«ArtSport» бала болашағының іргетасы

«ArtSport» бала  болашағының  іргетасы

Елімізде қашан да өскелең ұрпақтың дамуына барынша назар аударған. Оның жарқын дәлелі – республикалық маңызы бар қалалар мен мегаполистерде түрлі өнер, шығармашылық орталықтарының болуы. Бұдан бөлек елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, «Art Sport» тегін үйірмелер бағдарламасы іске қосылған еді.

Жобаның арқасында көп балалы, жалғыз басты аналар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар тегін үйірмелерде оқуға мүмкіндік алып отыр. Өздерінің оқыту орталықтары бар кәсіпкерлер де аталмыш бағдарламаны қолдап, өз мекемелерінде тегін үйірмелер ашуда. Сондай орталықтың бірі – Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай ауылындағы «Aqyldy bala» оқу орталығы.
Өткен аптада аталмыш мекеме өз аумағында «ArtSport – бала болашағының іргетасы» атты облыстық форум ұйымдастырып, осы бағдарламамен алдағы уақытта белсенді жұмыс жасап, қала, аудан, ауыл балаларына тегін үйірмелерге қатысуға барынша мүмкіндік жасау керектігі жайлы тақырып қозғады.
Форумның негізгі бөлімі басталмастан бұрын орталық басшылығы өздерінің қосалқы төртінші бөлімшесінің ашылу салтанатын өткізді. Жаңа нысанның лентасын осы орталықта біраз жыл еңбек етіп, бүгінде Алматы энергетика және байланыс университетінің доценты, профессор Сайлаубек Ералиев қиды.
Ғимараттың ішімен танысқаннан кейін арнайы шақырылған Алматы облысының «ArtSportEdu» қауымдастығының құрылтайшылары мен жеткізушілері, жеке кәсіпкерлер, құрметті ұстаздар акт залға жайғасып, форумның аясында «ArtSport» – балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту әлеуетті мәселелерін қамтитын пленарлық сессияға қатысты. Оны орталықтың құрылтайшысы, жеке кәсіпкер Нұрғали Тленов пен директоры Мөлдір Пернебекқызы ашып, келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, шараның негізгі мақсаты туралы айтып өтті.
Мұнан кейін форум спикерлері аталмыш бағдарламаға байланысты өз ойларымен бөлісіп, оны болашақта барынша барлық аймақтарда белсенді түрде пайдалану керектігі жайлы сөз қозғады. Нақтырақ айтқанда, бірінші спикер Сайлаубек Ералиев дамыған заманда адамдарға әсіресе, жастарға білімді, көзі ашық, жан-жақты болу керекті және бүгінде осы бағытта белсенді түрде жұмыс жасап жатқан оқу орталықтарының маңыздылығын атап өтті. Сөз соңында профессор өз орталықтарында тегін үйірлемер ашып, мүмкіндігі жоқ жастарға қолдау көрсетіп отырған оқу орынның басшылығына және де осындай бағытта жұмыс істеп жатқан өзге де кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Ал «Obrain» балаларды дамыту орталығының директоры, кәсіпкер, «ArtSportEdu» жеткізушілер қауымдастығының құрылтайшысы Жанар Тургунбаева болса жалпы аталмыш бағдарламаның қалай пайда болғанын, оның негізгі мақсатына тоқталып, бүгінде Алматы облысы бойынша 170-ке жуық кәсіпкер оның аясында тегін үйірмелер ашқандығы жайлы айтып өтті. Келер жылы бұдан да көп кәсіпкерлерді осы бағдарламаға тартып, аудан және ауылды жерлердегі әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына үлкен мүмкіндіктерге жол ашуға барынша қолдау көрсету керектігі туралы сөз етті. Бұған қоса ол шараға қатысып отырған кәсіпкерлерге 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалпыға бірдей өтетін декларациялаудың III кезеңі туралы толығырақ ақпарат беріп, оларды декларация тапсыру кезіңде әрнәрсеге мұқият болуға шақырды.
Үшінші спикер бизнес-ментор, «Алға» дамыту орталығының негізін қалаушы Роза Аубакирова болса «ArtSport» аясында балаларды спортқа нақтырақ айтқанда, саламатты өмір салтын ұстануға баулуға байланысты облыс бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жайлы кеңінен айтып өтті.
Бағдарламаның тиімді жақтарын жан-жақты талдап, онымен қалай жұмыс жасау керектігі жайлы сөз етілген форумның соңында спикерлер жиынға қатысқан кәсіпкерлердің және де ата-аналардың сауалдарына жауап берді.
Мұнан кейін Мөлдір Пернебекқызы қонақтарға «Aqyldy bala» оқу орталығын толықтай көрсетіп, бағдарлама аясында ашылған тегін үйірмелердің жұмысымен жақынырақ таныстырды. Қонақтар орталықты аралаумен қатар, балалардың бисер, ағаш, тоқыма жіп, қағаз сияқты әртүрлі материалдардан жасаған заттарымен, қылқалам туындыларынан, марапаттардан ұйымдастырылған көрмелерді тамашалап, балалардың осындай үйірмелер арқылы қандай жетістіктерге жетіп жатқандығын өз көздерімен көре алды.
Айта кетейік, аталмыш орталық 2015 жылы жеке кәсіпкер Нұрғали Тленовтың бастамасымен ашылған. Алғашында оқушы саны 20 жетер-жетпес болса, қазіргі таңда мұнда 1500 бала білім алып отыр.
Оқытушыларға деген талап жоғары болғандықтан, орталықта сабақ беретін мұғалімдер – тәжірибелі өз пәнін жетік меңгерген мамандар. Соның арқасында қатысып жүрген оқушылардың білім, өнер және спорт бойынша облыстық, республикалық байқауларда ауыз толтырып айтарлық жеткен жетістіктері көп.
Бүгінде орталықта «ArtSport» бағдарламасы аясында қазіргі уақытта 47 тегін үйірме жұмыс істеп тұр. Спортқа қызығатын балалар үшін таэквондо, күрес, дзюдо сияқты, өнерге жақындарға ән, би, музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету, қолөнершілерге тоқыма, тігін, бисермен, бояумен сурет салуды үйрететін және тағы да басқа сыныптар бар. Балалардың жайлылығы үшін спорт залдар, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген сыныптар, асхана, кітапхана, демалыс орындары қарастырылған. Мекеменің барлық жеріне бейнебақылау камералары орнатылған.
Жалпы айтқанда балалалар үшін барлық жағдай жасалған.

Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ