Кеңдалада өткен кезекті кездесу

Кеңдалада өткен кезекті кездесу

Жуырда Талғар ауданының әкімі Таңат Есенкелдіұлы Кеңдала ауылының тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Аталған жиынға ауылдық округтің әкімі Алмас Нұрдәулетұлы, аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев, және Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты. Әдеттегідей ел алдында есеп берген Т. Айдарбеков Кеңдала ауылдық округінің тыныс-тіршілігін сөз етіп, өткен жылды қорытындылап, осы жылы атқарылатын жұмыстарды талқыға салды.

Кеңдала тұрғындарының түйткілді мәселелерге қатысты сауалдарына жауап беру үшін Алатау жарық компаниясының өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлері келді. Аудан әкімі ат басын бұрар шақты асыға күткен кеңдалалықтар мұң-мұқтажын, ауыл мәселесін айтуға асықты. Жеке меншік трансформатрдан электр қуатын аламыз деген ауыл тұрғындары екі есе қымбат төлеп отырғандарына наразы. Сондай-ақ олар айлығы шайлығынан аспайтын ауылдастардың қалтасын қағып отырған жағдайдан құтылу үшін қандай амал барын ашып сұрады. Бұл мәселені шешуге ауыл әкімінің қауқары жетпей жатыр деген тұрғындар түйінді шешудің жалғыз жолы мемлекет меншігіне тиесілі трансформатрға қосылу деп атап өтті. Десе де осыған дейін бұл туралы өтініш жазып, арыз-арманымызды айтқанымызбен оңайлықпен жылжымайтын жауапты мамандар істі қиындатып отыр дейді тұрғындар.
Қазығұрт көшесінде тұратын Жадыра Нүкенова өзі тұратын көшенің батпақ болып жататынын айтып, көктемде қар еріп, жаңбыр жауса аяқ алып жүру мұң болатын жолдың жайын былай жеткізді: «Сабаққа кеткен балалардың үсті-басы батпақ болып оралады. Үнемі жуылатын аяқ киімдері көпке шыдамайды. Бір үйден 4-5 баласы оқитын көпбалалы отбасыларға мүлде қиын. Қайта-қайта киім ауыстыру түгілі, күнін зорға көріп отырғандар да жоқ емес», – деп ашып айтты.
№38 мектептің мұғалімі Көтекова Балжан: «Жуырда Талғар ауданының шекарасы өзгерді. №38 мектеп орналсқан аумақ Талғар қаласының құрамына кіреді деген сөз бар. Ауылдық мектеп ретінде қосымша 25 пайыз үстемеақы төленеді. Егер қалаға қарасты болып жатсақ, сол үстеме ақымыздан айырылып қаламыз ба?» – деп ұжымдағы барлық ұстаздың көкейіндегі сұрақты қойды. Аталған аумақтың Талғар қаласының аумағына енгенін айтқан аудан әкімі «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда мектеп салынатынын, «25 пайыз үстеме ақыңыздан айырылғыңыз кемесе, сол салынып жатқан мектептердің біріне ауысып алсаңыз болады» деп әзілдей жауап берді. Сонымен қатар ауылдағы үш ауысымды мектептердің жағдайын да тілге тиек еткен әкім ауданымыздағы 44 мектептің 16-сы үш ауысымды екенін айтты. Оның айтуынша, Талғар ауданында жайлы мектеп жобасы аясында салынған мектептер үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.


Дина Нұрпейісова көшесінің тұрғыны да жолдың жайын айтты. Жолан әкім болған кезде жарылқап еді деген ол, басқа әкімдер қараша халықтың мұңына бас қатырған емес деп налыды. Бітпейтін сылтауларынан шаршадық деген тұрғынға жауап берген Т. Есенкелдіұлы өткен жылдан бері ауылдағы өзгерісті айтып, қу шөппен ауызды сүрте бермей, істелген істі көре білген жөн деп ашып айтты. Сондай-ақ бес саусақ бірдей ауызға сыймайтынын алға тартып, жоспар бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ауылды жарып өтетін канал балалардың өміріне қауіп төндіретіні де сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, Каналдағы судың ағыны қатты. Сол себепті балаларды мектепке жалғыз жіберу қауіпті. Опырылған тұсы көп каналды жақсылап жамап берсе ауылдастардың көңілі тыныш болмақ. Балалардың өмірі бәрінен қымбат деген жауаптылар бұл іс осы жылы түбегейлі шешімін табады деп сендірді.
Аманжолов көшесінің тұрғыны ауыз суын тартамыз деп жап-жақсы көшенің қорыс-қопасын шығарғандар сол беті ісін аяқтамай кеткенін айтады. Білгенін істеп кете беретін жауапсыздарды жауапқа тарта алмаған әкімдікке де ренжулі. Көшелердің жартысы жарықтандырылғанымен , жартысы қараңғы деген тұрғындар сабақтан кеш қайтатын балаларының денсаулығынан алаңдаулы. Ойлы-шұңқырлы жолмен қараңғы да жүру бала түгілі ересектер үшін да қауіпті деп отыр. Ал әкімнің айтуынша өткен жылы Кеңдала ауылдық округі бойынша жарықтандыруды талап ететін 67 көшенің 44-і жарықтандырылған. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы жетпеген көшелерге демеуші тауып, тас төгілген. Ауылдарды гүлдендіру бойынша атқарылған жұмыстар аз емес. Осы жылы да жасалатын көшелер қатарында Дина Нұрпейісова сынды жасалмаған көшелер бар. Тек тұрғындарға сабыр мен шыдамдылық тілеген әкімдік өкілдері бар мәселе кезең-кезеңмен шешілетінін айтып, тарқасты.

Зорагүл Әбдіқадір