көрсетті. Кеш соңы оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
Талғар-ақпарат