Қонаев қаласында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXXV (35-ші) конференциясы өтті. Күн тәртібінде партия атынан Қонаевта бір мандатты сайлау округінен қатысатын үміткерді ұсыну, облыстық партия филиалының бақылау, тексеру комиссиясының жаңа құрамын сайлау және Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру шаралары қаралды.
Облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаевтың айтуынша, биыл үш аудан мен Қонаев қаласында мәслихат депутаттары қайта сайланады. «31 наурызда аманаттықтар шығып қалған депутаттардың орнына бақ сынайды. Қазіргі уақытта үш аудан мен Қонаевта партия атынан кандидаттар ұсынылды. Атап айтқанда, Жамбыл аудандық мәслихат депутаттығына Тойбаев Дәурен Дәукенұлы, Қонаев қалалық мәслихат депутаттығына Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлы, Талғар аудандық мәслихат депутаттығына Омарбаев Мақсұт Қасымбекұлы, Қарасай аудандық мәслихат депутаттығына Стадников Максим Александрович ұсынылды», – деді облыстық партия филиалының төрағасы.
Сонымен қатар жиында 100-ден аса конференция делегаттары ел Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын дамытудың алғышарттары мен өзекті деп танылған мәселелерге қатысты атап өткен тапсырмаларын талқылады.
«Мемлекет басшысы тапсырған коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, экономиканы цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыру, әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау жайы да – Үкіметтің жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс кешенді міндеттер. Президент ұсынып отырған бұл бастамалар елімізді жаңа даму деңгейіне шығарып, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ интеллектуалдық әлеуетін күшейтуге кеңінен жол ашпақ. AMANAT партиясы Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдайды», – деді Қуат Байғоджаев.
Жиында фракция мүшесі Абылай Зуайда осы міндеттерді пысықтап, өңір бойынша цифрландыру қызметі жайлы өз ойын айтты. «Алматы облысында цифрландыру саясатын іске асыруда серпінді жобалар қанат жайып келеді. Өңірде жүзеге асып жатқан жасампаз дүние көп. Мәселен, «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» жобасы Qazaqstan Project Management Awards-2023 ұлттық конкурсында «Үздік жоба» номинациясы бойынша 2 – орынды иеленді. Сонымен қатар, өткен жылы өңірде цифрландырудың жол картасы әзірленді. Бұл жобалар халыққа сапалы қолдау көрсету үшін мемлекет жұмысының тиімділігін арттырады. Цифрландыру тұрақты дамуы үшін әлі де өңір бойынша ІТ саласында біраз жұмыс атқару қажет деп ойлаймын», – деді Абылай Зуайда.
Сондай-ақ жиын соңында Алматы облыстық партия филиалының бақылау тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.
Облыстық «AMANAT»
партиясының баспасөз қызметі