«Bolashak-stars-тың» болашақ жұлдыздары

«Bolashak-stars-тың» болашақ жұлдыздары

«Bolashak-stars» өнер мектебі 2021 жылы тамыз айында Қызыл-Қайрат ауылдық мәдениет үйінің ғимаратында Artsport бағдарламасының аясында ашылды. Қазіргі таңда мұнда 6 үйірме жұмыс істеуде.

Атап айтсақ, домбыра, хореографиялық ансамбль, заманауи би, кескіндеме (сурет салу) вокалды ансамбль, эстрадалық вокал. Домбыра үйірмесінде «Үкілі домбыра» ансамблі құрылып, 19 бала тәлім алуда. Сонымен қатар үйірмеге сұраныс өте көп. Мерекелік шаралардан жиі шақырту түседі. Себебі осы үш жыл арасында көптеген
байқауларға қатысып жүлделі орындар алған ұжым өз көрермендерін жинап үлгерген. Талай бәйгеде топ жарған ұжымның жетістігі аз емес. Атап айтсақ, 2022 жылы халықаралық «Бойтұмар» өнерлі балалар байқауында, «Bolashak-stars», «ART поколение Таланты ХХІ века» байқауында, балалар жылына орай өткен «Үздік өрен» фестивалінде дәстүрлі ән номинациясы бойынша қатарынан бас жүлдені қанжығалады.
2023 жылы тайжарыс — талант VI Республикалық «Өнер алаңы» байқауында бас жүлдеге қол жеткізген дәстүрлі әншілер «Шалқар» радиосында тікелей эфирде сұхбат беріп, жетістікке жетудің сырымен бөлісті. Ал Ш.Құдайбердіұлының 165- жылдығына арналған «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты аудандық дәстүрлі әншілер фестивалінде, Республикалық «Ғұмырдария» байқауынының «Жас толқын», «Қазақ академия» өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары», Талдықорған қаласында өткен Республикалық «Ақжелең» байқауларында дәстүрлі әншілер таланттарын паш етіп, жүлдемен оралған. Осы жылы «STAR TALENT» Мәдениет шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен Республикалық өнерпаздар байқауында дәстүрлі ән өнерінің мұрагерлері тағы да бас жүлдені қанжығалады. Жас таланттардың талабын ұштап, арманына қанат бітіріп келе жатқан домбыра және дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі Әбенов Рашид Яқияұлының еңбегі ерен. Ұстаздық етуден жалықпаған Ә. Рашид шәкірттерінің алар асуы алда деп сенеді. Өнерлі балғындарды үкілеп бәйгеге қосып отырған ұстаздың еңбегіне жеміс, ал талайды тамсандырып жүрген кішкентай әншілерге өнер жолында биік белес тілейміз.

Зорагүл Әбдіқадір