Жазушыға арналған кеш

Жазушыға арналған кеш

Сәуір айының екінші жұлдызында Талғар қаласының мәдениет үйінде көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің атасы» атты әдеби сазды кеш болып өтті.

Кештің бірінші бөлімі орталық кітапхана директоры, мәдениет қайраткері Хармысов Махамбет Қасымханұлының жетекшілігімен ұлы жазушының құрметіне ашылған балалар кітапханасында өтті. Кітапхана меңгерушісі Раушан Сапақова келген қонақтарды таныстырған соң, Бердібек Соқпақбаев шығармашылығына арналған көрмемен кітапханашы Сәуле Карбозова таныстырып өтті.
«Өлеңім мінезіндей жас баланың,
Жылатып алам ба деп жасқанамын.
Жазып алып өзіме — өзім сенбей,
Оқып алып басыма жастанамын.
Өлең нәзік, ішегі домбыраның,
Үлкені – үзіп алсам масқараның» – деп жазған талғампаз, көркемсөз шебері Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арнап өлеңмен жазған «Бұлақ» атты тұңғыш жыр жинағы 1950 жылы жарық көрді. Одан кейінгі шығармалары «Бақыт жол», «Алыстағы ауылда», «Балалық шаққа саяхат», «Дала жұлдыздары», «Аяжан», «Гаухар», «Менің атым Қожа» атты повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» романы проза жанрында жазылды. Алмас семсердей өткір тілді жазушы не жазса да шындықты жазған, екіжүзділіктен бойын аулақ ұстаған қайсар мінезді қаламгер еді. Шығармалары дүние жүзінің 68 елінде, әр түрлі тілде басылып, әлемдік оқырмандарынан лайықты бағасын алса да, «Менің атым Қожа» фильмі Францияның Канн қаласындағы халықаралық кинофестивалінде (1967ж) арнайы сыйлыққа ие болса да, жазушыға Республиканың ең жоғары әдеби сыйлығы берілмеді.
–Жазып та көрдім менде өлең,
Жазып та көрдім қарасөз.
Ерте ме кеш пе мен де өлем,
Өлмейді тек дана сөз, – деп артына өшпес мұра қалдырған ұлы жазушының айтқаны келіп, биылғы жылы Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойы дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен әлемдік деңгейде аталып өтуде. Кітапханаға кітап сыйлау акциясы аясында аудан әкімінің орынбасары Айбек Дүйсенбек бастап, Ауған қажы Нүсіпжанұлы,
Болат Құрманжанұлы, Даубай Мамытұлы, Мұхтархан Қалиұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы тағы басқа келген қаламгер қонақтар өз кітаптарын және балаларға арналған басқа да кітаптарды кітапханаға сыйға тартты. Мектеп оқушылары жазушы шығармасынан қызықты көріністер көрсетті.
Мәдени шараның екінші бөлімі мәдениет үйінің үлкен көрермен залында жалғасты. Кеш жүргізушісі Тоқтар Жұмаш әдеби сазды кештің мақсатын айтып, мәдени шара шымылдығын ашқаннан кейін, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев оқырман қауымды қаламгер тойымен құттықтаса, Жазушылар Одағының Алматы облысындағы өкілі, жазушы Қанат Әбілқайыр қаламгер өмірінен қысқаша баяндама жасады.
«Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қостөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті де сол ауылда бітірді. Кішкентайынан қайсар да ыждаһатты бала кедей отбасында тәрбиеленді. Бала Бердібек анасынан 8 жасында айырылды және бұл қайғы оның өмірінің соңына дейін үлкен соққы болды. Бердібекті білім атты теңізге ағасы Сатылған әкелді, ол оның білімге деген сүйіспеншілігін тудырды. Алайда, ағасы соғыс кезінде қайтыс болып, дүниеден ерте озды. Анасынан ерте айырылған Соқпақбаев бала кезінде көп қиындық көрді, аштық пен ауыр еңбектің, қиындықтың тауқыметіне ұшырады. Дегенмен, ол өте білікті және қабілетті бала болып өсті.
Өз ортасының алды болған Соқпақбаев мектеп бітіргеннен кейін әскерге барып, кейіннен Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Бердібек Соқпақбаевтың әскерден кейінгі өмірі осылайша Алматыда білім алумен жалғасты. Институтты бітіргеннен кейін Мәскеудегі жоғары әдеби курстарын тәмамдады. Таулы ауылдан шыққан қазақ баласы журналистикамен көп айналысты. «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» газет-журналдарының редакциясында жұмыс істеді. Сондай-ақ, киностудияда да қызмет етіп, өзінің туған ауданындағы мектептерде мұғалім болды. Ол үнемі балаларды тәрбиелеудің күрделі мәселелеріне алаңдады.Бердібек Соқпақбаев – білікті мұғалім, тәрбиеші. Содан болар бұл жағдай оның шығармаларының тақырыбын алдын-ала анықтап берді.
Соқпақбаев Қазақстан жазушылар одағында балалар әдебиеті бойынша кеңесші болып жұмыс істеді. Ең алдымен ол балалар жазушысы. Балалық пен жастық оның барлық кітаптарының негізі. Соқпақбаевтың шығармалары негізінен автобиография болып табылады.Көп ұзамай Соқпақбаев прозада да бағын сынап көрді. Жазушының тарихы күрделі емес, бірақ қазақ ауылының өмірі мен тіршілігінің көлемді бейнесі суреттелген «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Өзім туралы» повестері тек жасөспірімдердің ғана емес, сондай-ақ ересек қазақ оқырмандардың да жүрегінен орын тапты. Бұл таңқаларлық жайт емес. Өйткені, жазушының кітаптарында тәрбиелік мәні бар көсем сөздер мен тентек және күлкілі кейіпкерлер өмір сүреді. Ал кітапты оқығанда олардың жетістіктеріне қуанбау, қиындықтарына көңіл бөлмеу, оларды сүймеу мүмкін емес. Жазушы өз кейіпкерлерін ежелгі фольклорлық кейіпкерлердің ерекшеліктерімен бейнелегендіктен, оқырмандар оның шығармаларын таңданып, беріліп оқиды.
1991 жылы мезгілсіз дүниеден өткен қазақ халқының көрнекті қаламгері артына тәрбиелік мәні зор мол мұра қалдырды. Оның «Жекпе- жек», «Он алты жасар чемпион» повестерін оқып өскен қазақ жастары бұл күнде бокстан дүние жүзілік ареналарға шықты.
Келесі кезекте сөз алған Б.Соқпақпаевтың қаламгерлер інілері Мұхтархан Қалиұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы, Даубай Мамытұлы естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Әдеби сазды кеш соңында қазақ- түрік лицейінің оқушылары, ақын Бейсембай Кірісбаевтің:
–Бала шақты кестелеген тілі нық,
Бір болса егер осы болар ірілік.
Ұландары отызыншы жылдардың,
Қайта келер көз алдыңа тіріліп,
«Бастан кешкен» шындық шымыр екшеліп,
Кітап болып бізге жетті естелік.
«Чемпионнан» Бекең өзі баптаған,
Талай мықты жатты құлап, сескеніп, – деп басталатын классик жазушыға арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндер шырқап, мың бұрала биледі.
Аспантауда ақбұлақтар атқылап,
Экранда – туған өлке, бақ, қырат.
Қолын бұлғап Жанар, Жантас,
Сұлтанға, Келеді әне, Қара Қожа
шапқылап дегендей, оқушылар мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге драмалық көріністер қойып, домбырашылар оркестрінің орындауында күмбірлете күйлер тартып тамаша балалар жазушысының ғасырлық тойын думанға бөледі.Естеріңізге сала кетсек, аталған шара 2 сәуір – халықаралық балалар кітәбы күні шеңберінде ұйымдастырылды.

Елеусіз Ахметкерімұлы
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі, Райымбек
ауданының құрметті азаматы