Артына өшпес із қалдырған біртуар талант иесі, мұзарттың мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне орай Талғар медицина колледжінде «Хантәңірінің мұзбалағы» атты колледж студенттері арасында байқау өтті. Өз дәуірінің шежіресін айқын да айшықты бояумен жеткізген, сыршыл ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін сырласына, айнымас жан серігіне айналды. Колледж қабырғасында өткен осынау игілікті іс-шара ақын жырларының ғасырлар бойы жасай беретінін айғақтап, жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлінің әрдайым жоғары екенін көрсетті. Сайыстың шымылдығы ақын өлеңімен түріліп, жиналған жастардың назарына «Мұзарт шыңның мұзбалағы» атты деректі фильм ұсынылды.
Əрдайым тəрбиелік мəні терең ісшаралардың ұйытқысы болып жүретін Талғар медицина колледжінің директоры, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымының кандидаты Бағжан Құдабаев ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 87 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған өнер сайысының мəні мен маңыздылығына тоқтала келіп: «Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Олай дейтінім, артына өлмес рухани қазына қалдырып, жауһар жырларымен жүректерге жол тартқан жыр дүлділі Мұқағалидың өмір өнегесі мен шығармашылық мұрасына сусындаудың тағы бір мүмкіндігі туып отыр. Мұқағали жан-жақты, шалқар шабыт иесі, оның жырлары қайталанбас ұлттық сипатта құлаш жайып, кең, ауқымды тақырыптарды қамтиды» деп өрелі ойын жеткізді, өнер додасына қатысып отырған жастарға сəттілік тіледі.
Бұл күнгі өнер сайысына Талғар қаласында орын тепкен бес колледждің жастарымен қатар көрші ауданнан Есік медицина коллледжінің студенттері де қатысты. Сайыс талабы бойынша əр топ ақын өлеңдерін нақышына келтіре мəнерлеп оқу, əндерін шырқау, поэмаларына сахналық көрініс қою жəне оқушылардың өз шығармашылығын ұсыну қамтылған. Алғашқы болып сахнаға М.Бейсебаев атындағы агробизнес жəне менеджмент колледжінің жастары шықты. Ақынның «Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде…», «Отыздан асып барамын» атты өлеңдеріне жазылған əндерді шырқады. «Пай, пай, Өмір!», «Бұзылған үй», «Шеше, сен бақыттысың!» өлеңдерін оқып, «Райымбек! Райымбек!» поэмасынан үзінді ретінде сахналық қойылым көрсетті. Оқушылар өздерінің тырнақалды туындыларын да тарту етті. Келесі кезекте қаламыздағы жекеменшік медицина колледжінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Болашақ денсаулық саласының мамандары өнерден құралақан емес екендіктерін байқатты. Əсем əн, мəнерлі жыр, тартымды сахналық қойылым арқылы «ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің шығармашылық əлеміне сапар шеккендей əсер қалдырды. Өз өнерлерін ортаға салған Есік медицина колледжінің студенттері байқаудың бес талабынан сүрінбей өтті. Есік қаласының жастары ақын өлеңдерін шынайы сезіммен, ынта-жігермен тебірене оқыды. Сахналық қойылым да, əуелете салған əн мен жастардың ақынға арнап жазған жауқазын жырлары да жиналған көпшіліктің сезімін серпілтіп, жүректерді тербеді. Талғар қаласындағы Д.Қонаев атындағы заң колледжінің жастары да сайысқа сақадай сай келгендіктерін көрсетті. «Өнерлі өрге жүзеді» демекші, ақынның сөзіне жазылған əндерді əуелете шырқап, өлеңдерін еш мүдірместен нақышына келтіре оқыған жастардың ынта-ықыласына көпшілік дəн риза болды. Əсіресе, «Ақулар ұйықтағанда»поэмасының үзіндісіне арнап қойған сахналық көрініс те ерекше əсерлі болып шықты. Байқауға қатысқан командалар арасынан өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білген Талғар политехникалық колледжінің командасы көрермен қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Дидар Рақым ақынның «Махаббат жайлы», Нұрбек Жолмағанбетов «Шəмілге жазған хаттардан», Гүлім Ақанова «Досыма хат» сынды өлеңдерін мəнеріне келтіре оқыса, Іңкəр Берімқұлдың «Мұқағалиға арнау» атты өлеңі жас таланттың шығармашылық шабытын байқатты. «Ару ана» поэмасына қойылған сахналық көрініс те ұтымды шықты. Туындының негізгі ойына сай жасалған декорациялар, ұлттық киім үлгілері, балалардың образды сомдауы қойылымның сəтті шығуына себеп болды. Иə, қазақта «соңғы түйенің жүгі ауыр» деген сөз бар. Үміткер команданың бірі Талғар медицина колледжінің командасы іс-шараның түйінді нүктесін қойды. М.Мақатаевтың «Соғыстың соңғы көктемі» атты өлеңінен бастау алған колледж жастарының өнері «Дариға жүрек» поэмасы желісіндегі сахналық қойылымына жалғасып кетті. Көрініс басталған сəтінен-ақ көрермендерін бірден баурап, оқиға иіріміне тартып əкетті. Əсіресе, Дариғаның тентек-қайнысы кейіпкерін сомдаған жас өнерпаз Əділет Бірімқұлдың поэмадағы психологиялық тебіреністен туатын көңіл-күй ерекшелігін шынайы бейнелей білудегі шеберлігі жиналғандарды тəнті етті. Сұм соғыстың талай тағдырды тəлкекке ұшыратқандығын бейнелеген сахналық қойылым жиналғандардың көзіне жас үйіріп, көңілдерін толқытты. Тамаша үйлесіммен сабақталған əдебимузыкалық композиция ақынның жырмаржандарымен айшықтала түсті. Б.Тугелбаев, Б. Ақанұлы,А. Нурмуханқызы жəне Д. Құсайын сынды өлең өлкесіне қанат қағып жүрген колледж жастарының арнау өлеңдерін жиналғандар жылы қабылдады. Осылайша, үш жарым сағатқа созылған өнер жарысы өз мəресіне жетті. Əрине, сайыс болған соң «жүзден жүйрік озар» жеңімпаздар анықталары рас. Əділқазылар алқасының қорытындысы бойынша 1-орынды Талғар медицина колледжінің жастары жеңіп алды, жүлделі екінші орын политехникалық колледж командасына бұйырды, үшінші орынды Есік медицина колледжі иеленді. «Асыл тастан, өнер жастан» демекші, «Үздік драмашы» номинациясына Е. Омархан , «Үздік əнші» Батырлан Мұқатаев жəне «Үздік мəнерлеп оқу» номинациясына Кеңес Дидар лайық деп танылды.
Жеңімпаздарды əділқазылар алқасының төрағасы Алматы облысының Құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері Мұхтар Əлімұлы, əділқазы мүшесі, ақын Кəмнұр Тəлімұлы құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен жəне естелік сыйлықтармен марапатталды. Осынау мəні кең өнер сайысын ұйымдастыруға мұрындық болып, көп еңбек сіңірген Талғар медицина колледжі директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос Самбетовтың жəне көркемдік жетекші Ернат Кенжебаевтың еңбегін ерекше атап өту орынды.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат