Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылдың 13 маусымында «Домбыра күні» мерекесін белгілеу туралы ресми шешім қабылданды. Сол жылы 1 шілдеде осы мереке аталып өтті. Домбыра күнін атап өтудің негізгі мақсаты – қазақтың музыкалық мәдениетін насихаттап, ұлттық аспап, домбыраның қадір-қасиетін бағалау. Дәл осы күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде, қалаларда, аудандар мен ауылдарда Ұлттық домбыра күні тойланады. Бұл мереке елдің еңсесін көтеріп, рухын оятқан халықтық мерекеге айналды. Себебі домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даламыздың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі, халқымыздың қуанышы мен қайғысы бар. Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген.
«Artsport» бағдарламасынан кейін Талғар ауданында қолына домбыра ұстаған жас жеткіншектер жаңбырдан кейінгі жауқазындай қаулап өсті. Оның дәлелі осы жылы ауданымызда өткізілген наурыз мерекесінің концертінде «Artsport» бағдарламасы арқылы тәлім алған 500 бала күй шертіп, талай елді таңдай қақтырған болатын. Ал шілденің 4-і күні домбыра күніне байланысты Қонаев қаласында өтетін ауқымды шараға ауданымыз атынан баратын 100 бала тарихы терең Талғар ауданының абыройын асқақтатып қайтары сөзсіз. Ауданымызда білім орындарының, мәдениет үйлерінің домбыра үйірмелері де киелі аспабымызды жанына серік еткен жеткіншектерді көптеп жетілдіруде. Олардың дені республикалық, халықаралық бәйгелерде топ жарып жүр. Қызыл-Қайрат ауылдық мәдениет үйіндегі «Болашақ старс» домбырашылар ансамблі сөзімізге дәлел. Бұл туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде мақала жариялаған болатынбыз. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауданымыздың жас өнерпаздары Қытай халық республикасының Үрімжі қаласында өткен фестивальге қатысып, аспан асты елін тамсандырып қайтты. «Айбар Албан» домбыра сыныбының, «Art productions» өнер орталығының жеткіншектері бұл сапардан абыроймен оралды. Қазақстанды Димаш арқылы талантты ел деп таныған көршілеріміз жас өнерпаздарымызды құшақ жая қарсы алды. Олардың өнерін теле арна арқылы тамашалаған қытайлықтар автобекеттерде, көшелерде кездестіріп жатса, бірден танып қол соғып қошаметтеп, тағы да өнер көрсетуін өтініпті. Оларға сыйлықтар ұсынып, ризашылықтарын жеткізген екен. «Айбар Албан» домбыра сыныбының жетекшісі Айбар Сартбаев: «Балалар жас болса да шекара аттап шыққаннан кейін бірден есейіп кеткендей сезіндім. Себебі олар өз елінің абыройын арқалап бара жатқандарын түсінді, ел аралап, жер таныды. Өнерді жан жүрегімен сүйетін олар үшін бұл сапар өте қызықты болды, себебі қара домбыраның, өнердің қаншылықты құдіретті екенін тағы бір мәрте түсініп жеткендей. Өнер ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтініне көздері жетті. Күмбірлеген күйге өзге ұлт өкілдерінің қалай ұйып отырғанын көріп, шабыттана өнер көрсеттік. Аспан асты елінің әсем қалаларын аралап, артық-кемін ойша саралп қайттық», – деді. Біз де қаршадай балалардың өнерді сүйген үлкен жүректерінен айналдық.
Ұлттық аспабымыз бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келеді. Біз оның бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Бүгін мұнда жиналған өрімдей жас күйшілер соның айғағы. Алтайдан Атырауға дейінгі Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы дом-быраның үніне құлақ түріп келеді. Бұл бар қазақтың бір екенінің дәлелі. Рухани жаңғыруға бет алған халқымыз қасиетті домбыра мен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл елге, дүниеге паш етіп отырмыз. Көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлағандай, қазақ пен домбыра егіз ұғым. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз. Киелі аспап ұлттық тәрбиенің негізін қалап, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді. Жастар арасында қос ішекте ойнайтын таланттар саны артқан сайын мәдениет пен өнеріміз дамып, халықтың рухани келбеті түрлене түседі. Ендеше ғасырлар қойнауынан жеткен күй шежірелеріміз бен ән-аманатымыз үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!