Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінің 2023-2024 оқу жылының түлегі – Жанұзақ Саясат Асқарбекұлы ҰБТ-дан 138 балл алып, мектебін, жерлестерін қуанышқа бөледі. Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Робототехника және мехатроника» мамандығы бойынша оқуға түсуге ниетті. Жас түлек ҰБТ – да физика және математика пәндерін таңдаған. Алғашқы ҰБТ-дан 125 балл жинаса, екінші рет тек екі сұрақтан ғана жаңылған.
Саясат Асқарбекұлы 2006 жылы 16-қазанда Талғар қаласында дүниеге келген. Саясат бастауыш сыныптан бастап ойы ұшқыр, алғыр, зерек оқушы болды. Мектепішілік, аудандық, республикалық деңгейлерде ұйымдастырылған жарыстарының жүлделі орын иегері. Осылайша жан-жақты дамып, мектептегі іс-шараларға белсенді қатысып, сыныбының үлгілісі бола білген. Жоғары сыныпқа өткен кезде биология, физика, химия, география сияқты жаңа пәндер қосылып, қоршаған әлемнің заңдарын зерделей бастаған кезде, жаратылыстану-математика ғылымдарына деген қызығушылығы пайда болған. Мектептегі әрбір пәнді, әсіресе физика, математика, биология, информатика және химия пәндерін ерекше зейінмен оқыды. Жоғарғы сыныпқа көшкен кезде мектептің Премьер-министрі атанып, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру мен оларды жүргізуді өз жауапкершілігіне алып, мектепті гүлдендіруге ат салысты. Өзі сүйіп оқитын математика және физика пәндері бойынша түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарына қатысып, аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде жеңімпаз атанды. Өзіне қызықты биологиялық тәжірибелер жүргізіп, ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханынан 7.0 баллын алып C1, яғни еркін сөйлеу деңгейіне жетті.
Айта кетейік, елімізде 2024 жылғы ҰБТ-ның аралық қорытындысы жарияланды. Осыған сәйкес, талапкерлер 211 мың рет тестілеуден өткен. Өңірлер бойынша ең көп қатысушы Алматы қаласында, ең азы Ұлытау облысында тіркелді. Ұлттық тестілеу орталығы келтірген мәліметке сәйкес, биыл ҰБТ-ны талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орысша, 171 адам ағылшын тілінде тапсырған. Шекті балды 76 пайызға жуығы жинаған. Орташа балл – 68. Ең жоғары балл – 138. Тағы 8 адам 137 балл жинағаны белгілі. Бұдан бөлек, тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 267 талапкер тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылды. Тағы 120 адам аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылған.
Зорагүл Әбдіқадір