1986 жылы қазақ жастары бұрынғы Кеңестік социалистік республикалар одағында, тіпті одан да тыс жерлерде бірінші болып әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы бас көтеріп, алаңға шықты. Бұл сол кездегі кейін жер-жерде орын алған демократиялық дүмпудің алғашқысы еді. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарамастан, қазақтың өрімдей жас жігіттері мен қыздары биліктің бұра тартқанына шыдамай көтеріліс жасап, әр ұлттың өз таңдауы болуы керектігін айқайлап тұрып анық айтты. Сол жылдың 17 мен 18 желтоқсан күндері Алматының қақ жүрегінде – орталық Л.Брежнев атындағы алаңға жастардың шыққаны көпшілікке мәлім.
Ал жалынды, рухты жастардың еліміздің өзге де өңірлерінде көтерілгендерін бірі білсе, бірі білмес. Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық митинглері Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан және тағы да басқа қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасын тапты. Сол күндердері кеңестік жүйенің жөн-жосықсыз шешіміне қарсы наразылық танытып, Қарасай ауданы Шамалған ауылының жастары да бірігіп өз ұстанымдарым көрсетті. Олардың қатарында Құмтоған ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Нұрлан Талипаев пен Нұрила Мамытова да бар болатын. Екеуінің алғашқы танысып, отбасы құруына да осы желтоқсан оқиғасы әсер еткен екен. Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңында бұл кісілермен сұхбаттасып, сол бір қиын шақтың естеліктерімен бөлісуін өтінген едік.
Қазіргі кезде желтоқсаншы ардегер атанған Нұрлан Жаңабайұлы 1966 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Алмалы ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Алмалы орта мектебін тәмамдап, 1983 жылы Шамалған су шаруашылығы техникумына түсіпті. Бірінші курсттың аяғында, яғни, 1984 жылы Белорус мемлекетіне әскер қатарына шақырылды. 1986 жылы отан алдынағы борышын өтеп келіп, оқуын желтоқсан айының алғашқы күнінен бастап әрі қарай жалғастырады. Дәл осы жылдары 1966 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Ертай ауылының тумасы Нұрилла Меркебекқызы да Шамалғандағы су шаруашылық техникумының студенті еді.
…1986 жылы Мәскеудегі орталықтың, республика халқының пікірімен санаспастан, пленумда Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлауы халықтың наразылығына түрткі болды. Сөйтіп 17 желтоқсанның таңында бір мақсатта ел мүдделерін қорғаймыз деген жастар алаңда бас қосып, өз талаптарын айта бастаған еді. Әрине еліміздің жастарының бұл рухты бастамасы басқа қалаларда қыз-жігіттердің бас көтеруіне одан сайын күш берді. Шамалған ауылында орналасқан барлық оқу орындарының студенттері бірікті. Студенттік кеңестің төрағалары «Әр елдің өз көсемі болсын!», «Біздің өз әнұранымыз, туымыз, елтаңбамыз болуы керек!», «Ел ертеңі үшін бүгін бірігейік» деген ұрандар жазылған жадынамаларды таратып, жастарды көтеріліске шығуға шақырды. Сол белсенді студенттердің қатарында Нұрилла әпкемізде бар болып, күні бойы таңнан қара кешке дейін бір құшақ парақшаларды таратты.
Шамалғандағы орталық көшелердің бірімен жастарды үгіт-насихат жадынамаларды ұстап жүргенін көрген туысқан жездесі «Бұның арты ертең жақсылыққа апармайды, сотталасың, сені ұйымдастырушылардың қатырында боласың», – деп ұрсып, үйіне алып кетеді. Мұны естіген тумалас әпкесі тіпті шошып, Нұрилла әпкемізді жатақханаға жібермей қояды. Ойындағы ісін бітіріп үлгермей қалған кейіпкеріміз, келесі күні оқуға баруым керек деп техникумға барады. Бұл күні жастар бірігіп, «өз талап тілегімізді біз де айтамыз», – деп сақадай сай отыр екен. Алаңға әлі шығып үлгермепті, Нұрилла әпкеміз үлгердім-ау деп қуанышпен олардың қатарына қосылады. Әскерден келгеніне 10 күнге жуық қана уақыт болған, оқуын қайта жалғастырып жатқан Нұрлан ағамыз, бірден рухты жігіттермен бірлесе кетті. Осылайша таңды үздіге атырып, сағат төрт-бестердің шамасында шамалғандық қыз-жігіттер ауылдағы орталық Маяковский көшесінің бойымен Қаскелең қаласына жол тартады. Қолдарында үлкен әріптермен жазылған плакаттары бар, айғайлап ұрандатып келе жатқан жастарды ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері Шамалған ауылының шыға берісін де тосқауылдап, күтіп алады. «Біз Қаскелең қаласындағы орталық алаңға барып, өз талап тілегімізді билікке жеткіземіз деп келе жатқан белсенді жастармыз», деген олардың түсіндіргеніне қарамастан жолды бөгеп тастайды. Бұлар да қарап отырмай айлаға басып, қыздарға тиісе қоймайтын шығар деген оларды алдыға шығарып, артынша жігіттер өтіп кетеміз деген жоспарларын құрады. Дегенмен, Кеңес Үкіметінің бұйрығымен келген полиция қызметкерлері қыз-ұлына қарамай өтуге талпынғандардың барлығын қан-жоса етіп сабап, қарсылық көрсеткендерді машиналарының ішіне қамап тастады. Алдыңғы шепте тұрған Нұрилла әпкеміз де машинаның ішіндегі темір торға жауып тастады. Ол уақытта жігіттер әлі өтуге талпынып біразға дейін арпалысты. Әрине ішкі істер бөлімінен келген қызметкерлердің қолдарында қару-жарақтары болғандықтан қосымша күш шақыртып, аяусыздықпен соққылады. Бір уақытта Нұрилла әпкеміз отырған машинаның есігін бір қазақ офицері ашып ақырын ғана «қаш», деді. Ауыр соққыдан зақым алған аяғына қарамастан шыға сала ауылға қарай бет алды. Біраз жүргенен кейін аяқ алысы баяулап, шамасы құри бастады. Сол кезде алда кетіп бара жатқан Нұрлан ағамыз бен курстасы Бекет Қабахов ақсаңдап келе жатқан өрімдей жас қызды тастап кетпей қолтықтарына қысып алып жүгіреді. Ол кезде бүгінде ұйыған отбасыға айналып отырған кейіпкерлеріміз бір-бірлерін мүлдем танымайтын. Сол күнгі желтоқсанның ызғарлы оқиғасы екеуінің әрі қарай өмір жалғауларына себеп болды.
Жастар үшін естен кетпейтін күндер енді басталды. Барлығын әкеп, техникумның акт залына тамақсыз қамап тастады. Сол кездегі көтеріліске шыққан студенттердің үстінен іс қозғап, күнде сұрақ-жауапқа тарта бастады. «Бұзақы жасадыңдар» деп айып тақты. Орыс ұлтының өкілі болған тергеуші аузына келгенін айтып, қазақтарды мазақтап, неше түрлі қорлық сөздермен балағаттайтынды шығарды. Қарсы сөйлегендерді, шапалақпен жақтарынан тартып та жіберетін. Осылайша, күнделікті тергелді. Оқу орнында белсенді болғаны үшін, еңбегі сіңгендіктен Нұрилла әпкемізбен Нұрлан ағаны стипендиядан айырып, комсомолдан шығарды. Ең соңғы ескертумен оқуда қалдырды. Бұл оқиға олардың әке-шешелеріне оңай тимеді, оларды да комсомолдан шығарып, 2-3 айлықтарын қысқартыпты. Жаңа жылға келмей, мүлдем хабарсыз кеткенен кейін Нұрилла әпкеміздің әкесі Меркібек Ермекұлы техникумға іздеп келіпті. Қызының амандығына көз жеткізген соң қайта ауылына қайтады.
Күндер жылжып жалғаса берді. Ал кейіпкерлеріміз техникумның қабырғасында жүріп 1987 жылы отбасын құрды. 1988 жылы оқуларын тәмамдап ауылға барғанда желтоқсан көтерілісіне қатысқансыңдар деп ешбір жер жұмысқа алмады. Отбасын асырау керек болған соң амалсыз екеуі Қырғызстан мемлекетіне аттанып, Үлкен Шу каналының зерттеу орталығында 1994 жылға дейін жұмыс істеген. Тәуелсіздік жылдарынан кейін елге қайта оралып, Алматы қаласында әр салада жұмыс істеді. Бүгінде бұл отбасы қоғамдық тамақтану саласында кәсіптерін жүргізіп отыр. Желтоқсанның ызғарлы күні көтеріліске шығып, қамауда, тергеуде болған күндері өз кесірін тигізбей қоймады. Денсаулықтарына зақым келіп, Нұрилла әпкеміз бірнеше жыл депрессия мен қорқыныш сезімімен күресіп келді. Сұхбат барысында, Желтоқсанның ызғарлы күндерінде оқиғаны әңгімелеу үстінде көз жасына ерік берді. Шаңырақ көтергенен кейін 1994 жылы көп күткен Нұрболат есімді бала өмірге келді. Бүгінде ол баладан екі немере сүйіп отырған жайлары бар.
Желтоқсан ардагерлеріне біз де бар жақсылықты тілейміз! Кемел келешектері өркендеп, жетістік жолында жұмыстары жандана берсін!
Бұрым ОРЫНБАСАР