20 ақпан күні Талғар ауданының Балалар өнер мектебінде «Өнер үшін туылған алтын тұғырлы өнер иесі» тақырыбында күйші, композитор, ҚР еңбегін сіңірген қайраткер, профессор Ермұрат Үсенұлымен кездесу өтті.
Халқымыздың күй өнерінің дамуына қосқан үлесі мен шығармаларын дәріптеу мақсатында өткен шараға ауданымыздың құрметті азаматы Найлия Бейсенбайқызы мен ақын Бексұлтан Көлбаев және басқа да ұлттық өнердің жанашырлары қатысты. Кездесуге тыңғылықты дайындалған білім ордасы композитордың шығармаларынан тұратын кітап көрмесін ұйымдастырып, «Көңілді арбакеш» шығармасымен қарсы алды. Шара басында Е. Үсенов өмірі мен өнері жайлы сөз қозғады.
«1952 жылы 25 шілдеде Алматы облысы Кеген ауданындағы табиғаты тамылжыған Қарқара жайлауында дүниеге келдім. Ұзынбұлақ орта мектебінде мектеп табалдырығын аттап, 1970 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық курсына түстім. Еңбек жолымды Жезқазған музыка училищесінде оқытушы болып бастап, сонда алғашқы музыкалық шығармаларымды жаздым. Бір жыл еңбек еткен соң Ұлттық консерваторияға екінші рет түсіп, музыка теориясы және композиция факультетін бітірдім. Консерваторияда Қалижан Тілеуов, Уәли Бекенов, Бақыт Қарабалина, Латиф Хамиди, Кенжебек Күмісбеков сынды керемет ұстаздардан сабақ алдық. Ал Нұрғиса Тілендиевтен тәжірибе жағынан көп кеңестер алдым. Ол кісі – менің ұлы ұстазым. Жезқазған музыкалық училищесінде сабақ беріп жүрген кезімде домбыра тартудағы шеберлігіме бір сапарында тәнті болған Нұрғиса аға өзі жетекшілік ететін «Отырар сазы» оркестріне шақырды. Өмірде де, өнерде де ұстазым санайтын дарабозбен осылайша таныстым. Қарым-қабілетімді аңғарған Нұрағам өнер жолындағы қанатымның қатаюына ерекше септігін тигізді. Осылайша 1981 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамына қабылданып, бас концертмейстер болдым. 1979 жылы шығармам жабық байқауда бас бәйге алды. Сонымен қанаттанып, ары қарай композиция кете берді. Шығармашылық жұмысымда Нұрғиса аға бас болып, ақыл-кеңесін айтып отырды. 1990-1994 жылдары Алматы музыка училищесінде, кейінірек Астанадағы Қазақ ұлттық музыкалық акададемиясында кафедра меңгеруші болып еңбек еттім. Қазіргі уақытта Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебінде болашақ композиторларды тәрбиелеп жүрмін», – деп сөзін түйіндеді.
Қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына, мол музыкалық мұралар, теңдесіз рухани құндылықтар қалдырып, қазақ музыка мәдениетінің биік шыңдардан көруіне өз үлесін қосқан дарынды күйші, композитор, профессор Ермұрат Үсенов шынымен таңғажайып талант иесі.
Халықаралық және Республикалық композиторлар конкурстарының 5 дүркін лауреаты, Гран При иегері. Оның шығармашылығы заманауи сазгерлердің арасында айқын әуендік қабілетімен, саз-сарындарының жүрекке жағымдылығымен ерекшеленеді. 1991 жылы «Бозінген» атты халық композиторларының күйлерінен тұратын партитуралар жинағын жарыққа шығарды, 1998 жылы шыққан «Жетісу күйлері» атты жинақтың басылып шығуына да мұрындық болды. Жоғарыда аталып кеткен еңбектермен қатар 1988 жылы Тәттімбеттің «Саржайлау» атты күйлер жинағының редакциясын басқарды. Аталмыш еңбектер қазақ халқының музыкалық мұрасының қорына енгізілген шынайы сыр шертер, ұлттық мазмұны жоғары асыл да құнды мұраларымыз.
Кеш барысында Талғар балалар өнер мектебінің 5 сынып оқушысы Амир Цин сазгердің «Түркі әлемі» шығармасын орындаса, талантты қобызшы Перизат
Турсунжан «Романс», Мадияр Мұқанбай «Шәмші дастаны» ал Ақниет Болатбай «Абай әуендерінен фантазия» шығармасын нақышына келтіре орындады. Әр баланың орындаушылық шеберлігіне пікір білдіріп, шағын ғана оқу ордасы шәкірттерінің осындай үлкен шығарманы тамаша ойнағанына таңданысын жасырмады. Оларға «Өнер жолдарың ашық, алар асуларың биік болсын!» деп ақ жарма тілеген арнады. Сонымен қатар композитор жүрегін жарып шыққан әр туындысынының шығу тарихы туралы да баяндап отырды. Солардың бірі де бірегейі – «Реквием» шығармасы. Тыңдағанның тұла бойын шымырлатар туынды Нұрғиса Тілендиев өмірден өткенде ұстазына деген сағынышы мен махаббатынан туыпты. Е. Үсеновтың халық арасына кең тараған әндері де аз емес. Мәселен, М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Аққулар, қош болыңдар!» «Бабаларға сыйыну», «Жалт — жұлт еткен дүние – ай!» сынды әндері өз орындаушыларын тауып, тыңдармандарын тамсандырғаны айтпаса да белгілі. Автор «Күзгі әуен» атты шығармасы туралы қызықты оқиғаны баяндады. Францияда жүрген досы бір күні Париж қаласындағы атақты ресторандардың бірінде «Күзгі әуен» шығармасының ойналып тұрғанын айтып таң қалдырған.
Еуропа сахнасында әуендерінің әуелеп тұруы үлкен мәртебе дейді композитор. Шара барысында мектеп оқушылары да өнер иесіне сұрақтар қойды. «Музыка әлеміне алғаш қалай келдіңіз? Алғаш жазған шығармаңыздың шығу тарихы қалай? Шығармаларыңыздың ішінде ең ыстық, жаныма жақыны деп қайсысын айтар едіңіз?» деген сұрақтарға асықпай жауап берген ол балалық шағы туралы да естеліктерімен бөлісті. «Ұстазына қарап шәкіртін таны» демекші, Е. Үсеновтың төл шәкіртеріңіздің бірі, Талғар балалар өнер мектебі домбыра сыныбының оқытушысы Тілеуберді Әукенұлы күйші өзі орындаған Жетісу өңірінің күйші, композиторы Қожеке Назарұлының «Зар» күйін орындауы тосын сый болды. Саусағын сындырып алып, күй шертуден шеттеп қалған өкінішін білдірген ол ұстаз ретінде өнер жолын берік ұстанған шәкірттерімен мақтанатынын атап өтті.
Талғар ауданының құрметті азаматы, ақын Бексұлтан Көлбаев қазақтың дара ұлына арнау өлеңін оқыды. Мектеп директоры Гүлбағила Асқарбекова: «Шығармаларыңызды тыңдап, орындап, сізге еліктеп өсіп келе жатқан әр шәкірт өнер жолында адаспасы анық. Сіз салған сара жолмен талай өнерпаз өрен жаяры анық. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, туған еліне өлмес туындылар сыйлаған сіздей азамат қашанда халыхының жүрегінде. Өзіңізді көріп жанары бал-бұл жанған жеткіншектер арасынан жолыңызды қуған ұл-қыздар көптеп шығарына сеніміміз мол», – деп атап өтті. Сонымен қатар кеш қонақтарына Алғыс хаттар табыстады.
Ұрпақтар сабактастығы арқылы қазақ өнерінің мәңгі өлмейтіні шындық. Халқымызда «Жақсыдан шарапат» деген аталы сөз бар. Бұл кездесу осы аталы сөздің дәлелі десек артық болмас
Зорагүл Әбдіқадір