СПОРТ — ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

СПОРТ — ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Ұлттық рухымызды оятып, төбемізді көкке  жеткізетін спорттың қаншалықты құдіретті екенініне шүбә жоқ.  Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін спорт күні қарсаңында Талғар ауданының денешынықтыруды және спортты дамыту орталығының басшысы Жандос Бусурмановпен сұқбаттасып айттық.

Әңгімені өзіңіз жайлы ақпараттан бастасақ?
Талғар ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының басшысымын. Сонымен қатар Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының шеф редакторымын. Қасиетті Талғар топырағына аунап, әлем, Олимпиада чемпионы болуды армандап өскен ауыл баласымын. Грекрим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атандым. Қазақстан Республикасының спорт шеберімін. Өкінішке орай жарыс кезінде ауыр соққы алып, дәрігерлердің шектеуімен спорттан қол үзген болатынмын. Жуырда ғана Спорттуризм академиясының денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистры атандым.
Өзіңіз он жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен «Спорт жұлдыздары» журналы туралы айтып өтсеңіз.
Спортты сүйетінім соншалық мен одан түбегейлі қол үзіп кете алмадым. Спортшы болсам да спорт журналисі болсам да илегенім бір терінің пұшпағы. Жарыстарға қатысып, ақпараттар жинап, спортшылар, байрақты бәсекелер туралы мақалалар жариялап тұрдым. 2010 жылдары Астана қаласында «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Сабырғалиұлымен таныстым, ол кісі мені осы журналға шақырды. Кейін бұл журналды республикалық ғылымиәдістемелік, спорттық-патриоттық журнал етіп өзгерттік. Содан бастап Қазақстан Республикасының күрес, спорт федерациясымен, денешынықтыру пәнінің ұстаздарымен тығыз жұмыс істеп келеміз. 2017 жылы қазақ спортының қарашаңырағы Спорт туризм академиясында Отандық тілде ғылымиәдістемелік тәжірибелік семинар өткізіп, осы салада еңбек етіп жүрген көптеген мамандардың біліктілігін арттыруға себепші болдық, сонымен қатар түрлі спорттық жарыстар, жаттығулар өткізіп ел спортының дамуына өз септігімізді тигізіп келеміз.    

    – Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада кезінде және спорт күні қарсаңында Талғар ауданында неге Олимпиада чемпионы жоқ деген сұрақ туындайды. Жалпы аудан спортының дамуы қалай?

Талғар ауданы – тарихы терең, киелі мекен. Ауданымызда спорттың барлық түрі қарқынды дамып келеді. Азия, әлем чемпиондары, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары бар. Десе де Олимпиада чемпионы жоқ. Алайда спорттың бүгінгі даму қарқынына қарап біз күткен Олимпиада чемпиондары көп кешікпей шығатынына күмәнім жоқ. Жаңаөзен қаласының қасындағы Рахат деген ауылдың Нұржан деген азаматымен таныстым. Өзінің астындағы қымбат көлігі мен коттеджін сатып, ауылына «Жақсы» спорт кешенін салып берген. Елімізде мұндай атымтай жомарттар аз емес. Талғарда да қазақтың қарадомалақтарының ертеңін ойлаған қолы ашық, кең пейіл жандар жетерлік. Гүлдала ауылында Алишер Сұлтанмұратұлы «Сұлтан Гүлдала» күрес залын салып, халықтың игілігіне беріп отыр. Мұндай қолдау мен талпыныс бар жерде нәтиже болары сөзсіз. Қысқы спорт түрінен де құр жаяу емеспіз. Алатау ауылдық округінің Береке ауылында тұратын кішкентай ғана қызымыз жассөпірімдер арасында шаңғымен жүгіруден Қазақстан чемпионы болды. Қытай елінде өткен Азия чемпионатында ушу-сандадан Азия чемпионы болған жасөспірімдердің құлшынысы көңіл қуантады. Жағажай волейболмен айналысатын қыздарымыз көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Азия ойындарының жүлдегерлері. Муайтай спортынан әлем чемпионы атанған жеткіншектеріміздің талпынысы көңіл қуантады.Олар ауданымыз ғана емес, ел спортының мақтаныштарына айналарына сенемін.  

–  Елдос Сметов алтыннан алқа таққан кезде комментаторлар Тараз еліне сәлем жолдап, осындай батыр ұлды туған халқына мақтау айтты. Шын мықтылар ғана шыға алатын шыңнан чемпиондарымыз қол бұлғап, елі мен жеріне сәлем жолдап тұрса қандай үлкен мақтаныш деген ой ғой.

Бақ пен дәулет ынтымағы жарасқан, берекесі бекем елге қонатыны белгілі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Жамбыл облысынан аты алты алашқа мәшһүр спортшылар көп шыққан. Атап айтсақ Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибрагимов, Ислам Байрамуков, Бақтияр Артаев сынды азаматтар қатарына Елдос Сметов қосылды.Әр ауылдың білім ордасы мен мешіттерінің қасында спорт мектептер де тұрса, білім және имандылық пен спорт бәрі ұштасса жастардан мықты ел азаматтары шығады. Ауданымызда велоспорт саласы да жақсы дамыған. Жақында ғана Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында талғарлық жасөспірім чемпион атанса, грек-рим күресінен Ербол Досымбекұлы Азия чемпионы болды. Испанияда өткен халықаралық турнирде Тұздыбастау баласы Алихан Кокеновке қарсылас шақ келмеді. Осы жолғы  жеңісі оған халықаралық спор шебері атағын алуына мүмкіндік берді. Бұл өте үлкен еңбектің жемісі. Мұндай жастар барда жарқын болашақ та бар. Оларға қолдау білдірсек, біз күткен Олимпиада чемпиондары солардың арасынан шығады.

 – Ауданымызда ұлттық спорттың дамуы қалай?

Панфилов ауылында облыстық ұлттық спорт мектебі бар. Онда мықты бапкерлер сабақ береді. Көкпар, теңге ілу, аударыспақпен айналысатын білекті, жүректі жігіттердің мықтылығына күмәнім жоқ. Астанада өткен дүниежүзілік «Көшпенділер ойынында» спортшыларымыз бақ сынады.
Жақында ған Өстемір ауылында «workout» спорт алаңы ашылды. Ауылдарымыз осындай спорт алаңдарымен қаншалықты қамтылған?
Өстемір ауылындағы спорт алаңының ашылуына «Сегіз көл» демалыс аймағының басшысы Ким Виталий мырза демеушілік етті. Жоғарыда айтып өткендей Алишер Сұлтанмұратұлы Гүлдала ауылына күрес залын салып берді. Тұздыбастау ауылындағы «Қанат» спорт кешенінің тұруына Даулет Жақсылықов пен Самат Тезекбаев сынды азаматтардың бас болғаны белгілі. Қазір 700-800 бала осы спорт залына келіп дайындалып жүр. Бұл азаматтардың ісәрекеті ұлтын сүю, ұрпақтың ертеңін ойлаудың жарқын үлгісі. Менің ойымша, елінің абыройын асқақтататын ұрпақтың дамуына жағдай жасау мешіт салудан да сауапты іс. Мұндай азаматтарға ауданымыздың құрметті азаматы атағын берсек артық болмас еді. «Адам адамнан тәлім алады»демекші, Өстемірдегі спорт алаңы ашылғаннан кейін Туғанбай ауылының жігіттері жиналып, өз ауылдарына спорт алаңын салуға кірісіп кетіпті. Мұндай игілікті іс әлі де жалғасын табады деп сенеміз.
Өткен жылы ауданымызда күрес федерациясын құрдыңыздар. Бұл туралы газетімізде жариялаған едік. Осы федерацияның жұмысы қалай жүріп жатыр?
Өкінішке орай, күрес федерациясын заңдастыра алмағандықтан жұмысын тоқтатуға тура келді.Десе де сол кездегі ұжыммен бірге түрлі шаралар ұйымдастырып, көптеген жұмыс атқарып келеміз.
Талғар сынды жан саны көп, үлкен ауданда халыққа қол жетімді, үлкен жарыстар өткізілетін спорт кешені салына ма?
Бізде заманауи спорт кешендері жоқ емес. «Ақ бұлақ» спорт алаңы мемлекет меншігіне қайтарылса, қараша халық үшін үлкен қуаныш болар еді. Мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүріп жатыр. Онда биатлон, бассейн бар. Алда жақсы жаңалық болады деген ойдамыз.
Қандай жоспарларыңыз бар?
Ойға алған жұмыстар көп-ақ. Біздің мекемеде ауқымды шараларды өткізуге қаражат қарастырылмаған. Көбінде ауданымыздың кәсіпкер азаматтарының қолдауына мұқтажбыз. Жастарымызға мотивация болсын деген ниетпен осы жолғы Олимпиада чемпиондарымен кездесу ұйымдастырсам деген ойым бар. Ауданымыз спортының дамуына дем беретін спорттық шаралар мен жарыстарды үзбей өткізіп тұрмақшымыз. Алда келе жатқан спорт күніне орай осы салда жеңістерімен қуантып жүрген жастарды марапаттау ойымызда бар.

– Сұқбатыңызға рахмет, жеңісті күндеріміз көп болсын. Мереке құтты болсын. Ауданымыздан ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығады деп сенеміз!

Зорагүл Әбдіқадір