Ассамблеяның басты мақсаты — еліміздегі барлық этностарды рухани тұрғыда қолдау

Ассамблеяның басты мақсаты — еліміздегі  барлық этностарды рухани тұрғыда қолдау

Талғар аудандық КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» ҚХА жанында Аналар, Ақсақалдар, Жастар Ассамблеясы, журналистер клубы жұмыс істейді. КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығының» негізгі міндеті – азаматтық ұстаным негізінде қоғамдық институттар мен саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, басқа да бірлестіктерді қазақстандық бірлік пен бірегейлік идеясы төңірегіне топтастыру.

КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» қызметі жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында патриотизмге тәрбиелеудің біртұтас жүйесін құру болып табылады. Тұрмыстық, қылмыстық және басқа да оқиғалардың дер кезінде себебін анықтап, олардың этносаралық шиеленіс ошақтарына айналып кетпеуі үшін алдын алу шараларын қабылдайды.
Бүгінде ауданымызда 53-ке жуық этнос өкілдері тұрады. Ауданда 5 этномәдени бірлестігі бар. Олардың ішінде ұйғыр, беларус, грек, кәріс, түрік этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Олар Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде тату-тәтті, бір шаңырақ астында, өзара татулықта өмір сүріп келеді. Тіпті атамекеніне оралуды да ойламай, балаларын қазақ мектептеріне беріп, өзара құда болып, дәстүрімізді сақтап, сіңісіп кетуде.
Ұйымның атқарып жатқан істері айтарлықтай. Ағымдағы жылдың І-тоқсанында «4 қайырымды көмек» акциясы ұйымдастырылып, 270 адамды қамтыды. 31 отбасыға азық-түлік қайырымдылық көмегі көрсетіліп,1 млн 432 500 теңге қаражат жұмсалды. Алғыс айту күніне орай, аудандық және округтік әкімдіктерде әкім қабылдаулары ұйымдастырылды. ҚХА жанындағы Аналар кеңесі белсенділік танытып, аудан мектептерінде «Құрт жасау» мастер кластарын, «Тұмардың маңызы» жайлы кездесулер өткізді. Сонымен қатар, ҚХА жанындағы Жастар Ассамблеясы жастар арасында «Алғысым шексіз» атты челлендж өткізді.
Славян ұлттарының дәстүрлі мерекесі «Масленница» мерекесіне орай, «Журавінка» белорус этномәдени орталығы мереке өткізді.Аталған іс-шараға жастар, студенттер, оқушылар қатысты.
Талғар ауданының тұрғындары Наурыз мерекесін дүркіретіп тойлады. Мереке 500 домбырашының «Ерке сылқым» күйін шертуімен басталды.
Аудан әкімінің мерекеге арналған құттықтаулары, этномәдени орталық жетекшілерінің ұйымдастырған іс-шараларымен жалғасып, әлеуметтік желіде орналастырылды.
Нұра ауылдық округінің Аналар кеңесімен «Ана-медиатор» атты дөңгелек үстел өткізілді. Бұл шарада аналардың қоғамдағы орны, әйел мәдениеті, отбасы құндылығы жайлы ой өрбіді. Кездесуге округ әкімдігінің қызметкерлері, учаскелік полиция қызметкерлері, аналар, жас отбасылар, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
Осы орайда аудан көлемінде «Жүректен жүрекке», «Біз біргеміз» сияқты бірнеше қайырымдылық акциялары өткізіліп, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық және ақшалай көмек көрсетілді. Мысалы, ұйғыр ЭМБ 5,5 млн көлемінде көмек көрсетті. Ал түрік этномәдени бірлестігі бір күнде 460 мың теңге жіберіп отыр, әлі де көмек көрсету ары қарай жалғаспақ.
Аудан көлемінде барлық өңірдегі КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» бөлімшелері, мүше өкілдері бір атаның баласындай болып, акцияға атсалысты. Нәтижесінде аудан бойынша өткен акциялардың арқасында біраз адам киім-кешек, гигиеналық заттар, азық-түлікпен қамтылды. Ешқандай қайырымдылық қорына иек артпайтын, азаматтық қоғамның парызындай, неше жылдан бері дәстүрге айналған бұл қайырымдылық шаралар бүгінде өз мақсатын толықтай орындап отыр. Демек «Қоғамдық келісім және даму орталығы» артылған қай міндет болмасын, ауданымыздың біртұтастығына ықпал етіп отыр деуге болады. Атқарылған іс-шаралардың барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Жалпы Қазақстан Халқы ассамблеясының және КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығының» негізгі қағидалары көпұлтты біріктіруге, бірлесіп қызмет етуді көздейді.
Қазақстан Халқы ассамблеясы және КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» халықтың біртұтастығын сақтауда, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлтты бірлікке шақыруда, бір шаңырақ астында тату-тәтті ұйыстыруда бірегей модель аталған институт. Ол қызметі мен атқарып жатқан жұмысы бір-біріне ұқсамайтын, алайда қоғамымыз үшін аса маңызды көптеген кеңестер мен орталықтарды, этномәдени бірлестіктерді біріктіріп отыр. Қазақстан өз егемендігіне қол жеткізгеннен кейін, өмірлік маңызы бар этносаралық қатынастарды реттеу мәселесін алдыңғы қатарға шығарды.
Қазақстан Халқы ассамблеясының және КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» бүгінгі жетістіктері – оның құрылудағы алға қойған мақсаттарымен тікелей байланысты. Ассамблеяның басты мақсаты – еліміздегі барлық этностарды рухани тұрғыда қолдау.
Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Еліміздің татулығы – басты құндылығымыз. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін сабырлылық сақтауымыз керек.
Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай беруіміз керек. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келе жатқанын көріп отырмыз. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Президент сессияда сөйлеген сөзінде: «Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз»,– деп атап көрсетті.
Халқымыз алға қойылған міндеттер мен бағыттарды іске асыруда алда да аянбай еңбек ететініне сенімдімін.

Жұмағыз Бутабаева
«Қоғамдық келісім және даму орталығының» КММ
Талғар аудандық филиалының жетекшісі