Жуырда Қызыл-Қайрат ауылдық мәдениет үйінде Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагері, Талғар ауданының құрметті азаматы, «Қызыл ту» орденінің иегері, Ерғалым Ждановты еске алуға арналған «Ер — ел қорғаны» атты патриоттық ән байқауы өтті.
Ән бәйгесінде Алатау округіне қарасты № 16,18,19 мектептер мен Bolashak-stars өнерпаздары сынға түсті. Аталған іс-шараға «Жауынгер» Ауған соғысы қоғамдық ұйымы мен «Семей полигон» қоғамдық ұйымының бір топ азаматтары және марқұм Е. Ждановтың жұбайы Айгүл Жаналинова құрметті қонақ ретінде қатысты. Жұбайының ерлігі мен еңбектерінің елеген еліне шексіз алғыс білдірген А. Жаналиева: «Елім деген ер болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, халқының қайсар ұлы қашанда жүрегімізде.
Байқауда бабы мен бағы қатар жанғандар оза шабады деген ойдамын. Ерғалым Жданов сынды елін сүйген азаматтар көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, балаларымыз бақытты, баянды өмір кеше берсін!» – деді.
Байқау болашақ ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатып, жастардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру мен қатар Отанын , елін, жерін сүюге тәрбиелеу мақсатында өтті. 18 үміткер қатысқан сайысқа тәлімгер, ардагер ұстаз, әнші Мырзабек Парманов, «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Рашид Пірімбаев, мәдениет үйінің директоры Берік Шагаев қазылық етті.Байқауда нағыз таланттар лайықты жүлде алды деуге болады. Өз елінің нағыз патриоты екенін көрсетіп, бірініші орын алған Сәрсенбек Несібелі көрерменнің көзайымына айналды. Кәусар Абайқызы, Қасымхан Ақерке де жүлде алғандардың қатарын толтырса, Эльвира Маликжанова, Сезім Дарханқызы, Айбар Оразқан болашағынан үміт күттірген талант иесі екендерін паш етіп жүлделі орындарға ие болды.Е. Жданов1967 жылы дүниеге келген.1984 жылы қаладағы С. Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебін бітірген ол әскер қатарына алынады.1985-1987 жылдары Ауған соғысына қатысып, елге аман-есен оралады.1993 жылы Абай атындағы педагогикалық университеттің көркемсурет бөлімін бітірген ол білім ұяларында ұстаздық етеді. 2005-2012 жылдары Талғар аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы болып, қаладағы «Мәңгілік алау» жанынан Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарға арнап ескерткіш орнатқан еді. Сол үшін ол республикалық «Сауап» медалімен марапатталып, ауданның «Құрметті азаматы» атанды.Ол бар күш-жігерін ауданның қоғамдық өміріне арнаған жан ретінде көпшіліктің есінде қалды.
Зорагүл Әбдіқадір