Қазақ қоғамы үшін Алаш, Желтоқсан, Тәуелсіздік деген ұғымдар қашанда қастерлі. Себебі еліміздің тарихи оқиғаларының бастау бұлағында Алашорда үкіметі мен Алаш арыстары тұрды. Олар бүгінгі Қазақстанның кескін-келбеті мен болмыс-бітімін қалыптастыруға үлес қосты. Желтоқсан көтерілісі –
ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы үлкен дүмпу тудырғаны шындық. Қазақ халқы азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі еді. Демек бұл әншейін ауыз толтырып айтуға ғана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек.
Жуырда Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргіндер құрбандары мұражайында Талғар ауданы мәдениет, спорт, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Желтоқсан, Алаш, Тәуелсіздік – қастерлі ұғымдар» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шара Ахмет Байтұрсынұлының өмірден озған күнімен тұспа-тұс келген халқымыз үшін қасиетті желтоқан мерекесіне орай ұйымдастырылды. Аталған шараға саясат танушы Дос Көшім, М. Тынышбаев қорының төрағасы, М. Тынышбаевтың жиен немересі Нұршәкен Жүнісқызы, қоғам қайраткері, желтоқсан ардагері Хасен Ахмет, желтоқсан ардагері Бейсенғазы Нүкен, Талғар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қатысты. Аталған шараның маңызы мен мақсатына тоқталған Ф. Бегенбаева алғашқы құттықтау сөз кезегін сонау кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған қыйын-қыстау кезде қазақ халқы үшін ақиқатты айта білген, желтоқсан ардагері Хасен Ахметке берді. Барша қазақ халқын қасиетті де қастерлі тәуелсіздік күнімен құттықтаған Х. Ахмет: «Біздің алғашқы ел басымыз, көреген көсеміміз – Алихан Бөкейханов. Алаш орда үкіметін құрып, қараңғы қазақ даласына күн болып нұрын шашқан
Ә. Бөкейханов тәуелсіздік жолында жанын пида еткен азамматтардың көшбасшысы. Олар ел болудың бағыт-бағдарымен, жоба-жоспарын жасап, қазақ елін өздері аңсаған азаттыққа жетеледі. Сонау Керей, Жәнібек көтерген туды Алаш ардақылары құлатпады. Тараздың Меркі жерінде Мөде қаған, Ғұн империясынан жалғасқан, 170 жыл бұрын Кенесары ханмен бірге құлатылған қазақ мемлекетінің туын ел алдына алып шықтық. Ата-бабамыздан келе жатқан байрағымызды ел алдына алып шығудағы мақсатымыз еңсесі түсіп бара жатқан еліміздің рухын ояту болатын. Менің де бар арманым – халқымызды сан ғасырлар бойы бірлік пен берекеге ұйыстырған осы жалауды жықпау. 70-ші жылдары елді бодандықтың бұғауынан босату туралы жазылған мақалаларым кітап болып басылды. Ал кейін «Туын жықпай Алаштың» деген атпен мен туралы кітап та жарық көрді. Аруақты ата-бабаларымыз жаққан рухтың алауы өшпеуі керек. Менің кеудемдегі бұл жалын Ильяс Есенберлин сынды қаламгерлеріміздің қағазға жазып кеткен тарихи романдарын оқу арқылы тұтанды. «Көшпенділер», «Кенесары» сынды романдарды оқыса, түйсігі бар ой түйері анық. Айғайлап-аттандамай-ақ халықты тарихымен таныстырып, рухын көтеруге тырысып жүрген азаматтар аз емес. Өзгелер айтқандай ұлтымның мешеу, қараңғы емес екенін түсініп жеткенімде кеудемді мақтаныш кернеді. Сол мақтаныш, сол жалын әр қазақ баласының кеудесінде лапылдап тұрса, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің еңсесі биік болары сөзсіз», – деген ойын ортаға салды.
М. Тынышбайев қорының басшысы әрі Мұхамеджан Тынышбаевтың жиен немересі Нұршәкен Жүнісқызын мерейлі сексен жасымен құттықтаған Ф. Мамырбекқызы тектінің тұяғы болған Н. Жүнісқызының иығына шапан жауып, орамал тақты. М. Тынышбаев сынды бір туар азаматтың ұрпағы болғанын мақтаныш ететінін жеткізген Н. Жүнісқызы Алаш арсыстарының қазақ халқы үшін өлшеусіз үлес қосып кеткені туралы әңгімеледі. Желтоқсан желінің қазақ жастарын қалай тоңдырғанын, бас көтерген жастарды қалай аяусыз азаптағаны туралы да есінде қалған естеліктермен бөлісті. Тәуелсіз ел болу жолында талайлаған боздақтың қаны төгіліп, жан бергені шындық. Сол батырларымыздың қанымен, жанымен келген тәуелсіздікті сақтау, егемен елімізді гүлдендіріп көркейту бүгінгі жастардың қолында.
Саясаттанушы Дос Көшім ұлттық идеология және тәуелсіздік күнін қалай атап өту турасында былай дейді: «Бұл күнді қалай өткізу туралы әр түрлі пікір айтылып жүр. Бұл күн қазақ халқы үшін қаралы күн бе, әлде қуанышты күн бе? Әрине батырларымыз қан төкпесе, бүгінгі күн де болмас еді. Сондықтан бүл күннің қуанышы мен қайғысы егіз. Осы күндері патриоттық тақырыпта ән мен күй орындалып, жыр, дастандар жазылғаны дұрыс. Көптеген аудандарды араладым. Сол елдімекеннің мұражайына барғанда қарным ашады. Кеңес үкіметі кезіндегі салынған мұражайларда еш өзгеріс жоқ. Бар болғаны Алаш орда адамдарының суреті ілініп, Н. Назарбаевқа бір бөлме немесе қабырға берілген. Басқаның бәрі баяғы тың игеру, Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы. Кеңес кезіндегі идеология еш өзгермеген сияқты. Музей – елдімекеннің тарихы. Аудандарыңызда желтоқсан оқиғасына, «Азат» қозғалысына қатысқан адам жоқ па? Неге сол туралы ақпарат бермейсіздер деген сұрағыма адамның ақылы жетпейтін бір сылтау айта салады. Сол елдің ұрпағына өз ауылында да батыр, батыл азаматтар болғанын неге көрсетпеске?! Менің ойымша, желтоқсан оқиғасында жанын пида етке азаматтар Алаш ордашылардың жалғасы екені, олардың қаны
сұраусыз кетпейтіні өскелең ұрпақтың есіне салып отыруымыз керек. Бұл идеолгияны өзіміз жасауымыз, сондай-ақ ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруымыз керек. Салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Себебі ұлттық код дегеніміз – осы. Біздің посткеңестік мемлекеттер арасынан оқ бойы озып, әлемнің дамыған мемлекеттерімен тереземіз тең болу үшін өзімізге тән болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдықты бойымызға сіңдіруге тиіспіз. Өркениетті елдер арасында ақпаратттық технологияның қаншалықты қарыштап дамығанына бәріміз куәміз. Жас ұрпақтың бойында ұлттық сананы дұрыс қалыптастыра білу арқылы еліміздің болашағын жарқын ете аламыз», — деп атап өтті.
Еркін пікір алмасып, өзара ой ортақтастырған ел ағаларының көздеген мақсаты келер ұрпақты қалай Отансүйгіштікке баулу турасында болды. Бүгінгі таңда айтылған ой, атқарылған істің барлығы тек ұлт пен ұрпақтың ертеңі үшін екені, ел ертеңі болар жас буын өзінің тарихи тамырынан ажырамауы, тәуелсіздік жолында жан берген қаһармандарды ұмытпауы керек екені тілге тиек болды. Сонымен қатар жас буынды елін, жерін сүйетін патриот етіп тәрбиелеу үшін желтоқсаншылар мен Алаш арыстарының ізін жалғаған аға буынның жгүі ауыр екені сөзсіз. Шара соңында желтоқсан оқиғасына қатысқан, егемен елдің ертеңі болар есті ұрпақтың санасына ұлттық құндылық пен рухтың дәнін сеуіп жүрген азаматтарға Алғыс хаттар табыс етілді.
Тәуелсіздік – қашанда қымбат ұғым. Ал тәуелсіздікті сақтау әр қазақ баласы үшін қасиетті борыш. Осы жолда жүрген азаматтардың еңбегі қашанда ел есінде сақталмақ!
Зорагүл Әбдіқадір