Әйелдер табиғатынан нәзік болғанымен мойнына артылған ауыр жүкті көтеріп, міндеттелген жұмысын бар ықыласымен атқаратын қуатқа ие жандар.
Олар отбасының берекесін келтіріп қана қоймай, ер азаматтармен иық тіресіп, әр салада халыққа қызмет етіп келеді. Сондай нәзік ығымен ер азаматтарға тән жауапкершілікті жүкті еңсерген жанның бірі – Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығып, кәсіп ашқан Джамашева Майра Бекенқызы.
Белгілі жазушы Мұқтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу әйел — қазақ әйелі. Менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп қазақ әйеліне тамаша баға берген. Осы теңеулер Майра Бекенқызына арнап айтылғандай. Адамның жасы ұлғайған сайын өткен күндердің естеліктері санаңның түпкіріне жасырына бермей, әлсін-әлсін жарқырап, кедір-бұдыры жойылып,тура сол қабылдағаныңдай есіңе түсіп отыратыны даусыз.
Түгін тартса майы шығатын, шөбі шүйгін, саф алтындай ауасы, мөлдір таза суы, көз тұндыратын тұмса табиғаты бар Талғар ауданы – қасиетті де киелі мекен. Саялы мекен, ынтымақ пен бірлігі бекем ауыл талайға құтты қоныс – Бесағаш ауылдық округі. Көне көз қариялардың айтуынша «Бесағаш» деп аталуында өзіндік мән бар екен. Ауылда бес үлкен тал болғандықтан бұрынғы тұрғындар бұл жерді «Бесағаш» деп атап кеткен. Ол кезде бұл жерде ауыл болмаған және әлі халық қоныстанбаған уақыт болса керек. Жол бойынан өтуші халықтар бес үлкен талды көлеңкелеп, тізе бүгіп демалып, әрі қарай жолға шыққан деседі.
Кейбір деректерге сүйенсек 1927-1928 жылдары бұл жерде «Артель» ұйымдастырылып, 10-15 үй ғана болған екен. Онда арба, шана, ағаш соқалар, тырмалары бар топтасқан ауыл болыпты. Алғаш артельді Лебай Қарынбайұлы, Қасен Жатқанбайқұлы, Егор мен Александр Патехиндер, Түкібай Сатыбалдыұлы құрған мәліметтер бар. Бұл жер 1929 жылы «Луч Востока» деп аталыпты. Аумағы Алматыдағы көкбазардан бастап Мехкомбинатқа дейінгі бүгінгі Бесағаш, Бесқайнар атты елді мекенді құраған екен.
Ауыл – ата-бабамыздың өмірге келіп, кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген киелі ата мекені. Ананың әлдиі, аяулы алақаны қандай қымбат болса, ауыл соның негізгі ұясы. Ауыл-қазақтың алтын бесігі. Бесағаш ауылы – Алматыдай алып қаламен шектесіп, өркениеттің көшінен қалмай, қарқынды дамып келе жатқан ауыл. Осы ауылдық округте 6 жылдан астам ауыл әкімінің орынбасары болып қызмет істеп, зейнетке шыққан Майра Бекенқызының жанұясы сонау кеңестік кезден бастап-ақ кәсіпкерлікке бейімділігін байқатқан еді. Жолдасы электр саласының маманы Талғатбек Мейірбеков кеңестік кезеңнің өзінен-ақ ауылдың шетінде тұратын үйінің ауласына жылы жай құрып, пияз, чеснок, қызанақ, қиярдан алған өнімдерін Сібірге апарып сатып келіп жүрді. Қыр қызғалдағында еккен. Табысы да аз болмаған. Тәуелсіздік алған жылдары Талғатбек негізгі жұмысымен бірге кәсіпкерлікті қоса алып жүріп бұл жұмысқа тез бейімделе бастады. Ол ауыл орталығынан үлкен мейрамхана салды. Басқа да халыққа қызмет көрсететін орталықтар ашты. Ұлдары Аслан мен Арұлан, қызы Маржан жоғары білім алып, ата жолын қуып кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Олар әкелері Талғатбектің ақылымен кәсіпкерліктің әр саласының тізгінін ұстаған жандар. Барлығы да отбасын құрған.
Майра Бекенқызы зейнетке шығар алдында өзінің жүрегі қалаған Бесағаш халқының денсаулығын жақсартуды жоспарлап, екі қабатты денсаулық сақтау орталығын ашуды жоспарлаған. Майра Бекенқызының негізгі мамандығы медбике. Ол сексенінші жылдардың басында медициналық училищені бітірген болатын. Мамандығы да бұл істе зор рөл атқарғаны сөзсіз.
Майраның сауықтыру орталығын ашу жөніндегі ойын кәсіпкер жұбайы Талғатбек, кәсіпкер ұлдары Аслан мен Арұлан мен қызы Маржан бір ауыздан қолдап, қуаттаған. Сөйтіп, Талғар ауданының «Ақ ниет» шипажайының жанынан өз шипажайын салып бітіп, халыққа қызмет көрсете бастады. Өткен жылдары округ халқы мен бірге жан-жақтан емделуге келген 100-ден аса азаматқа қызмет көрсетіп алғысын алды. Алғашқы қабылдауға ардагерлерді тегін қабылдағанына жұртшылық ризашылығын білдіріп жатты.
Талғатбектің кәсіпкерлік жолы мол табысқа жол ашады. Бір «Хан» мейрамханасының табысы, бюджетке қомақты қаржы құйып жүр. Аслан мен Арұлан да ауыл, аудан, қала халқына дейін қызмет көрсетіп, бюджетке қомақты қаржы құйып жүр. Майранның да бизнесі жақсы нәтиже беріп келеді. Бұл қажырлы еңбек – Майраның табиғатына тән қасиет. Ол өзі сүйген істен ешқашан жалыққан емес. Майра қызу еңбекке кірісіп, адамдардың алғысымен өсіп, өркендеп келеді. Бұл отбасында қалыптасқан ерекше бір дәстүр бар: ешкім бір-біріне жүргізіп жатқан кәсіпкерлік істері жөнінде есеп бермейді. Әр қайсының бизнесі дербестікке ие. Олар бірінен-бірі қарызға қаржы сұрауды ұнатпайды. «Бұл әркімнің өз бизнесін емін-еркін жүргізуіне, табысты болуға жол ашады. Жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бәріміздің мойнымызда. «Бесағаш» ауылында 30 мыңдай халық тұрады. Олардың ішінде 1547-сі зейнеткер, 341-і мүмкіндігі шектеулі азамат, 147-сі асыраушысынан айырылғандар. Сонымен қатар бұл құтты мекенде 438 көп балалы ана, 31 тыл еңбеккерлері, 95 Алтын және Күміс алқа иегерлері тұрады. Жыл сайын мерекелік іс-шараларға бәрімізде атсалысып, осы жоғарыдағы отбасыларының ешқайсысын назардан тыс қалдырмай қайырымдылық жасап тұруды өзіміздің абыройлы міндетіміз деп сезінеміз. Бұл біздің ауыл халқына қолдан келген көмегіміз болмақ. Алдағы уақытта да ауыл халқына қолдан келген көмегімізді аямай қызмет ете бермекпіз» , – дейді Майра Бекенқызы.
Осы жанұяның басын біріктіріп, игілікті істерге жұмылдырушы бесағаштық жанұя Талғатбек пен Майраға табыс тілейміз.
Майлыбай Смағұлов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі