«Қаралы қағаз» келген әкем туралы Естелік

«Қаралы қағаз» келген әкем туралы Естелік

1941 жылы соғысқа кеткен әке соңынан жәудіреп жетімдер, аңырап аналар қалды, солардың бірі мен – Базаркүл Калиева.

1941 жылдың 9 желтоқсанында әкем майданға аттанғанда мен 1 қарашада дүниеге келіп, қырқымнан да шықпай қалыппын. Әкемнің бейнесін ескілеу фотосуреттен ғана көріп таныдым. Анам қолына қара қағаз тиіп, қолында шырылдаған үш баласымен жас жесір болып қала беріпті. Өмірдің небір қиын жылдарын бастан кешірдік.
Анамның айтуынша, әкем соғысқа кетерінде мені бір искеп, бір сүйіп, көрем бе, көрмеймін бе деп аттанған екен. Есейе келе майданнан оралмаған әкемнің бейнесін естен шығара алмадым.
Анам Жанабаева Булдым үш баламен 29 жасында жесір қалды. Алды Айгуль 1936 жылы дүниеге келсе, екіншісі Абдибаев Адил 1939 жылы туылған.Ең кішісі мен Базаркүл, қазір немере, шөбере сүйіп отырмыз. Зейнеткерлікке шыққан соң әке алдындағы перзенттік парызымды өтемек болып, әкемді іздей бастадым. 2011 жылы әкемнің жерленген жерін таптым. Өкінішке орай, ол кезде анам өмірде жоқ еді.
Менің әкем Жанабаев Абдибай Ресейдің Смоленск облысы, Ярцево қаласының, «Яковлево» деревнясында жерленіп, «Бауырластар» зиратында Жанабаев Абдибай деп жазылыпты. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне байланысты әкемнің жерленген жеріне барып қайттым. Осы алыс сапарға апарған жалғыз бауырымның қызы Айжан болды. Бұл сапарға бару үшін Президентіміз 208 мың тенге, аудан депутаты Арман Раханов 30 мың тенге ақшалай қаражат көмек берді, барлықтарына көп рахмет!
Әкемнің зиратта жазылған фамилиясын көріп, жүрегім толқып, қос-жанарыма толған өксігімді тыйа алмадым. Іштей дуға қылып, аруағына басымды иіп, әкемнің немересімен қатты жыладық. Гүл шоқтарын қойып, топырақ алып, анамның бейітіне әкеп, құран оқыдым.


Ярцево қаласының телеарнасы жан-жақтан келген қонақтарды түсіріп, әсіресе бізге ерекше көңіл бөліп, Қазақстаннан келген қонақтар деп сөз берді. Біз «дискіге» жазып алған түсірілімді үйде жанұямызбен көріп, тағы жыладық.
Ярцево қаласының әкімшілігі, әскери комитет қызметкерлері бізді жақсы қарсы алып, қаланы аралатты. Біз оларға ақ дастархан жайып, әкемізді бірге еске алдық. Сөйтіп қазақ халқының кеңпейіл дастарханын, мейірімділігін көрсеттік. Олар да таңқалысып, ризашылықтарын білдірді.
Анамнан естуімше, әкем Отан үшін, ел үшін, болашақ ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін жанын пида еткен. Екі рет аяғынан жарақат алып, госпитальға түсіп, қайтадан соғысқа аттанған. 31.03.1943 жылы шайқас алаңында қайтыс болыпты. Мен үшін әкем ерлік көрсеткен батыр азамат. Сол кезде «боевые ранения» алған азаматтарға «міндетті марапат» болу керек екен, бірақ командирлердің олқылықтарынан лайықты марапатын ала алмаған . Менің әкем Белбұлақ ауылдық округі Талдыбұлақ ауылынан соғысқа аттанған еді. Әкемнің сүйегі табылғаннан кейін әкеме осы ауылда бір көше атын беруді сұрап, арыз жаздым. Арманым орындалып, 2023 жылы наурыз айында көше аты берілді. Бұл әкеме деген сый-құрмет! «Әкеден ұл қалса оты өшпейді, қызы қалса, аты өшпейді» дегендей, қазір жалғыз ұлы, Абдибаев Адил Талдыбұлақ ауылының Нұржұма көшесінде қара шаңырақтың отын өшірмей түтінін түтетіп отыр. Биыл 85 жасқа толады, немере, шөбере сүйіп отырған жайы бар.
Мен, Базаркүл Абдибайқызы, әкеме көше аты берілгеніне қуаныш пен ризашылығымды білдіремін. Сол сұрапыл соғыс жылдары көрмеген қасіретіміз жоқ, жетім-жесір болып күн кештік. Қазір менің жасым 83-те, қатарымыз сиреп барады. Соғыс жылдары туылған біздерге үкімет жеңілдіктер қарастырып, зейнетақымызды өсірсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойымды да айта кеткім келеді.Енді мұңдай соғыс болмасын! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, бейбіт өмір сүрейік!

Базаркүл Калиева
Бесағаш ауылының тұрғыны