31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қазақ халқына қайғы әкелген сол бір қиын-қыстау заманда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге отырғызылып, аяусыз атылды, туған жерінен айдалып кете барды. Ұлтын сүйген азаматтар тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1927-1953 жылдар аралығында қазақ жерінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары бар.
Тарихтағы бұл қаралы күн 1997 жылдан бастап аталып өтеді. Саяси репрессия КСРО республикаларында 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды. Ең ірі лагерь – АЛЖИР, бұл жерде «отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері мен балалары қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері жалпы 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.
Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған.
Сол жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
ҚР ҰҒА корреспендент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың «Adyrna» порталына жариялаған «Алаш автономиясы — тәуелсіздігіміздің тарихи тамыры мен тұғыры» атты мақаласында мынадай деректер берілген: 1905 жылдан бастап Қарқаралы петициясы арқылы, 1906-1907 жылдары Ресей империясы Мемлекеттік Думасының мінберлерінен Алаш көсемдері қазақ халқын әлеуметік-экономикалық, саяси коллапстан қорғау үшін әртүрлі әрекеттер жасады. Тіпті, 1909 жылы екі рет Ресей империясының депутаты болып сайланған, қазір сүйегі Омбы облысында жатқан, атақты Шәймерден Қосшұғылұлы Осман империясының патшасы Сұлтан Абд ал-Хамидпен 1909 жылы кездесіп, қазаққа жәрдем сұрағаны да тарихта болған оқиға. Қазақ қоғамында зиялылар енгізген күрес құралы ретінде үгіт-насихат қызметінің өмірге келуі орыс-жапон соғысында (1904 ж.) орыс әскерінің жеңіліс табуымен, сондай-ақ 1905 жылғы революциялық қозғалыстың күш алуымен бір мезгілде жүрді. Жапондармен соғыста орыс әскерінің жеңіліс табуы қазақ қоғамында орыс билігінің қадірінің түсуіне алып келсе, патшаның 1905 жылы 18 ақпан қаулысы мен 17 қазанда Ресей азаматтарына өз пікірін білдіруіне байланысты саяси құқық сыйлайтындығы туралы манифестке қол қоюы ұлт оқығандары арасында толқу туғызып, үміт отын жаққандай болды. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған деген дерек айтылады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Содан бері өте көп мұрағаттық қылмыстық іс зерттелді. 31-мамыр күнін біз жыл сайын атап өтеміз. Осы зұлматты бастан өткерген отбасы ұрпақтары Талғар ауданының Жаңалық ауылында қаралы митингке жиналып, құрбандарды еске алады.Онда НКВД қолымен атылған 3 мыңнан астам адам жерленген. 1990 жылы бұл жерге тас белгі қойылса, 2002 жылы ескерткіш орнатылды.
Кеңес заманында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны болғанын айтуға тиіспіз. Әрине, ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30-шы жылдары орын алды. Ол тарихта Ұлы жұт – ашаршылық жылдары деген атпен аталады. Бірақ сонымен бірге 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да ұмытпаған жөн болар. Қазақ даласының етегіне сор боп жабысқан ашашырлық, нәубет жылдары халқымызы кенедей қырып кетті. Жалпы ақпаратқа сүйенер болсақ ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмған еді. Ал індеттен аман қалғандары тау кезіп, шекара асып босып, тозып кетті. Үкіметтің лаң қып салған қатал заңының озбырлығы сол 1933 жылға дейін қазақ даласында болған 40 миллион малдың 1933 жылдан кейін 15 миллионы ғана қалды. Ал 1929 жылғы аштықтың салдарынан 123 300 000 дихан шаруашылығының саны 1936-1937 жылдары 56 500 болып қалған. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңына сәйкес қуғын-сүргіндерге ұшырағандар жаппай ақталды, қазақ қайраткерлерінің есімдері халқына қайтарылды. Сонда да халқымыздың басынан өткен қасіретін халық жадынан ешкім өшіре алмас. Бұл біздің Отанымыздың тарихындағы өзекті мәселе.
Материалды дайындаған
Зорагүл Әбдіқадір