Желтоқсан ақиқаты

Желтоқсан ақиқаты

1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік хұқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Бүгінгі шындық – ертеңгі тарих. Желтоқсан оқиғасы сол кездегі жастардың есінде мәңгілікке қалды.

1986 жылы мен Қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетінде 2 курста оқып жүрген кезім еді. Алматыда Горький атындағы демалыс саябағы жанындағы пәтерде тұратынмын. 16 желтоқсан күні таңертең Әлия деген КазПИ-де оқитын құрбым келіп тұр. «Жүр алаңға барайық, жұрт жиналып, митинг болайын деп жатыр,біздің студенттер кетті барлығы», – деді аптығып. Апұл-ғұпыл жинала салып, екеуміз Брежнев алаңына жетіп, қаптаған жұрттың ортасына кіріп кеттік. Басында не боп жатқанынын түсінбедік, қазіргі әкімдік ғимаратын милиционерлер қоршап, ешкімді жібермей тұр. Оларға жиналғандар қар лақтырып жатыр. Бәрі газетті жыртып, аяқпен таптап жатыр екен. Бір газетті қолымызға алып қарап едік Қонаев қызметінен кетіп, орнына Колбин басшы болғаны жазылыпты. Мыңнан аса халық «Қазақ басшы! Қазақ басшы!» деп айқайлап жатыр. Мәселенің мән-жайын енді түсінген біз де қосыла бастадық. Ортамыздан белсенділер шығып, «Қазаққа Қазақ басшы керек!» деп ұрандатты. Бір кезде алаңдағы трибунаға үкімет басшылары, зиялы қауым өкілдері шығып, қойыңдар, тарқаңдар деп сөйлей бастап еді, оларға қар лақтырып, ешкім тыңдамады. Халық алаңға көптеп келе бастады. Күннің суығына қарамастан біз де күні бойы жүрдік. Бір кезде қаланың бас прокуроры микрофонмен шала қазақ тілінде «жастар, кетініздер уйлеріне, а то біз куш пайдаланымыз» деп ескерту жасай бастады. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ, газетті майдалап жыртып, аяқпен таптап, Қонаев келсін алаңға деп шулап жатыр. Сол кезде жиналған жұрт не үшін қызметтен кеткенін, неге Мәскеу халықтың қазақ екенін біле тұра басқа ұлттың өкілін сайлағанын білгісі келіп, Қонаевтың келуін талап етті.Бір кезде таныс дауысты естіп қалдым, ортада микрофонды алып, менен бір курс төмен оқитын жерлесім Роза сөйлеп жатыр екен. Мен оны соншалықты ер жүрек, батыл деп ойламаппын. Кейіннен институтта кездесіп қалғанымда ол маған күнде тергеуге барып жүргенін, оқудан шығарып жібергенін айтты. Одан өзге соққыға жығылып, денсаулығы болмай жүргенін де жасырмады. Сонымен сағат 4-5 тер шамасында алаңға өрт сөндіру машиналары келе бастады, прокурор қоймай сөйлеп жатыр «кетіңдер, су шашамыз» деп.Қолдарында дубинкалары бар милиционерлер қаптай бастады. Бір кезде өрт сөндірушелер су шаша бастады, бәріміз Байсейітова көшесімен төмен қарай қаша жөнелдік. Құлап қалғандарды итпен қуып жеткен әскерилер таяқтың астына алды. Ертесі, 17 желтоқсан сабаққа келдім.Қыздарға көрген, білгенімді айтып жатырмын. Қыздар жатақханада тұратын. Куратор келіп, сабақ болмайтынын айтып, ешкім ешқайда шықпасын деп ескертіп кетті. Курсымызда қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген үш-төрт қыз бар еді, солар қашып, алаңға барып келіпті.Кабинетке кіре сала алаңда болып жатқан сұмдықтарды жеткізіп, жылап жіберді. Мұны біліп қойған декан мен куратор қыздарды комсомол жиналысына салып, стипендиядан айырды. Жаңа жыл қарсаңында алаңға барған қыздардың барлығының ата-анасына «балаңызға дұрыс тәрбие бермегенсіз» деген хаттар жолданды. Арамызда «халық жауы» пайда болғандай сезім туды. Тіпті бір-бірімізге желтоқсан қақтығысы туралы айтудан қалдық. Қолыңа кісен салып алып кететіндей үрейде болдық. Сонымен куратор үйде тұратындар қайтыңдар, үйден шығушы болмаңдар деп 3-4 студентті үйімізге жіберді де қалған қыздарды жатақханаға алып кетті. Мұғалімдер күндіз-түні кезекшілікке шығып, сабақ тоқтатылды. Бәтима Ережепова деген курстасымның желтоқсан оқиғасына қатысқанын жуырда ғана білдім, қазір ол да ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алды. Оқып жүргенде алаңға барғандарды анықтап, тергеуге шақырып, соттап жатқан соң бәріміз бір-бірімізден жасырып келдік. Жақында Бәтимамен хабарласып, басынан өткен оқиғаны айтып беруін сұрадым. «Ол кезде мен профкомның мүшесі болатынмын, профкомның жиналысы болады деп жатақхананың үлкен залында жиналып жатқан кезде орта жастағы үш жігіт кіріп келді. Олар Д.Қонаев атамыздың басшылықтан кетіп, орнына Қолбин деген басқа өңірден орыс басшы келетінін , таңертең сегізден қалмай алаңға жиналу керектігін айтты. Қолдарыңа арнайы лозунгтер береміз деді. Сол күні кешке КазГУ-де оқитын құрбым туған күніне шақырған еді, таксилетіп сол жаққа бардым.Оларға әлгі үш адам келіп, бізді ертесі алаңға шақырып кеткені жайлы айтып бердім.Құрбым бұдан хабардар екенін айтып, 17 желтоқсан күні бәріміз ертелетіп алаңға бардық.Келсек алаңда көптеген жоғары оқу орындарының студенттері жүр екен. Қолымызға «Қазақ басшы!», «Қазаққа Қазақ басшы!» деген лозунгтар ұстап, бейбіт шеруге араласып кеттік. Трибунаға зиялы қауым, үкімет басшылары шығып, қайтыңдар, қойыңдар деп сөйлеп жатты. Жастар ұрандатуын қоймады, бірақ ешқандай тәртіп бұзушылық болған жоқ. Кеш бата біздерге су шаша бастады, үстіміз су болса да қайтпаймыз. Құрбым екеуміз жатаханаға келіп, киім ауыстырып қайта алаңға бардық. Таңға дейін жүріп, жігіттер шағын от жағып, жылынып отырдық. Ертесі алаңға Минскіден бойлары ұзын, бастарында темір каска, қолдарына щит, саперлік күрек және темір дубинка ұстаған әскерлер қаптап, жиналғандарға күш қолдана бастады. Бір қарасам сондай бір зіңгіттей жігіт маған қарай келе жатыр екен, өлген жерім осы екен дедім. Сөйтсем артымда бір студент лозунг ұстап тұрған екен, темір таяқпен әлгі жігіттің басынан салып кеп жіберді.Басынан аққан қан менің үстіме шашырап кетті. Жерге құлаған жігітті көтермек болып жатыр едім жаныма келіп, курткамның жағасынан алып лақтырып жіберді. Мен жолдың шетіне жақын бір ағашқа арқаммен барып соғылдым, содан есімнен танып қалдым.Қанша уақыт өткенін білмеймін, есімді жыйсам қараңғы батып қапты, жүре алмаймын. Әрең дегенде аяғыма тұрсам арпылдап бір ит тұр жанымда, артында солдат тұр.

Патрульдік көлікке салып , алып кетеме деп едім, бұрылды да кетіп қалды. Сүйретіліп Сәтбаев көшесіне шықтым. Екі жігіт қашып барады екен, соларға «көмектесіңдерші!» деп айғай салдым. Олар құрылыс колледжінің студенттері екен, қасыма келіп, мені 12-ші ауруханаға апарды. Дене қызуым көтеріліп, екі өкпемнен суық өтіп кетіпті. Үш қабырғам сынып, аяғымның басы күл болып шытынап кетіпті. Дәрігерлер барлық ем-домды жасап, тезірек үйіңе қайт деді. Өйткені сол кезде милиция, КГБ ауруханаға түскендерді тексеріп, қамауға алып жатқан болатын. Содан такси ұстап, жатақханаға қайттым. Кураторым алдымнан шығып, сен қайда болдың деп сұрақтың астына алды. Туысымның үйіне қонаққа бардым деп өтірік айтуға тура келді. Сөйтіп екі аптадай ешкімді жатаханадан шығармай, қамап тастады.Сонымен каникул басталып, ауылға кеттім. Бірақ алаңға шығып, таяқ жегенімді ешкімге айтпадым.Ол кезде желтоқсаншыларды іздестіріп, тергеп жатқан кез болатын. Оқудан шығарылып, алды түрмеге жабылып жатты. Сол қорқыныш үреймен біраз жыл өмір сүрдік. Енді міне, үкіметтің қаулысымен ақталып шықтым»,– деді Бәтима көзінің жасын жасырмай.
Желтоқсанның 17-18 күндері бейбіт шерудің арты шиеленіске айналып кетті. Түнімен әскерилер келіп, бүкіл алаңды қоршап алды. Оның басым бөлігі қазақтар, әскери міндетін атқарып тұр, ал ашуланған жұрт оларды «намыстарың қайда, кімді қорғап тұрсыңдар!» деп балағаттап жатыр, тіпті бірін-бір ұрып та жатыр.Алаң қызыл қаннан көрінбейді. Қалада жүріп,тұру, дүкенге бару қауіпті бола бастады. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, бірақ ана жақтан бір топ орыстар шығыпты, мына жақтан қаруланған топ келе жатыр деп нешетүрлі сыбыстар жетіп жатты. Одан бөлек, осындай жағдайды пайдаланып, ұрлық жасайтындар көбейді. Ерігіп жүрген бұзақылар жақсы ермек тауып, көшеде кетіп бара жатқан басқа ұлттың қарапайым адамдарын ұрып, соқты. Көшеде аударылып жатқан , өртеніп жатқан көліктер. Тонаушылық басталды.Біреу көліктерді шағып, аударып жатса, енді біреулер қосалқы бөлшектерін шығарып жатыр. Үйге баруға қорқып, үлкен әпкемнің үйіне бардым. Бәріміз бір жылап алдық, қорқыныш пен үрей пайда болды. Бір кезде телефон шыр етті. Әкемнің қарындасы Гүлнар тәтеміз екен, еңкілдеп жылап тұр. Жездем екеуі Сәтбаев көшесінен жоғары тұрушы еді, дәл сол күні әпкем етігін ремонтқа бермек болып үйден шығады. Жолда екі сіңілісі алдынан шығып, алаңға бара жатқандарын айтады. Сонымен Сәтбаев Дзержинский көшесінен өтіп бара жатқанда жездемді басқалармен бірге қосып автобусқа салып әкетеді.Қайда кеткенін білмеген әпкеміз не істерін білмей, хабарласып тұр екен. Түннің бір уағында жездеміз үйге келді. Үстінің бәрі көкала қойдай, қайда болдың деп жанталасып сұрап жатырмыз.Бір автобус адамды Сайран жақтағы РОВД-ға апарып, қамап тастаған екен.Орталарында қыздар, тіпті аяғы ауыр екі келіншек те болған, милиционерлер қыздарды шаштарынан сүйреп, тепкілеген. Оған шыдамаған жездеміз қыздарды ұрмаңдар деп ортасына түсіпті. Саған да керек па деп көкірегінен аяқпен теуіп кеп жіберген.Демала алмай, есінен танып біраз жатыпты. Содан бір құдайға қараған үлкенірек қазақ милиционер келіп, есікті ашып жіберіп қашыңдар тез деген. Сол кезде бәрі қашып, күннің суығына қарамастан жаяулатып үйге жеткен. Бастапқыда ұсталғандарды қала ішіндегі ғимараттарға апарып тастаса, екінші күндері Қапшағай, Қаскелен сияқты қалалардың шетіне айдалаға апарып, төгіп тастаған. Олардың ішінде үстілерінде киімі жоқ, қансырап жатқандар бар.Қаншама үрімдей қыз-жігіттер қыршын болды десеңізші! Ұлты үшін бастарын ажалға тіккендердің ішінде болған Гүлмира Иманбердиева 37 жыл өтсе де, желтоқсан оқиғасын әлі күнге дейін еңіреп, еске алады:
– Желтоқсан оқиғасы кезінде небәрі 19 жаста едім. Түркістандағы училищені бітірген соң бір жылдай жұмыс істеп, Тараздағы технологиялық институтқа түсем деген оймен Алматыға үлкен әпкеме келдім. 1986 жылдың 13 желтоқсанында АХБК-ға жұмысқа тұратын болдым.16 желтоқсан күні түстен кейін сол кездегі ЖенПИ-ге әпкемді іздеп бардым.Одан соң әпкеме еріп , алаң жаққа шыққан толқынмен бірге алаңнан бірақ шықтым. Топырлаған топтың ішінде әпкемнен көз жазып қалдым. Алаңда жастар көп болды, оқушыларда жүр, көбі қызық көрмек болып келсе керек. Әскерилер мен милиционерлер қоршап алған. Кешкісін Фурманов көшесі жақтан бір көлік тоқтай қалып, арақ тарата бастады. Біреулердің араққа жоламаңдар, бұл арандатушылық , ертең алаңға арақ ішкен бұзақылар шықты деген айыпқа қаламыз деген дауыстары естіліп жатты. Кешкісін жиналғандарды су шашып, итпен қуа бастады. Үстіміз су, қашып бара жатып, жақын маңайдағы үйлерге кіріп, жылынуға тура келді. Кимімізді кептіргенсіп қайта алаңға шықтық. Сөйтіп жүргенде қасымдағы қыздармен қолға түстік. Бізді автобусқа тиеп, сол кездегі Фрунзе ауданының милиция бөліміне апарып, қамап тастады.
Тергеуде алаңда ешкімді танымайтынымды , әпкемнен адасып қалғанымды айттым. Бір қазақ кісі: «тез үйіңе қайт қызым» деп шығарып жіберді. Бірақ баратын жерім жоқ болып, әпкемді іздеп алаңға қайта бардым.Сол жерде қыздармен танысып, үш күн алаңда бірге жүрдік.Басында әпкемді тауып алсам деп жүрдім, кейін қасымдағылардың сөздері ұйытты. Патриоттық сезім, намыс пайда болғандай болып, аяғына дейін жүруге бел будым.Бірақ 18 күні ұсталып, қатты таяқ жедім. Басымнан алған соққыдан бірнеше рет талып та қалдым. Ішімнен тепкілеп, көлікке лақтырып тастапты. Кейін Қаскелең маңындағы тауға апарды. Талай жасты сол жерге көміп, тегістеп тастаған жерлерді де білемін. Кеш батып кетсе де айдың жарығымен сол жерлерді есімде сақтап қалдым. Бәрімізді шешіндіріп, қара жерге сағаттап отырғызып қойды.Басым екіге бөлініп қалған, беттен бет жоқ, есім бірде бар, бірде жоқ. Кейін таяқ жегендердің бәрін шұңқырға тастап , шұңқырдың бір шетін трактормен көміп жатқанын көрген соң бір-бірімізге сүйеніп, жанталаса қаштық. Артымыздан иттер қуып келеді. Аяғымнан тістеген иттің іздері әлі бар, жанымдағы жігіттер арашалап, жаным қалды. Сол жерде көп қыздар зорланды, қорланды. Қазір қалай тірі қалғаныма өзім таңғалам. Адам ит жанды деген рас екен. Сол кездегі көрген қорлығымды әлі күнге дейін жыламай айта алмаймын. Содан ауылдан келген әкем «сотталып кетесің» деп Қаскелең жақта бір үйді паналап, сол үйден шықпай, он бес күндей жансақтадым.Кейін бәрі тынышталған соң әкем мені ауылға алып кетті. Әкем қызметкер кісі еді, кесірім тиіп кете ме деп талай жыл іштен тынып жүрдім. Тұрмыс құрдым, бірақ дүниеге ұрпақ әкеле алмадым. Жолдасымның бағын байламай, жөніне жібердім. Артымда ұрпақ қалмағаны, жалғыздық , басымда бас панамның жоқтығы жаныма қатты батады. Желтоқсан оқиғасы осылай өмірімді тас-талқан етті» , – деген Гүлмира көз жасына ерік берді. 37 жыл өтсе де желтоқсанның жарасы әлі жазылмағанын мен де сезіп,құрбымды қалай жұбатарымды білмедім. Осы күнге дейін өзін халық жауындай сезініп келген Гүлмира өткен жылы Алматы қаласы прокуратурасынан ақталғаны туралы анықтама алғаннан кейін көңілі орнына түскендей болды.
«15.08.2022ж. №2-2747/22 Алматы облысы Талғар аудандық сотының шешіміне сәйкес, Г.Иманбердиева 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында орын алған желтоқсан оқиғасының саяси қуғын -сүргіндердің құрбаны ретінде танылған. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан
Республикасы Заңының 10-шы бабы негізінде 06.04.1967 жылы туған Гүлмира Тұрсынханқызы Иманбердиева саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады» деген бір жапырақ қағазды көңіліне демеу еткен Гүлмира бұл оқиға есінен еш уақытта кетпейтінін айтып, күрсінді…
Бүгінде Талғар ауданында 75 желтоқсан ардагері бар. Сол бір қыстың ызғарлы күні ұлтының болашағын ойлап, елім деп еңіреп алаңға барған ағаларымыздың бірі Бекболат Оқасов бүгінде 70 тен асқан зейнеткер, еліне ерекше еңбегі сіңген ауданның құрметті азаматы.1986 жылы ол Талғар ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы қолхозда шарап зауытында жұмыс істеп жүрген. 16 желтоқсан күні ағамыз Алматыда Қазақстан Компартиясының кезектен тыс өткен пленумының шешіміне келіспейтіндіктерін білдіретін жастардың митингісі өткелі жатқанын естиді. «Кең байтақ қазақ жерінде дүниеге келген бір қазақтың республика басқаруға сайланбай, қайдағы бір Ресейдің Ульянов облысын басқарған Колбин дегеннің аспаннан түскендей сайлана қалуын естігенде бәріміздің намысымыз келді.бір сылтауды тауып, жұмыстан сұрана салып, Талғардан Алматыға шықтым. Жанымда Төлепбек деген жігіт бар, алаңға тарттық. Қолдарында ұлт мәселесіне қатысты ұрандар жазылған лозунгілер бар жастар қаптап жүр екен. Милиционерлер алаңға адам өткізбеудің амалын тауып, қуалап жүр. Кешке қарай алаңды жастардан босату опреациясы басталды. Су шашып, итпен қуалай бастады. Талай жас таяқтың астында қалып, көшелер қанға боялып жатты. Алаңнан жастардың айқайлы дауыстары, қыздардың шыңғырып жылаған аянышты үндері естіліп жатты. Беттерін қалқанмен жауып, қолдарындағы темір таяқ пен күректерін көтеріп шабуылдаған әскерді көргенімізде жанымыз түршікті. Көз алдымызда соғыс кино жүріп жатқандай көрінді.Сөйтіп екі күн алаңда жүрдім. Кешкісін Талғарға қайтып келе жатқанымызда алдымыздан милиционерлер шығып қайда болғанымызды сұрады. Әрең дегенде қашып құтылып, ертесі 19 -шы желтоқсанда жұмысқа келдім.Бастығым шақырып, «екі күн қайда болдың? Жоғарыдан жұмыста болмағандарды босату туралы бұйрық түсті»,- деді. Күнде біреу келіп тергеу жүргізеді. Ол кезде қамалып, ұсталып, сотталып жатқандар туралы хабарлар үсті-үстіне жетіп, елдің зәресін ұшырып тұрған қасіретті күндер еді ғой. Мен де солардың арасында кетіп қаламын ба деп күндіз-түні үрейден арыла алмай жүрдім», – дейді Бекболат Оқасов. Ауылдастары «Желтоқсан» деп атап кеткен ағамыз бүгінде ақталып, жасы 70-тен асса да қоғамдық өмірден қол үзбей, елінің өркендеуіне үлкен үлесін қосып келеді.
Иә, Тәуелсіздік бізге оңайшылықпен келген жоқ. 16 желтоқсанның қасіретті күн екендігін жадымызда сақтап, әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Желтоқсан құрбандарына тағзым етеміз. Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.

Сәуле Құрмантаева