Наурыз – түркі халықтарының айырықша күтетін ұлық мейрамы. Наурыз – береке-бірліктің бастауы, жақсылықтың нышаны деп сенген халқымыз наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «әз Наурыз» деп әспеттеген. Наурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.
Наурыздың 22-сі күні Талғар халқы Наурыз мерекесін тойлады. Айдан аман, жылдан есен өткен ағайын жаңа жылды шаттана тойлады. Талғар қаласындағы орталық саябақта өткен шараға толастай жауған жаңбырға қарамастан жиылған қауымның қарасы қалың болды. Жамырай тігілген ақ боз үйлер көздің жауын алады. Алтыбақанда тербелген қыз, боз бала мерекенің көркіне көрік қосып тұрғандай. Талғарлықтардың қуанышын бөлісуге арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев енді ғана қадамын қаз-қаз бсқан сәбидің тұсауын кесті. Алғаш қадам басқан бүлдіршінге «Өмір жолың даңғыл, қадамың нық болсын, еліңнің ертеңі үшін қызмет етер адал азамат бол!» деп батасын берді.
Шара басында облыс әкімі М. Сұлтанғазиев жиылған қауымды мерекелерімен құттықтап: «Жер-дүние жанданған шуақты көктеммен бірге елімізге, жерімізге нұрын шашып, қасиетті наурыз мейрамы келді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын, бақыт пен байлық әкелсін!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін! Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін! Тарихы тереңде жатқан мерейлі мереке еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің белгісі. Ата-бабамыз жер ананың тоң кеудесі мен Самарқанның көктасы жібіген күн деп арқасы кеңіп, ел еңсесін тіктеп жылдың басы келді деп арқа-жарқа болған күн. Жер бетіндегі тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт-берекенің көзін ашып, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтқан жыл бастауы баршамызға жақсылығымен келсін! Құрметті жерлестер! Жаңа Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының шынайы көрнісі. Наурыздың өзіне тән салтына бағына отырып, әрбіріміз өткен жылғы өкпемізді ұмытып, татуласайық. Үлкендердің ақ батасын алып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық. Наурызда айтылған барлық жақсы тілек орындалады деп жатады ғой, Наурыз барлығыңызға құт әкелсін! » – деп атап өтті.
Аппақ киіз үйлерден емін-еркін көже ішіп, мәре-сәре болған жұртшылық дархан даланың төсінде мамыражай күн кешкен қазақ даласын көз алдымызға әкелді. Шараға спортшылар, құсбегілер, қолөнер шеберлері де атсалысты. Қолдан жасаған бұйымдарын ала келген шеберлер сауданың көрігін қыздырды. Шын шебердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, ағаштан жасалған оюлы ыдыс-аяқтар, қыз-келіншекке арналған әшекейлер, қанжар, қылыш бәрі-бәрі көздің жауын алады. Өзге ұлт өкілдері де ұлттық тағамдарын қойып, ұлттық киімдерін киіп, тұрмыс-тіршілігінен дерек беретін тұрмыстық бұйымдарын жайнатып қойыпты. Ағаш шебері Өмірбек Қуанышұлы: «Ата-бабамнан аманат болған өнердің арқасында күн көріп, дәулетім артып отыр. Бұл өнерді қолға алғаныма бес жыл ғана болғанымен қыр-сырып толық меңгеріп алдым. Халықтың ұлттық бұйымдарға деген қызығушылығы артып келеді. «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы алты милион теңге алып, кәсібімді дөңгелетіп келемін. Бір сағат ішінде төрт астау саттым. Үлкен-кішісіне қарай әр түрлі баға қойылған
ыдыстардың ең арзаны он мың теңге тұрады. Талғар қаласында шағын цехым бар. Бүгін мереке жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жауын-шашынға қарамай келіп жатқан халықтың қуанышына куә болудамыз», – деп қуанышымен бөлісті.
Талғар аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының көңілді концертімен қатар «Жошы хан» атты театрландырылған көріністі тамашалаған жұртшылық «Ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөздің астарына көз жеткізді. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп сенген халықты береке мен ынтымаққа ұйыстырған қойылым көзқарақты көрерменге ой салды. Қазақ эстрадасының Құралай мен Мирас, Абай Беги, Мақсат Базарбай, Ербол Құдайберген сынды жарық жұлдыздары ән шырқап, мерекенің шырайын кіргізді. Тойға келген көпшілікті батырлардың сауыт-сайманын асынған сом тұлғалы жігіттер мен ұлттық киім киген ибалы арулар қарсы алды. Қала тұрғындары әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, ұлттық ойындардан өткізіліп жатқан тартысты бәсекені тамашалады. Жігіттер қауымы күресіп, гір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, ептілігі мен ұтқырлығын көрсетті. Ұлттық ойындарды қызықтап мәз-мейрам болғандардың арасынан арқасы қозып «Не белбеу кетер, не бел кетер» деп тәуекелге басып, күш сынысып кеткендер де аз болмады.
Жиылған халық наурыз көже мен ыстық бауырсақтан, өзге де ұлттық тағамдардан дәм татты. Боз кілемде белдескен палуандар ешкімге есе бермеу үшін барын салды. Жеңілген жігіттер бәсі басым болған қарсыласына жол берсе, жеңгендер кеудесін кернеген мақтанышпен айбатын асырып жатты. Талғар қаласына қарасты мекемелер де мерекелік шараның сәтті өтуіне белсене атсалысты. Жылдағы дәстүр бойынша өз киіз үйлерін тігіп, көшпенді өмірдің куәсі болған тұрмыстық заттармен қатар көне ыдыс-аяқтармен толтырды. Киіз үйдің қаңқасын біріктіру үшін қолданылатын терме баудың түр-түрі өз ретімен орналасып, киіз туырлықты халықтың терең тарихы мен мәйекті мәдениетінен сыр шертті. Дастарханға қысқы соғымнан қалған сүр етте ауыз тиіп, жеті дәмнен құралған наурыз көже ішкен жандар «Жаңа жасың құтты болсын, ақ мол болсын, қойымыз қоздап, ботамыз боздап, дәулетіміз шалқи берсін!», – деп бір-біріне жақсы тілек тіледі.
Талғар ауданының құрметті азаматы, грек-рим күресінен спорт шебері, Талғар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов төл мерекеміз туралы пікір білдіріп: «Наурыз – атам заманнан тойланып келе жатқан мерекелердің бірі. Наурыз айы – мейірім мен үмітке толы ай. Бұрынғы заманда аналарымыз наурыз көже үшін кәрі жілікті ұнға салып сақтайтын. Айранын ұйтып, арнайы сүрленген қатық дайындайтын. Көжеге дәм беретін – өткен жылдан сақталып қалған, езілген малта құрт. Оның дәмі татқанның таңдайында қалады. «Ескергенге ескі асын сақтайды» деп халқымыз бекер айтпаған. Алыс-жуықтағы ағайынына, жекжат-жұратына арнап соғымның сарғайған жамбасын сақтап қояды. Осылай бір дастарханда бас қосқан жақын жандар өзара кешірім сұрасып, төс қағыстырады. Сондықтан бұл күн – береке мен бірліктің, татулықтың, сан ғасырлары бойы сақталып келе жатқан мәдениетіміздің ұйтқысы. Еліміз аман, жеріміз тыныш, аспанымыз ашық бола берсін!» – деп ағынан жарылды.
Еске сала кетейік, Наурыз мерекесі 14-наурыз көрісу күнімен басталды. 2024 жылдан бастап Қазақстан бойынша Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланатын болды. Оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды.
Зорагүл Әбдіқадір