Балаларымыздың өмірін сақтайық!

Балаларымыздың өмірін сақтайық!

Талғар ауданы Бесқайнар ауылы № 20 орта мектебінде балаларды қорғау күніне орай ата- аналармен бірлескен баспа­сөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиналыста директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлыға Қажыкенқызы балаларды қорғау қоғамның басты міндеті екені туралы кеңінен түсіндіріп өтті.

«Балаларымыз-еліміздің болашағы, өміріміздің жалғасы, біздің ең қымбат адамдарымыз болғандықтан, оларды қорғау әркімнің міндеті болып табылады. «Бала – бауыр етің» деген сөзді жиі қолданамыз. Өйткені өзегіңді жарып шығып, ұйыған қаннан ұядағы балапанға айналған құлыншақтың құдіреті адамның ет жүрегін елжіретіп, жүзіңе қуаныш, жүрегіңе жұбаныш сыйлайтыны анық. Баяғыда бір анадан «Қай балаңды қатты жақсы көресің?» деп сұрағанда: «Ауырған баламды жазылғанша, шығып кеткен баламды оралғанша, кіші баламды өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін» деген екен.Балаларды оқыс оқиғалардан қорғаудың басты жолы-әрқашанда балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және осы ережелерді сақтамау салдары қандай болуы мүмкін екендігін айту. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төмендегідей қауіпсіздік ережелерін сақтауларын ата-аналардан сұраймыз:
Үйде мектеп жасына дейінгі балалар болса, электр құралдарын, сымдарын балалардың қолы жетпейтіндей жерде орналастыру;
Электр құралдарын, әсіресе ұялы телефон зарядкасын тоққа қосулы қалдырмау, себебі кішкентай балалар аузына салып, тоққа түсуі мүмкін;
Кішкентай балаларды үйде жалғыз үлкендердің қарауынсыз қалдырмау;
Балаларға қауіпті электр құралдарымен, газ приборларымен жұмыс істеуге тыйым салу; Кішкене балаларға сіреңке, от жағуға рұқсат бермеу;
Үйдегі жиһаздарды құламайтындай берік орнату;
Көп қабатты үйлерде балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін, терезелерге балалар өздері аша алмайтын бөгдеулер орнатыңыз;
Балаларға үйден шыққанда, қайда кеткенін, кімге кеткенін және не үшін кеткенін ата-анаға ескерту керектігін балаларыңызға айтып отырсаңыздар;
Жоғарыда көрсетілген қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етілуіне үлкен үлес қосасыздар», – деді ұстаз.
Мектептегі ата аналар комитетінің төрайымы Успанова Гулнар қандай болғанда да, әңгімелесушінің жасына қарамастан, әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас және коммуникация этикасын сақтау қажет екенін, баланың қауіпсіздігі үшін ата-ананың өздерінің шара қабылдауы маңызды екенін түсіндірді. Мысалы, тыйым салынған контент пен күмәнді қосымшаларды бұғаттайтын, экран уақытын шектейтін бағдарламалық жасақтаманы, антивирустық бағдарламаларды, сенімді компаниялардың қосымшаларын орнатуға болатыны туралы айтылды. Балалар – біздің айнамыз. Балаларымыздың періште пәк көңілін, ақ ниетін сақтайық.

Қ. Иисова
№20 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары