Тәуелсіз Қазақстанның шаңырағы көтерілгелі міне 32 жылдан асты. Егеменді ел болдық, еліміз өркениетті елдердің қатарына қосылды. Бұл игілікті істе соқпағы мол тағдыр тартысымен тарихтың үлкен өмір жолынан өткен ұлы бабаларыныздың артта қалдырған өсиеті ерекше деп айтамыз.
Тәуелсіздік қоғамымыздың басты байлығы десек, сол қоғамдығы адамдардың мүддесін құқығын қорғау, оларға әлеуметтік материалдық құрылымына жағдай жасау ардагерлер ұйымының негізгі өзекті жұмыстарының бірі болып табылады. Қоғамымызда ардагерлер ұйымының қоғам өміріндегі алатын орны ерекше. Себебі, ұйым ардагерлерінің мұң-мұқтажымен жағдайлары ұсыныс пікірлері, талап арыздары мен өтініштері және де олардың тыныс тіршіліктерін басты назарда ұстайды. Атап айтқанда, жылдық бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстар сараланып, сол жұмыстарда кеткен кемшіліктермен олқылықтар талқыланып, келешекте оң шешімін табуға мән берілді. Қабылданған іс-шаралар мен жоспарлар аудан әкімшілігімен келісіле отырып, аудан мен ауылдың әлеуметтік тіршілік жағдайларымен байланыстырылады.
Ардагерлер ұйымының басты назарындағы жұмысы – тұрмыс-тіршілігі төмен отбасыларға көмектесу. Округтегі болатын іс-шаралардан ауыл ардагерлер ұйымы назардан тыс қалған емес. Бабаларымыздың «Қариясы бар үйдің қазынасы бар», «Атаңнан бота қалғанша бата қалсын», «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «Өнеге жақсы болса өріс кеңейеді» деген қанатты сөздері дәлел. Өмірді көрген ақсақалы бар ел қашанда жөнсіздікпен жолсыздыққа бой ұрмасы анық. Елімізде «Болашаққа бағдар», «Рухани жаңғыру», «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат», «Ұлт болам десең бесігіңді түзе», «Атадан өсиет, анадан қасиет», «Ел болашағы жастар» атты бағдарламалар аясында танымдық іс-шаралар ауыл ақсақалдары мен әжелердің және жастардың қатысуымен өткізіліп тұрады.
Ұрпақты салауаттылыққа бейімдеу барысында «Дін – тәрбие діңгегі», «Тарихынды таны-тұлғанды құрметте» тақырыбында танымдық шаралар мектептер мен колледждерде жоспарлы түрде өтуде. 2023 жылы Алматы облысының ардагерлер ұйымы басшылығымен халқымыздың салт-дәстүрін жастарға насихаттау мақсатында облыс аудандардың арасында әр түрлі салада байқау ұйымдастырылды. Қазыналы қарттарымыздың арасында осы облыстық шараларға қатысып жүрген қарияларымыз да жоқ емес. Алматы облыстық «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ ауданында өткен «Қарттарым – асыл қазынам» атты көркемөнерпаздар фестивалінде ауданымыздың ардагерлер хоры I-ші орын алып, жеке дауыста ән салған Күляш Оразалиева алғыс хатпен марапатталды. Шахматтан Болатбек Тоқтасынов III орынға ие болса, Ахат Солтанқұлов дойбыдан II орын алды. Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы, Сұраншы батыр ауылдық мәдениет үйінде өткен «Баталы елге бақ қонар» атты облыстық байқауда жерлесіміз Бексұлтан Көлбаев II орын алды. Алматы облысы ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Іле ауданындағы Түймебаев ауылында өткен байқауға қатысқан Сайлау Есімжанұлы Панфилов ауылдық округінен зергерлік бұйымдар номинациясы бойынша көзге түсіп, алғыс хат пен сыйлық алды. Осындай аға буынның өнегелі істері ұрпақ үшін қашанда үлгі және мақтаныш.
Жалпы ақсақалдар ұйымының мүшелерінің ауданымыздың әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық өміріне қосқан үлестері мол. Оның ішінде ұрпақ тәрбиесінде, жастарға ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді насихаттауда жергілікті жерлерде ел бірлігі мен ынтымақтастығын қалыптастыруда атқарып жүрген жұмыстары қомақты. Көпті көріп, көңілге тоқыған қариялық пайымымды жас ұрпақтың зердесіне жеткізуге ұлттық сананы дамытып, заманға қарай жаңғыртсақ ел арасындағы бірлікпен ынтымақ тұғырын бекітеді. Аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестері аудандағы әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлердің жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Ауданымыздағы кәсіпкерлермен бірлесіп «Қайрымдылық керуені» акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қайрымдылық негізінде қатты отын түсіру, көмір беру, азық-түлікпен құрылыс материалдары, тұрмыстық заттармен көмек көрсетіп жүрген ауданымыздың азаматтары А. Магрупов, Ә.Байгудинов, Б.Жақсылықов, И.Жалғасов, К. Баймуханова , Д.Блац, Д.Пашенко, кәсіпкерлер А. Сасыков, Ш.Курбанов, И.Мүсеев, С.Уалиев, С.Оразбаева Бейбарыс, А. Есболат, Р. Исабаев, М. Мұқашов, К.Ким, М.Мирасбекұлы, Е.Сазанбек, Е.Садуақасов, М. Жамашова, Н.Насипов т.б. қайырымдылық шараларына үлес қосқан жаны жәйсан жандарға алғысымыз шексіз. Бұлардан басқа аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 92 жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге қарайтын 15 әлеуметтік қызметкер тұрақты көмек көрсетіп, олардың мұң-мұқтаждарын шешіп отырады. Жыл сайын колледждің студенттерінің көмегімен қариялардың отының бұтап, қарын күреп беру ұйымдастырылады. Бұл да аға буынға жасалған үлкен құрмет. Ауданда қасиетті ораза айында жыл сайын бастауыш ардагерлер ұйымдары тұрғындарға ауызашар ұйымдастырып халықтың ризашылығына бөленуде. Дәл осындай ауыз ашарды «Дәулет» мейрамханасында 130 адамға аудан әкімі Таңат Есенгелдіұлы берді. Сондай-ақ ардагерлер ұйымдары тарапынан мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын бұқара арасында насихаттауға атсалысуда. Сонымен қатар елімізде өткізілген референдумда ел Президентінің және парламент депутаттарының сайлауында жергілікті сайлауларда болсын бірауыздан үгіт-насихаттарын жүргізіп, бар күш жігерлерін жұмсап, сайлаудың әділ өтуіне үлестерін қосып жүр.
Өткен жылда атқарылған іс- шаралар аз емес. Аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшілігімен 15 ақпан Интернационалист жауынгерлерді еске алу күні жеңіс саябағында Ауған соғыс ардагерлері гүл шоқтарын қойып митинг өткізді. Әкімшілік залында оларға сый-сияпат тапсырылды. Аудандық мәжіліс залында 1 — наурызда «Алғыс айту» күніне орай аудан әкімінің орынбасары Айбек Дүйсенбекұлының ұйымдастыруымен ішкі саясат, мәдениет, спорт, тіл бөлімдері қызметкерлері ардагерлер төрағалары, этно-мәдени орталықтарының қатысуымен іс-шара өтіп, біраз адамдарға әкімнің алғыс хаты берілді.
Халқаралық әйелдер күніне үлкен іс-шара аудан әкімінің қатысуымен Тұздыбастау ауылының мәдениет үйінде өтті. Т.Айдарбеков ауданымыздың әр салада дамуына үлкен үлес қосқан бір топ қыз-келіншектерге, көп балалы аналарға, алтын алқа, күміс алқа медальдарын табыстады. Наурыз мейрамында 23 қазақ үй тігілді. Әкімнің құттықтау сөзінен кейін ардагерлер концерттік бағдарламаларды, этномәдени орталықтардың көрмелерін тамашалады. Ардагерлерге арналған бір қазақ үйде наурыз көже ішіліп, ақ баталар берілді.
50 пайыздық жеңілдікпен Ақ-бұлақ шипажайында 11 тыл ардагері 10 күн демалып қайтты. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 36-жыл толуына орай Талғар қаласындағы №49 орта мектептің спорт залында тоғызқұмалақтан Алматы облысының ардагерлер арасында жарыс өтті. I-ші орынды Сайлау Енсебаев ақсақалымыз алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамотамен, сыйлықтармен марапатталды.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде әкімнің қатысуымен іс-шара өтті. Концерт қойылып, бірқатар ардагер әкімнің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Отан қорғаушылар күні Ауған соғысы және басқа жерлерде бітімгершілік топтарда қызмет еткендер шақырылып, құрмет көрсетілді. Ұлы жеңістің 78 жылдығына орай ардагерлер ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Талғар ауданының әкімімен оқушылар, ауған соғысының ардагерлері 100 жасқа толған соғыс ардагері Легостаев Вячеслав Федоровичтің үйіне барып, жеңіс күнімен құттықтап қайтты. Талғар ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері, Талғар қаласында ең алғашқы классикалық күресті ұйымдастырған Анатолий Никифоровтың рухына арналған жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен жарыс өтті.Саяси қуғын — сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Жаңалық ауылындағы мұражайға ардагерлерімізбен барып гүл шоқтарын қойып, марқұмдардың рухына тағзым жасап қайттық.Аудандық ардагерлер ұйымы және бұхаралық спорт басшыларымен бірге Республикалық спорт күніне орай Талғар қаласы жеңіс саябағында тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан жарыс өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және сыйлықтар берілді.Талдықорған облысы Жанаталап ауылында Қазақтың тұңғыш детектив жанрында көп кітаптар жазған атақты жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына 16 ардагер барып қайтты. Байсерке ипподромында қарттар мерекесіне арналған тұңғыш көкпар жарысы өтті, 6 ардагер әкімнің алғыс хатымен марапатталды. Қараша айында 17 қарт Түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан шаһарына тегін барып келді.
Ел Президентінің жүргізіп отырған саясатын басшылаққа ала отырып, ел игілігі үшін халқымыздың тұрмыс деңгейінің жақсаруы үшін облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері біздерге бар күш жігерімізді жұмсауға атсалысуды тапсырды. Осы берілген тапсырмаларды облыстық ардагерлер ұйымының жоспарлы жұмыстарын басшылыққа ала отырып, 2024 жылы Талғар ауданының ардагерлер ұйымы жұмыс жасайтын болады.
Матан Бекбосынов,
Талғар ауданы ардагерлер
кеңесінің төрағасы