«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы «Жасыл аймақ» деп аталды. Талғар ауданы Жаңалық ауылында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен осы ағаш егу науқаны өтті. «Саяси қуғын-cүргін құрбандары» мұражайы аумағында Талғар ауданындағы 100 отбасы «Отбасылық ағаш отырғыз» экочелленджіні бастады. Басты мақсат– өскелең ұрпақтың бойында патритоттық сезімді қалыптастырып, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды нығайту. Қоғамдық бірлестік мүшелері, этномәдени орталықтардың өкілдері, мектеп ұстаздары, мәдениет қызметкерлері қатысты. Жиналғандар сенбілікке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, 500 түп ақ қайың және 10 түп шырша егілді.
Шара басында сөз алған облыс әкімі М.Сұлтанғазиев бүкіл ел көлемінде атқарылып жатқан науқанның маңызына тоқтала келе: «Алматы облысында 105-тен астам ұлт өкілдері тұрады. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, аталған шараны жыл сайын өткізілетін дәстүрге айналдыру керек. Бұл науқан ауыз біршілігіміз мен бірлігімізді көрсететін маңызды сәт. Шараның Жаңалық ауылындағы саси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында өтуінің өзіндік маңызы бар. Аласапран жылдары ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен жандардың ескерткішінің маңы жасыл желекке айналса, мұнда бас сұғатындардың қарасы көбейеді деген ойдамын. Ағаш отырғызудың ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Келер ұрпаққа желегі жайқалған, экологиялық таза орта қалдыру біздің қасиетті борышымыз!» – деп атап өтті. Сонымен қатар сенбілікке қатысқан халыққа ризашылығын білдірді. Отбасы мүшелерімен бірге ағаш отырғызған этномәдени орталықтардың басшылары ҚР президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының делегаттарының құрамында болған. «Әрқашан ешнәрсе адамды бірлескен жұмыс сияқты жақындастырмайды» деп айтылатын. Бүгінгі акция бұған дәлел. Әр халықтың бай мәдениеті бар, онда ұрпақтан-ұрпаққа дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар беріледі, бірақ олардың барлығын бейбітшілікте, келісім мен бірлікте өмір сүруге деген ұмтылыс біріктіреді»,– деді Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Гамзе Гейдаров.
Қолына күрек алып, ағаш отырғызған әкіммен бірге белгіленген жерге ақ қайың, шырша сынды ағаштарды еккен жұртшылық арасында үлгілі отбасларды да бар. Солардың бірі Жаңалық ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы №37 мектептің 1-сынып оқушысы Жанарыс Сәрсенбай. Ол ата-анасымен бірге келіпті. Өз ағашымды отырғызу үшін келдім деген Жанарыс бос уақыты болғанда өзі отырғызған ағашын баптауға келіп тұратынын айтты. Жанарыстың анасы Айман Сәрсембаева ағаш пен баланы баптаудың қағидасы ортақ екенін айтады. «Баланы бастан …» деген мақалды тілге тиек еткен ана бала қайың да баладай баптау мен жиі көңіл бөлумен жайқалып өседі дейді. №37 мектептен айтулы шараға атсалысқан 15 ұстаз экологиялық тепе- теңдікті ұстап тұру үшін ағаштың маңызы зор екенін жеткізді.
Игі шараға қатысқан облыс әкімі: «Бүгін республика бойынша жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының үшінші аптасы. Шараға қарапайым халық та белсене қатысуда. Жалпы акция Алматы облысының тұрғындары жағынан қолдау тапты. Өткенде ғана 340 мың оқушы түрлі ағаштың дәнін егіп, табиғат жанашыры екендерін дәлелдеді. Бұл шараның мақсаты тек экологиялық мәселені шешу ғана емес, идеологиялық маңызы да басым. Себебі бұл бастама барлық ұлт өкілдерін ортақ шаңырағы Қазақстанды гүлдендіру жолында береке-бірлік пен татулыққа шақырары сөзсіз. Аталған акция осы аймен аяқталмайды. Біздің әдетімізге айналуы керек. Егілген ағаштарды күтіп-баптауды да назардан тыс қалдырмаймыз. Әркім өзі отырғызған ағашты жайқалтуға жауапты», – деп атап өтті.
Игі шарада Талғар ауданының бетке ұстар азаматары да бой көрсеттті. Солардың бірі Қазақстандық ауыр атлет Жасұлан Қыдырбай президентіміздің бастамасын өз отбасында бастағанын айтады. Қазақ халқының азаттығы жолында қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың сүйегі жатқан қасиетті мекен қашанда жап-жасыл болып жайқалып тұруы керек деп есептейді. Сондай-ақ мұнда алғаш рет аяқ бастым деген ол: «Иманнның басты белгісі – тазалық» деген сөз бар. Берекесі бекем, ұлтын сүйген ұл екенімізді іспен дәлелдеуіміз керек. Бұл бастаманы отбасымыз болып, көршілерді ұйымдастырып көшеміздің тазартумен бастадық. Ал бүгін мұнда келуімнің маңызы зор. Үнемі жол түсе бермейтін мекенге табан тірегеніме қуаныштымын. Мұражайды аралап, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ананың аянышты бейнесін көріп жаным түршікті. Бүгініме шүкірлік еттім. Сондай зұлмат заман келмесе екен деп іштей дұға еттім. Құрбандарға арнап құран бағыштап, арқамнан жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Бастысы еліміз аман, жеріміз тыныш болып мемлекетімізді гүлдендіру жолында еңбек ете берейік!» – деген ойымен бөлісті.
Қазақта ежелден табиғатты аялауға, жақсы көруге үлкен мән беріледі. Сол үшін де атадан балаға жалғасқан игі іс халық арасында өз құндылығын жоғалтқан емес. Дәстүрін діңгек еткен дана халқымыз көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға атсалысып, тал отырғызуда белсенділік танытады. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба қойған жоқ. Ағаш ауаны тазартумен қатар оны реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді.
Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұратын да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлығын сақтайды, дауылдың екпінін азайтады. Қысқасы, бесік, табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейінгі игілікке жарайды.
Айта кетейік, Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы одан әрі жалғасады. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтуде. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталып, тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өз үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық шараларын жүргізді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктелді. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады. Әрбір адам тазалық – денсаулық кепілі екенінін естен шығармай, қаламыздың көркейе түсуіне белсене атсалысайық, ағайын!
Зорагүл Әбдіқадір