Жуырда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы күніне орай Талғар ауданы Тереңқара ауылындағы Сегіз көл демалыс кешенінде салтанатты жиын өткізді. Аталған шарада кең даланың төсінен дән терген, қырман басын қызыққа толтырып, төрт түліктің бабын тапқан майталман мамандар бас қосты. Жиын Алматы облысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін айқындап, мүмкіндігін паш ететін бейне таспа көрсетілумен басталды.
Шағын бейне таспада айтылған ақпаратқа сүйенсек, ауыл шаруашылығы Алматы облысы экономикасының жетекші салаларының бірі. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту — өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Облыс халқының 83,8% ауылдық жерлерде тұрады (1 269 620 адам), бұл шаруа қожалықтары мен ауылдық корпорацияны дамытуға және жеке қосалқы шаруашылықтарда өнім өндіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының аумағында 30 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істейді. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 155,7 млрд. теңгені құрады. 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім 119,0% -ға жеткен (2022 жылғы қаңтар-мамыр 130,8 млрд. теңге). 2023 жылға өнімнің жалпы шығарылымын 820 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда (нақты көлемінің индексі 101,3%). Сондай-ақ осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 3,5 мың гектарға ұлғайтылып, 465,8 мың гектарға жеткенін. Көктемгі егіс жұмыстары толық көлемде және мерзімінде аяқталды. 183,2 мың гектар алқапқа дәнді масақ дақылдары, 36,0 мың гектарға майлы дақылдар, 26,1 мың гектарға картоп, 28,0 мың гектарға көпжылдық шөптер егілді. Бақтардың жалпы ауданы 18,9 мың га құрайды, оның ішінде 2,1 мың га қарқынды бақтар Сонымен қатар өңірде ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында шаруашылықтардың барлық санаттарында мал басының тұрақты өсуі байқалады. Ірі қара мал басы 6% артып, 826,7 мың басты, жылқы 5,8% (268,3 мың бас), ұсақ мал 9,6% (3399,8 мың бас), құстар саны 8,9 млн.басты құрады.Облыста қуаттылығы 51,5 мың бас болатын 56 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Облыста 2023 жылдың соңына дейін қуаттылығы 1,3 мың бас болатын 3 мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында тірі салмақта ет өндіру көлемі 93,8 мың тоннаны құрады. Жыл соңына дейін ет өндіру көлемін 300,0 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда: оның ішінде сиыр еті — 108,3 мың тонна, қой еті — 39,1 мың тонна, жылқы еті — 26,3 мың тонна, құс еті — 121,3 мың тонна. Сүт өндіру көлемі 191,5 мың тоннаны құрады. 2023 жылдың соңына дейін сүт өндірісін 583,0 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Облыс аумағында 11 құс фабрикасы жұмыс істейді (7 — ет бағыты, 4 – жұмыртқа бағыты). 2023 жылдың наурыз айында Ұйғыр ауданында қуаттылығы жылына 17,5 мың тонна бройлер құс етін өндіретін «Прима-Құс» ЖШС құс фабрикасын салу жобасы іске асырылды. 2025 жылға дейін осы құс фабрикасының қуатын жылына 100 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Жиналған қауымды, ауыл шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкерлерді, холдинг басшыларын мерейлі мерекесімен құттықтаған облыс басшысы «Еңбек бәрін жеңбек» деген аталы сөзді арқау етіп, дархан дала еңбек ерлерінің табысын жоғары бағалады. «Ауыл – ел бесігі. Мемелекет басшысы Қ. Тоқаев ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту біз үшін абыройлы іс деп атап өткен еді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар сан алуан қиындықтарға кезігуде, оларға қолдау көрсету – ең маңызды мемлекеттік міндет. Осы мақсатта елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған. Соның арқасында оның 369 қатысушысына 2,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы бойынша 6 млрд теңгеге 30 шаруа қожалығы 13 мың бас ірі және ұсақ мал сатып алды. Алынған субсидиялардың жалпы көлемі 34,4 млрд теңгені құраған», – атап өтті М. Сұлтанғ,азиев. Сонымен қатар облысымыз көрші облыстармен салыстырғанда жан басына шаққанда табысы төмен облыс екенін айта отырып, бұл мәселені шешу үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Осы жылы екі рет Қытай халық республикасына іс-сапармен барғанын айтқан облыс әкімі Қытай елі егіс дақылдарын озық технологияның арқасында біздің елмен салыстырғанда екі-үш есе жоғары алатынын ашып айтты. Әкімнің сөзінше, Қазақстанға аса қызығушылық танытқан қытайлық жүзден астам компания өз кәсібін қазақ елінде өркендетуге тас-түйін дайын. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, шекарадан ағылып жатқан көршілеріміздің көлеңкесінен қорықпай инвестиция тартып, озық технологиясын меңгергеу заман талабы деді әкім.
Шараның тағы бір маңызды кезеңі ауыл шаруашылығы саласындағы үздік қызметкерлерді марапаттау болды. «Еңбек ардагері» медалімен Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсеналы Еңкелешев пен Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов марапатталды. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен қаржы-несие корпорациясының директоры Әмірхан Смайылұлы, Еңбекшіқазақ ауданы «Степной Холм» ЖШС директоры Ерік Мұсақұлов, «Ярл» кәсіпорнының агрономы және басқа да агроөнеркәсіп саласының қызметкерлері марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталғандар да аз емес. Нақтырақ айтқанда «Үздік өнім өндіруші» номинациясын Іле ауданындағы «Алел Агро» кәсіпорны жеңіп алды. Екінші орынды Талғар ауданындағы жеміс-көкөніс өнімдерін өсіретін «Бәймене» шаруа қожалығы иеленді. Үшінші орынды Қонаев қаласының «СД и К» кәсіпорны алды. Марапатталған заңды тұлғалардың қатарында Кеген ауданындағы «Ерсін» ЖШС бар. Сыйлық ретінде оларға МТЗ-82 тракторының кілті табыс етілсе, Райымбек ауданының «Алтын дән» командасына 1 миллион теңгенің ақшалай сертификаты, үшінші орын Жамбыл ауданынан «Болашақ Агро» ЖШС-не берілді. «Үздік шаруа қожалықтары» номинациясында Ұйғыр ауданы «Шірінгүл» (МТЗ-82 тракторы), Балқаш ауданынан «Бірлік АЖА» (1 млн. теңге), үшінші орын «Алтынбаева» (700 мың теңге ) шаруа қожалықтары иеленді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсене қатысқаны үшін бірінші орын Талғар ауданына, 2 орын Іле ауданына, үшінші орын Балқаш ауданына бұйырды. Аудандар мен ауылдар арасында Шелек, Қырғызсай және Шеңгелдин ауылдық округтері үздік деп танылды. Олардың әрқайсысына ақшалай сертификаттар берілді. Еңбек ерлері басқосқан шарада облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласының жеткентжетістігі сараланып, атқарылатын істерге жол ашты.
Зорагүл Әбдіқадір