Ұлттық мәдениетіміздегі дәстүрлі қолөнер халқымыздың тарихымен, ұлттық болмыс-бітімімен, дүниетанымымен үндесе дамып келе жатыр. Тамырын тереңнен алатын қолданбалы өнердің көрікті де, көрнекті саласы зергерлік өнер атадан балаға, ұстаздан шәкіртке аусып отыратын, тылсым сыры бар киелі де қасиетті өнер, қастерлі кәсіп.
Қазақ халқының зергерлік өнері ғасырлар бойы қалыптасып, қолөнер саласының биік бір деңгейін қалыптас- тырды. Ұлтымыздың қолөнер бұйымдары көз тартар көркемдігімен, асқан әсемдігімен, ескі сарынымен де бағалы. Мұны этникалық мәдениеттің биік шыңы деуге болады. Дәл осындай аталы өнерді әспеттеп жүрген жандардың бірі – Бейбітгүл Қасымова. Талғар ауданы Ақтас ауылында тұратын шебер – ауылының абыройын асқақтатып жүрген азаматтардың бірі. Көп жылдар бойы атадан балаға жалғасқан асыл мұраның арқасында өмірден орнын тапқан шеберді талғарлықтар ғана емес алыс-жақындағы ағайын жақсы біледі.
20 бұрын қолға алған ісін жалғас- тырып келе жатқан Бейбітгүл талайлаған таңғажайып туынды жасаған шын шебер. Атадан мұра болған өнерді жаңғырту үшін көп ізденуге тура келді деген кейіпкеріміз қарапайым шашбау жасау үшін көп зерттеулер жасағанын айтады. Оның айтуынша, қыз баланың сәнін келтіріп тұратын әшекейлер бұл күндері аса сұранысқа ие. Бүгінгі таңда шолпы, сырға, жүзік сынды әшекейлер сахнадағы өнер адамдарына ғана емес, күнделікті өмірде пайдалануға бейім деп жасалған.
Сырлы өнердің сырын шерткен Б. Қасымова: «Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Халқымыз ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Кез келген қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, бейнеленген ою-өрнектері олардың әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі. Зергерлер алтын мен күмістен әйелдер әшекейін жасаған. Ал мен қол жетімді материалдар қолданамын. Оларға қымбат тастардан, маржаннан көздер орнатылса, шынымен көздің жауын алады. Қазақ әйелдерінің омырау әшекейлеріне тікбұрыш пішінді өңіржиек, доға тәрізді тұмарша немесе бойтұмар жатады. Қыздардың шаш ұшына байланатын әшекейі шолпының да қыз бала үшін алар орны бөлек. Зергерлер бұдан басқа білезік, жүзік, сырға, қап- сырма, ілгек, сәукеле әшекейі – түйме мен түрлі түйреуіш жасаған. олар көбіне бағалы металдардың ішіндегі ең қолайлысы күмісті пайдаланған. Өйткені күмістің жылтыраған түсін, әр түрлі техникалық тәсілдерге икемділігін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған. Зергерлік бұйымдардың жарасымдылығы, айбындылығы қазақ әйелі әшекейлерінің өзіндік ерекшелігі болып табылады. оларды дайындау барысында құю, қашау, шекілеу, мөр басу секілді тәсілдер қолданылған», – деген ойымен бөлісті.
Бейбітгүлдің қолынан шыққан туындылар Қазақстанда ғана емес, Корея, Қырғызстан сынды мемелекеттерде де сұранысқа ие. Өзгелерді жұмыспен қамтып отырмаса да, өз отбасының кірісін арттырып отырған нәзікжан нағыз еңбекқор ана деп айтсақ артық болмас. Отбасы мүшелерінің кез келгені көмекшім деген ол жақындарының бәрі бұл өнерден құржаяу емес екенін айтады. Еліміздің түкпір-түкпірінде өткен шаралардан, түрлі жәрмеңкелерден қағыс қалмайтын шебер мұндай кездесулер табыс көзін арттырудың тамаша орайы дейді. Сондай-ақ «Адам жаны сүйген кәсіппен шұғылданса, сол кәсібінің арқасында несібесін де табады, абыройы да артады. Немерелерімнің арасынан осы өнерді жалғастыратын шебер шығады деген ойдамын. Халқымыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей» деп бекер айтпаған. Әр істен нәтиже шығару үшін табандылық пен қажырлы еңбек керек. Бұл туралы қолөнер шебері атанғысы келетін жастарға жиі айтып отырамын», – деп атап өтті шебер.
Б. Қасымова өз ісінің шебері ғана емес, ардақты ана, аяулы әже. Қол босай қалса немерелеріне көңіл бөліп, ертегі айтуды жаны сүйеді. Біз де он саусағынан өнер тамған шебердің ісіне береке, деніне саулық тілей отырып, атадан қалған ардақты өнерді асқақтата беріңіз деп тілек айтамыз!
Зорагүл Әбдіқадір