Қай мемлекетті алмайық, олардың экономикалық әлеуетінің функциясы деп САЛЫҚТЫ санауға болады. Демек, мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғам өмірінің айрықша аясының тоғысатын жері — салық органы. Салықтық бақылауды ұйымдастыру жолдарын тұрақты түрде дамытып, әрқашан жаңа әдістермен түрлендіруді жетекшілігіне алатын мекемелердің бірі ретінде Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасын атап өтсек, қателеспеген болар едік. Бүгінгі нарықтық экономика кезінде салықтық қызметтің маңызын, соның негізінде пайда болатын салықтық-құқықтық қатынастардың жұмысын білу – оқырман үшін қажетті ақпараттың бірі екенін ескеріп, 14-тамыз – Мемлекеттік кірістер КОМИТЕТІ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мүлкібаев Асхад Әбенұлына жолығып, сұхбаттасқан едік.
-Өткен 2016 жыл Сіздер үшін абыроймен аяқталғанын білеміз. Белгіленген жоспарды артығымен орындап, облыс көлемінде 2-орын алып, аудан абыройын бір көтеріп тастадыңыздар. Ал биылғы жылдағы жетістіктеріңіз қандай?
— Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетін біріктіру жолымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қайта ұйымдастырылды және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне экономикалық тергеу қызметі қосылды. Осындай ауқымды органдар бір комитет астында қызмет істегеннен кейін де жұмыс көбейіп, талап та жоғарылайды. Дегенмен, Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін жете білгендіктен жұмысымызда жүйелілік бар. 2017 жылдың 1 жарты жылдығын жақсы көрсеткішпен аяқтағанымыздың өзі сөзіме дәлел бола алады. Мысалы, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы салықтар мен түсімдердің болжамы артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджетке 9 139 720,3 мың теңге салық түсіп, 109,0 пайызға жетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 117,9 пайыз жоғары немесе 1 384 545,6 мың теңгеге артық.
Оның ішінде: республикалық бюджетке қойылған болжам 4 414 869,0 мың. теңге, түсім 4 537 891,3 мың. теңгемен 102,8 пайыз, айырма 123 022,3 мың. теңге артық. Өткен жылмен салыстырғанда қарқын 118,6 пайыз немесе 706 348,2 мың. теңгеге артық.
Жергілікті бюджетке қойылған болжам 3 967 875,0 мың теңге болса, түсім 4 601 829,0 мың теңге орындалу 116,0 пайыз, айырма 633 954,0 мың теңгеге артық. Өткен жылмен салыстырғанда қарқын 117,2 пайыз немесе 674 411,4 мың теңгеге артық.
Меншікті бюджетке болжам 1 702 625,0 мың теңге берілсе, түсім 2 206 602,4 мың теңгені құрап, орындалуы 129,6 пайыз, айырма 503 977,4 мың теңге артық. Өткен жылмен салыстырғанда қарқын 445 930,2 мың теңгеге артық.
Біз осындай жетістіктерге аудан экономикасының өсуінің және салықтық әкімшілендіруді жақсартудың, қосымша резервтерді табудың арқасында жеттік. Сонымен қатар, салық заңнамасын түсіндіру, салықтық әкімшілендіру, камералдық бақылау және салық төлеушілердің сауаттылығын арттыру, уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар бекітілген болжамның артығымен орындалуына елеулі ықпалын тигізді.
— Сіздердің жетістіктеріңіз — аудан экономикасының айнасы екендігі рас. Дегенмен, салықтарды төлеуден бас тартқан немес жалтарған фактілер тіркелген болар?
— Әрине, кемшіліксіз дүние жоқ. Белгілі бір жетістікке жету кемшіліктерді жою арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік кірістер басқармасы салықтарды төлеуден жалтару жолдарын пайдаланатын салық төлеушілердің кемшіліктерін анықтап, 2017 жылы Алматы облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына шағымданған. Нәтижесінде сот шешімімен сенімсіз кәсіпорындардың қайта тіркелуіне жол бермеді.
Және де 2017 жылы жалған кәсіпкерлермен өзара есеп айырысу бойынша қосылған құн салығы бойынша есептен 2 188, 0 мың теңге шығарылды, сонымен қатар коорпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы бойынша есептен 2 472, 9 мың теңге шығарылды.
2017 жылдың 6 ай аралығында 459 991,0 мың. теңге қосымша резервтер өндірілді, оның 93 319,0 мың теңгесі қолма-қол бюджетке төленді. Осы орайда айта кетейін, Гүлдала, Белбұлақ, Панфилов сынды ауылдық округтердің салық жөнінен ешқандай қарыздары жоқ. Ауыл әкімдерінің жұмыстарының нәтижелі екенін осыдан білуге болады. Басқа округтер үлгілі әріптестерінен үлгі алса деймін.
— Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы салық төлеушілер хабарланып отыра ма?
— Мемлекеттік қызмет алу кезінде салық төлеушілер үшін жайлы жағдай жасау біздің мекеменің басты бағыттарының бірі. Мемлекеттік кірістер органдарымен 50 мемлекеттік қызмет түрінің 18-ін Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы көрсетеді. Сондай-ақ, Салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы салық төлеушілерге семинар-кеңестер өткізіліп тұрады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да ақпараттандырылады. Оның ішінде, аудандық «Талғар» газеті өздеріңіз де үнемі қолдау көрсетудесіздер. Биылғы жылдың өзгерістеріне келетін болсақ, 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап дара кәсіпкер ретінде тіркелу рәсімі едәуір жеңілдетілді және хабарландыру тәртібінде жүзеге асады. Дара кәсіпкер ретінде Мемлекеттік кірістер департаментінде немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясында (ХҚКО) тіркелуге болады. Дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге отыруда арнайы салық режимін таңдай алады. Мемлекеттік тіркеуден өту үшін кәсіпкерлікті бастағаны жөнінде хабарлама (бекітілген форма бойынша) тапсырса болғаны.
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін электрондық тәсіл енгізіліп, нәтижелі жұмыс атқаруда. Ол үшін арнайы терминалдар орналастырылып, тұрғындар инспекторлар көмегімен келген жұмыстарын тез арада тындыра алады.
Салық кодексінің 411 және 420-баптарында көрсетілген қызметі бойынша тиісінше ойын бизнесі салығы және тіркелген салық салынатын тұлғалардың құқығы жоқ. Салықтық тексерулерде ашықтық әдісін қолданамыз. Бей-берекет тексерістер жоқ қазір, арыз-шағыммен барып тексеріп, анықтаймыз.
Сонымен қатар, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қоюдан бас тарту шарттары алынып тасталды. Қазіргі уақытта басты атқаратын міндеттеріміздің бірі — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Салық төлеушілерге осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізілуде.
— Басқарма жұмысы мен қызметкерлеріне тоқтала кетсеңіз?
-Қазір Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 8 бөлім, барлығы 44 мемлекеттік қызметкер күнделікті жұмыс ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпей, өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып келеді. Жоспарды орындау үшін қойылған мақсаттарды жүзеге асыру және мемлекеттік бюджетті толықтыру мақсатында басқарманың мамандары өз білімдерін арттыру — басты мақсаттары. Жұмысқа келген жас мамандар мен салық төлеушілерге тәжірибелі қызметкерлер, басшының орынбасары Едгар Лесханов, Эльмира Маханова, бөлім басшылары Бейбіт Иманбаев, Ержан Темірбаев, Әсел Шаймерденова, Ғазиз Байбасаров, Жанар Мұханова, Бақыт Құрмашев, Еркебұлан Қасымханов, Ықылас Нүсүп кеңес беріп отырады. Мемлекеттік кірістер басқармасында жиырма бес жылдан астам уақыт бойы Файза Баянбаева, Венера Қойлыбаева, Ермахамбет Махашев, Серік Исаев, Қарақат Әбілғазиева, Замира Джумаева, Сәуле Жаңабаева қызмет істеп келеді және жас мамандарға тәлімгерлік көрсетуде.
Біздің алға қойған міндеттеріміз ауқымды әрі айқывн болғандықтан ел болашағы жолында аянбай еңбек етуден танбаймыз.
— Сұхбатыңызға рахмет. Келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Еліміздегі экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елде қабылданған заң нормаларын мүлтіксіз орындау, елдің мүддесін қорғауда атқарып жатқан жұмыстарыңыз тек жаңа серпін мен сәттілік тілейміз.