Жуырда Талғар ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы А. Әскербеков Панфилов ауылдық округі- нің тұрғындарымен кездесті. Көптен күткен кездесуге жиналған елдің қарасы қалың болды. «Айқайлай, айқайлай қасқырдан да ұят болды» деген дей, айта-айта жауыр болған жолдың, электр жарығының, ауыз судың мәселесі қайта көтерілді. Кездесу әдеттегідей ауыл әкімі Дулат Даулеталиевтің баяндамасымен басталды. Ауылда атқарылған ауқымды істер қолға алатын жұмыстардың жоба-жоспарымен таныстырған әкім есептік баяндамасын ауылдық округке бөлінген қаржының есебін берумен бастады. Сол қаржының нақты қандай мақсатпен қайда жұмсалғаны туралы да ел алдында егжей-тегжейлі есеп берді.
Айтар ойын қағазға тізіп келген Табаксовхоз ауылының тұрғыны Жанна Михаилқызы ауылдағы трансформатрдың тым ескі екенін айтып, электр жарығының еш себепсіз, ешқандай ескертусіз жиі сөніп қалатынына наразылық білдірді. Күніне бір емес, бірнеше рет сөнетін электр жарығының кешке қарай тым әлсіз болуы салдарынан тұрмыстық техникамыз істен шығып жатыр деген ол, жылдар бойы шешімі табылмаған мәселенің нүктесін қояр уақыт жетті деп өктем сөйледі. Жанна Михаилқызының жанайқайын жақсы түсінген аудан әкімнің міндетін уақытша атқарушы А. Әскербеков электр жарығына жауапты мамандардың сылтауын орынсыз деп танып, халықтың наразылығын тудырды. Бүгінгідей әлеуметтік желінің әлеуеті зор болып тұрған шақта қашан, қанша уақыт жарық сөнетінін хабарлау қиын емес екенін айтып, тұрғындардың да пікірімен санасуды тапсырды. Сондай-ақ бұл мәселені өзі қатаң бақылауға алатынын айтқан А. Әскербеков бір шешімін табуға уәде етті.
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы түсіп, Қызылту ауылынан бөлініп қалғалы жол, жарық, ауыз суға жарымай жүрген 25 отбасының мұңын арқалап, әкімдіктің табалдырығын тоздырған Тоғжан Чадинованың көтерген мәселесі өте өзекті. Жазда ғана ауылдағы мектеп оқушыларын тасуға автобус берілгенін айтқан ол автобус жүргізушісінің жалақысы неге тым төмен деген сұрағын аудан әкіміне төте қойды. Таңғы сағат жетіде қозғалған автобус кешкі сағат жеті жарымға таман тұраққа баратынын, айына небары 75 мың теңге алатын жүргізушіні алдап-сулап, әрең ұстап отырғанын жеткізді. Егер ол кетіп қалса, балалардың мектепке барып, келуі тым қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Тіпті жолдың жайын да айтқан ол балаларды тасуға арналған көлік батпақ жолдарда жиі батып қалады дейді. Жол демекші, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы түскелі жолсыз қалдық деген Тоғжан Байсерке агроның жерінен уақытша берілген жолды ауылдарына апаратын асфальт жол етіп заңдастырып беруін талап етті. Ауылға кіре берістегі жалғыз Сералин көшесінің тым тар, әрі батпақ болғандығынан мектеп автобусының батып қалғаны әлеуметтік желіде қоғамның талқысына түскені шындық. Ауылдастарының жайын айтқань Т. Чадинова сол 25 отбасында мүгедектігі бар балалардың да бар екенін, жарымжан балалардың мемелекет тарапынан берілетін жәрдемақыдан қағылып отырғанын да жасырмады. Алдыларына барса, адам құрлы көрмейді деп жауаптыларды түйрей сөйлеген ол тиісті мамандардан жауап күтетінін ашып айтты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, аудан әкімі Таңат Айдарбековтың демеуші тауып, ауылына ауыз су құбырын тартып бергеніне шексіз алғысын білдірді.Ал Жаңылсын Молдабаева Панфилов ауылдық округ әкімінің атқарған істеріне ризашылығын жеткізе отырып, Қызылту ауылындағы 900 балаға арналған мектеп құрылысын салуға пайдаланылған ауыр жүк көліктерінің су құбырлары құдықтарын бүлдіріп жатқанын тілге тиек етті.
Жүйткіген жүк көліктерінің салмағымен барған сайын жерге кіріп бара жатқан су құбыры бүлінсе, біз де ауыз су азабын тартатын боламыз деп ашынды. Топырақ тасыған көліктер жолды шаң қылып, жаңбырлы күндері көшедегі батпақтан балалардың сабаққа баруы қиындады дейді кейуана.
Панфилов ауылы Ақын сара көшесінде бетоннан қоқыс жәшігін шығаратын үлкен жылжымалы кран жұмыс істеп келгенін айтқан Алуа Абжапарова: «Бұл кран жұмыс істегелі бір жыл болды. Өткен жылы аяқ астынан пайда болған нысанның қандай мақсатта құрылғанына аса назар аудармаппыз. Кейін гүрілдеген дыбыс мазамызды ала бастады. Тура жер сілкініп жатқандай есік-тереземіз, ыдыс-аяқтарымыз сықырлап, тыныштығымызды кетірді. Жұмыстан келгеннен кейін демалуға мүмкіндік бермейді. Тіпті осы цех іске қосылғалы электр жарығы әлсіреп, тұрмыстық техникамыз шетінен істен шығып жатыр. Күні-түні гүрілдеген дыбыстан сәбилеріміз де тыныш ұйықтай алмайды. Өз үйіміз өзімізге пана болмай қалды. Осыған дейін әкімдікке арыз жазып, бұл мекеменің жұмысын тоқтатуды сұрағанмын. Әкімдіктен, құқық қорғау органдарынан келген адамдарға Түркияға кетіп бара жатқанын айтқан мекеме иесі уақыты жоқ екенін сылтауратып келмей қойды. Содан жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Айналасы қоршалған, бөгде адамдарды кіргізе бермейтін жабық мекеме электр жарығы әлсіреді деген тұрғындар шағымнан кейін өз алдына электр желісін тартып, жұмысын жандандыра түсуде. Тіпті қандай мекеме екені туралы да ешқандай жерде жазылмаған. Арыз жазғанымызбен құзырлы орындар әлі күнге дейін ешқандай әрекет етпеді. Тынышымызды кетіріп, жүйкемізді жұқартқан бұл мекеме жұмысын жалғастыра бере ме?!» – деп ашынды.
Ауыл тұрғынының сөзіне жауап берген А. Әскербеков бұл мәселе туралы әлдеқашан тексеріс басталып кеткенін, жазылған арыз бойынша Талғар аудандық жер қатынастар бөліміне және Құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөліміне хат жолданып, аталған мәселе жөнінде берілген тапсырмаға жауап күтіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ мәселенің мән-жайын толық анықтағаннан кейін ғана бұл мекеме жұмысын жалғастыратыны немесе тоқтататыны белгілі болады деп жауап берді.
Тұрғындардың назына құлақ түрген А. Әскербеков жауапты мамандарға бір қатар тапсырмалар жүктеп, мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды. Уақытша аудан әкімінің міндетін атқарған ол әр түйіннің шешілер жолы бар дегенді айтып, «Қалауын тапса, қар жанады» деген аталы сөзді арқау етті. Бес қол бірдей ауызға сыймаса да, әр мәселе кезек-кезегімен шешілетін болса, қордаланған мәселенің көбесі сөгіліп, жұрттың алдында жүзіміз жарық болады деген ойын ортаға салды. Атқа мінер азаматтарға үлкен үмітпен келген жұртшылық бұл кездесу көп мәселенің шешілуіне себеп болады деген ниетпен тарасты.
Зорагүл Әбдіқадір