Тереңқара ауылында қараңғыда өмір сүріп жатқан халық бар

Тереңқара ауылында қараңғыда  өмір сүріп жатқан халық бар

Жуырда Қайнар ауылдық округіне қарасты Еламан ауылында мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға «Талғар су» мекемесі, «Мансап» орталығы, «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы» мекемесі, Қайнар ауылдық округінің әкімі, Алматы облыстық мәслихат депутаттары, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас мамандары, электр торабы мекемесінің бас инженері, Талғар аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас мамандары қатысты.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында өткен мобильді қоғамдық қабылдауларда 236 азаматтан өтініш түссе, оның 108-і, яғни 46 пайызы қанағаттандырылды. Осы жылы жоспарға сәйкес 20 қабылдау ұйымдастырылмақ. Жол ұзақтығына байланысты шалғайда орналасқан халық партияның аудандық немесе облыстық филиалына үнемі келе бермейді. Сондықтан тұрғындардың түйткілді мәселелерін алға тартып келуін күтіп отырмай ел аралап, олардың мұң-мұқтажын тыңдау үшін «Аманат» партиясының өкілдері жолға шыққан. Еламан ауылына ат басын тіреген олар мұндағы халықтың жан айқайына құлақ түрді. Мұндай кездесулердің халыққа тиімділігі жоғары. Өйткені бұл мобильдік қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – шалғай елді мекендегі тұрғындардың өтініш-тілектерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу.
Еламан ауылындағы кездесуге келген халықтың қарасы қалың болды. Қайнар ауылдық округке қарасты Тереңқара, Жалғамыс, Алмарай, Сақтан сынды ауылдардың тұрғындары бұл кездесуге үлкен үміт артқан сыңайлы. «Аманат» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы Серік Думчибаевтың айтуынша, шалғай ауыл тұрғындары мәселелерін облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Сол себепті тұрғындардың түйінді мәселелерін жауапты мамандар өз көзімен көрген дұрыс. Бұл бір реттік акция емес, енді тұрақты түрде жалғасын табады. Тіпті шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін мүмкіндік берілмек. Билік пен халықтың ортасында көпір бола білген шара өткен жылы 18 рет ұйымдастырылса, осы жылы 20 рет кездесу жоспарланған. Сонымен қатар осы қабылдаудың арқасында өткен жылы 5000-нан артық өтініш түссе, оның 60 пайызының күрмеуі шешілген. Нақтырақ айтқанда өткен жылы осы қабылдау аясында Еламан ауылдағы автобус мәселесі оң шешімін тапқан.
Алдымен сөз алған Еламан ауылының тұрғындары ат-атауы жоқ көшелердің жағдайына шағымданды. Олардың айтуынша, 2010 жылдары жіңішке ағаш арқылы тартылған электр желілері құлау алдында. Жаңбырлы, желді күндері шіріген бағаналар құлауы мүмкін. 2007 жылдан бастап әкімдіктен берілген жерге тұрғындар өз шама-шарқынша ток тартып, жол салған. Жеке меншік иесінен электр жарығын алатын тұрғындар АЖК-ның қарамағына өткісі келеді. Алайда жауапты мамандардың жауабына сенсек, жекеменшікке тиесілі электр желілеріне мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбейді.
«Алатау жарық» компаниясының меншігіне өту үшін онда талапқа сай жағдай болу керек. Былай тартса, арба сынатын, алай тартса өгіз өлетін жағдайда қалған жұртшылықтың естіген жауабы көңіл көншітпеді. Жылдан-жылға үлкейіп келе жатқан ауылға бір үйде кем дегенде 3-4 баладан бар. Ауылдарға сапалы интернет, асфальт жол, сапалы ауыз су керек. Он жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе әлі күнге шешімін таппаған. Бізге дауыс берсең бәрін қатырамыз деген депутаттар уәдесінде тұрмаған. Аталған мәселе бойынша жауап берген ауылдық округ әкімі Нұрбол Есенбаев Еламан ауылындағы Күшік би, Ұмай ана, Жәмеңке, Жұмабай Жаақыпбаев, Жас қазақ, Мұқанов Оралхан Бөкейов, Дина Нұрпейісов сынды12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланғанын айтты. Аталған ауылдағы жалпы 22 көшенің өткен жылы 3-4-і жарықтандырылған. Алайда биылғы жоспарға кірмеген Жібек жолы көшесінің тұрғындары бұл шешімге наразы. Қалған көшелерге де біртіндеп жөндеу жүргізу үшін қажетті жұмыстар жасалады деген әкім ауылдағы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынына сендірді. Жайылым бойынша Еламан ауылында 406, Жалғамыс ауылында 60 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, Қайнар ауылдық округтің теңгеріміне өткен соң, ауыл халқына үлестірілмек.
Жалғамыстықтардың жанайқайы тым ауыр. Әлеуметтік желілерді жарып жүрген батпақ көшелердегі балалардың хәлі жан ауыртады. Ауыл тұрғыны Ринат Жанғожаевтың айтуынша көшелердің аты жазылған тақтайшалар жоқ. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, оқыс оқиға бола қалса, онда не жедел жәрдем не өрт сөндіру көлігі келе алмайды. Көше атына байланысты айтылатын мәселе аз емес. Ринат Жанғожаев тұратын көше Талғар көшесі деп жазылып тұрғанымен құжат бойынша Сүлейменова көшесі екен. Айдың күннің аманында адасқан жедел жәрдем көлігін тұрғындар өзі іздеп табуға тура келеді. Сүлейменова көшесінде диаметрі он сантиметрге жетпейтін электр бағаналары құлау алдында. Желді күні өрт шығу қаупі зор. Адамның мал-мүлкі ғана емес, өміріне қауіп төндіріп тұрған бағаналарды ескерген ешкім жоқ. Бұл ауылдың қоғамдық тәртібі де мәз емес. Нөмірсіз жүретін көліктің қарасы көбейген. Батпақ жолдардан мезі болған жұртшылық жаз бен көктемнің жаңбыры күндерінде аяқтарына целофан орап жүреді. Электр жарығының жетіспеуі, сапасыз ауыз су, қол созым жерде тұрғанымен қол жетпейтін көгілдір отын бәрі-бәрі кезек күттірмейтін мәселе.
Газетіміздің 2022 жылғы сандарының бірінде «Жалғамыстағы қаз поштаның хәлі мүшкіл» атты мақала жриялаған болатынбыз. Онда ауылдағы Қазпоштаның жайын айтып, бір өзгеріске себепкер болармыз деген ниетте болғанбыз. Алайда баяғы жартас сол жартас демекші, өзгерген ештеңе жоқ. Қазпошта акционерлік қоғамының мемлекет меншігінде емес екенін алға тарқан ауыл әкімі қолдан келер қайран жоқ деп отыр. Қайнар ауылдық округіне қарасты Тереңқара және Сақтан ауылының тұрғындары электр жарығын «Алатау жарық компаниясының» балансына өткізгісі келеді.
Тереңқара ауылы Шоссейная көшесінің тұрғыны Айгерім Нұрданова: «Тереңқара мен Сақтан ауылында ауыл мәртебесі болса да АЖК-ның қарамағына өте алмай тұр.
Қасымыздағы саяжайлар электр жарығының құнын АЖК-ға төлейді. Талғар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов 2024 жылы осы екі ауылдың электр жарығы АЖК-ның балансына өтеді деп кесіп айтқан болатын. Алайда әлі еш өзгеріс жоқ», – деді. Тереңқаралықтардың ауылдағы аурухана тым тар деген өкпесіне Қайнар ауылдық округі амбулаториясының меңгерушісі Баян Садыкова жауап берді. Оның айтуынша, ауылдан бөлмелері көп, жағдайы жақсы үй табылса халық қалағандай аурухананың орнын ауыстыруға болады. Ауырып қалса Жалғамысқа барып жансауғалаған ел шағын болса да жұмыс істеп тұрған аурухананың барына шүкір ету керек! Тереңқара ауылындағы Бөкеев Шәнгерей көшесінің тұрғындары 19-ші ғасырда өмір сүріп жатқандай. Себебі бұл көшеге жарық тартылмаған. 2014 жылы түскен көшеде 20 шақты отбасы бар. Күннің нұры арқылы қуатталатын құрылғы арқылы үйлерін жрықтандыратын тұрғындар қыс маусымында жаздың жаңбырлы, бұлтты күндері мүлдем қараң қаламыз деп ашынды. Сығырайған жарықпен кешкі астарын ішуге әрең үлгеретін ағайын теледидар көруді армандамайды. Елде болып жатқан жаңалықтардан бейхабар. Жаңа
Қазақстанда ескі заманды еске түсірген ауыл халқы қараңғылықтан құтылатын күнге асық. Сол шуақты күннің қашан келерін ешкім айта алмады…

Зорагүл Әбдіқадір