Елімізде 8 сәуір күні басталған табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мәресіне жетті. Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл науқан – тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар іс шара.
Талғар ауданының елдімекендерін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру айлықтарын өткізу барысы бойынша аудан аумағында көптеген жұмыстар атқарылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» апталықтары аясында өткен тазалық шаралары нәтижесінде 2024 жылдың бірінші тоқсанында алты сенбілік және Наурыз мерекесі қарсаңында ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға аудандық бөлімдер мен Талғар қаласы және ауылдық округ әкімдігі аппараттарының қызметкерлрі мен қоғамдық қызметкерлер, еріктілер, тұрғындар, коммуналдық қызмет ұйымдарының өкілдері қатысты. Осы шаралар аясында санитарлық тазартуға барлығы 9235 адам қатысып, 530 тонна қоқыс шығарылды, 39 шақырым арық желісі тазартылды, 7 апаттық полигон жойылып, 10241 көшет отырғызылды.
Сонымен қатар 6-12 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытынды «Мөлдір бұлақ» апталығында Талғар ауданында өзендер мен көлдердің жағасын қоқыстан тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Шараға Талғар ауданының әкімі
Т. Айдарбеков және еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Аталған акция басталғалы аудан аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2027 тұрғын аумақтар мен аулаларды тазалауға, тарихи-мәдени орындар мен ескерткіш орындарын абаттандыруға, ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты. Қаладағы Бөкеев сынды бірнеше көше және Талғар өзенінің жағалауы тазартылды. Жалпы апталық барысында 81 мекеме қызметкері белсенді атсалысып, 63 тонна қоқыс шығарылды.
Бұл игі шарада ауданымыздың жастары мен еріктілері ерекше белсенділігімен көзге түсті. Олар әр кезең сайын өздерінің нағыз өнегелі ұрпақ екендерін байқатты. «Ардагерді ардақтайық» акциясы бойынша 12 сәуір күні Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ардагерді ардақтайық» атты акция өтті. Шараға қатысқан Талғар жоғары медициналық колледжінің студенттері қаламызда тұратын ҰОС ардагері Легостаев Федор Вячеславовичтің үйінде болып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Ардагердің отбасы жастарға алғысын білдіріп, батасын берді. Белсенді жастар «Нұр» балалар үйінде «Балаларға қуаныш сыйла» мерекелік концерт өткізді. Концертке Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының мамандары Әсемай Тұрарова, Қонаев қаласының еріктілер тобы, «Kausar bulaq» мүгедек балалардың қоғамдық бірлестігінің өкілднрі, «VECTOR» жастар одағы қатысты. Ал «Хорезм» би тобы шараға шырай берді.
Бесқайнар ауылдық округінде «Жаны жайсаң қария» атты акция өтті. Көңілі кең Ұлжалғас Қылышбекова хал-жағдайын сұраған жастарға ризашылығын білдірді. Кең пейілді кейуана жастарға өз қолынан жасаған қазақы оюларын, көздің жауын алатын құрақ көрпелер, бөстектерін көрсетіп, ұлттық құндылықы сақтаудың маңызы туралы айтып берді.
Аталған акция ауданымыздағы барлық ауылдық округте жалғасты. Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ерікұлының қолдауымен өткен «Қайырымдылық- жылы жүректен» акциясы шеңберінде округ жастары Жалғамыс ауылындағы жалғызбасты ана Валентина Сергеевнаға қыстық отын жеткізді. Нұра ауылының жастары да осы ауылдағы еңбек ардагері Күлшай Малдыбаева апамызыдың хал-жағдайын сұрап, медициналық тексерістен өткізді. Игі іс «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да жалғасын тапты. Мекеме ауласына тазалық жұмыстарын жүргізген жастар балалар алаңы мен орындықтарын сырлады. Бұл шарада Талғар жоғары медициналық колледжінің волонтерлері айырықша көзге түсті.
30 сәуір күні Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысының ұйымдастыруымен №26 орта мектепте «Ардагерді ардақтайық» атты науқан өткізілді. Жас ұрпаққа үлкенді сыйлау, ата-тегін білу арқылы болашаққа нық сеніммен қарауды түсіндіру мақсатында өткен шараға мектеп оқушылары қатысты. Мәжіліс депутаты Жасұлан Айтқалиев және жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызы Алатау ауылдық округі Алмалық ауылында орналасқан қарттар пансионатында «Қарттарым — асыл қазынам» атты кездесу өткізді. Кездесу барысында қарттардың жағдайын біліп, жеміс-жидектер табысталды. Сонымен қатар Байбұлақ ауылында тұратын ардагер Бахыт Айдаровтың ауласына тазалық жұмысы жүргізілді. Қызылқ-Қайрат ауылындағы зират маңы тазартылды. Аталған шара Бесағаш ауылында да өтті. Ауыл жастары Бесағаш ауылында тұратын Семей полигоны ардагері Турлин Аитуаров атты қарияға көмек қолын созды. Қайырымды жастарға алғысын білдіріген ардагер «Ел ертеңі үшін еңбек етер азамат болыңдар», – деп ақ батасын берді. Белбұлақ, Кеңдала, Панфилов, Өстемір ауылдық округінің еріктілері «Қарттарымыз асыл — қазынамыз» акциясын ұйымдастырып, ауылда тұратын қарт ардагер, жалғыз басты аналардың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, хал-жағдайын сұрап қайтты. «Ақ ниет» Талғар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесінде Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы және Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының мамандары мен волонтерлардың қатысуымен ағаш отырғызылды.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек екені шындық. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат.
Зорагүл Әбдіқадір