Биыл қазақтың күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаевтың туғанына 135 жыл. Ол шетелде ән салған алғашқы қазақ. Әміре Қашаубаев 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абыралы ауданындағы Бегелен тауының етегінде кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Орта жүздің тарақты руынан шыққан. Әкесі
Қашаубай қарапайым шаруа адамы болған. Анасы Тоғжан бар өмірін бала тәрбиесі мен үй шаруасына арнады. Алайда Әміренің әкесі аяқ астынан сырқаттанып, дүние салады. Ол отбасының жалғыз тірегі болып қалады. Ерте есейіп, ауыр жұмысқа араласып, жоқшылықты бала кезінен көріп өседі.
12 жасында жергілікті байға жалданып, ат айдаушы болады. Әміренің әнге әуестігі бала кезінен байқалады. Ол ән салғанда айналасындағыны ұмытып, жан-тәнімен тебіреніп тұрып шырқаған. Халық оны жастайынан «әнші бала» деп атап кетеді. Ел аузына таралып, аты шыға бастаған баланы бай-бағландар той-томалаққа шақырып, ән айтқыза бастайды. Кейбір деректерге сәйкес, Қоянды жәрмеңкесіне алғаш келген Әміре Қашаубаев кәсіби әншілерді көріп, байдың қарамағындағы жұмысын тастап, бар өмірін өнерге арнауға шешім қабылдайды. 1921-24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымына мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. «1920 жылдары Семейде «Ес-аймақ» деген қоғам ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – көзі ашық жастарды мәдениетке баулу, білімге құштарлығын ояту. Мұнда пъеса да қойылды. Сонда Жұмат Шанин Әміре Қашаубайұлын «Ес-аймаққа» алып келді. Ал 1924 жылы Семей қаласында әншілердің байқауы өтеді. Оған біраз әншілер қатысты. Нақты қандай әншілер қатысқаны туралы дерек жоқ. Бірақ бұл байқауда Әміре мен Қали Байжанов екеуі бір-біріне беріспей, ақыр аяғында екеуіне бірінші орынды бөліп береді», — дейді тарихшы Жарқын Шәкәрім «Тарих. Тағдыр. Тұлға» деректі фильмінде. Сондай-ақ 1926 жылы әнші Қызылордада ашылған қазақ драма театрының (қазіргі қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) алғашқы актерлерінің бірі болды. 1934 жылы қазақ музыкалық театрына (қазіргі қазақ опера және балет театры) ауысты. Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек Әміре Қашаубаев 1920 жылы театрда әртіс ретінде сахнаға шыққанын айтады.
«Өнерге 1920 жылдардың басында драма актері ретінде келді. Бірақ әншілігі басым болса керек. Сондықтан спектакльдерде оған ән салатын рөлдерді ғана берген. Ал басты кейіпкерлерді сахнада басқа әртістер сомдаған. Мәселен, «Қаракөз» спектаклінде оған Сырымның рөлін бермей, Дулатты берген», — дейді ол.
1917 жылы Қазан төңкерісі дүниенің астаң-кестеңін шығарды. Қалың ұйқыда жатқан халық дүр сілкінді. Жұрт жаңа өзгерістер болады деген үміт жетегінде жүреді. Бұл уақыт Әміренің шығармашылық шыңын бағындыруға септігін тигізеді. Оның әнді әуелетіп, нақышына келтіріп айтатыны туралы әңгімелер Кремльге дейін жетеді. Осылайша, Мәскеуден сол кездегі халық ағарту комиссары Анатолий Луначарскийден хат келеді. «Қырғыз әншісі Әміре
Қашаубаев Парижде өтетін бүкіләлемдік көрме аясындағы этнографиялық концерттерге қатысуға келісімін бере ме, жоқ па? Шұғыл анықтап, хабар беріңіздер», – делінген хатта.
Бұл жеделхат Семей губерниясында үлкен дау туғызады. Ағарту бөліміндегі қызметкерлер мұны ағаттық деп жеделхатқа жауап бермейді. Кейін Анатолий Луначарский өзі қол қойып, екінші жеделхатты жібереді. «Менің қырғыз әншісі Әміре Қашаубаевқа қатысты жіберген жеделхатыма жауап беріңіздер. Оның Парижде өтетін концерттерге қатысуы мемлекет үшін маңызды», — делінген хатта. Осылайша, Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесі аясында өнер көрсетуге мүмкіндік алады. 1925 жылы Франция астанасында өткен дүниежүзі көрмесінде Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», «Балқадиша» және тағы басқа әндерді орындап, күміс медальге ие болады. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазды. Ал Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауындағы бірнеше әнді жазып алады. Сыншылар оны италиялық опера әншісі Энрике Карузо мен америкалық әнші Марио Ланцаға теңейді. Әміре Қашаубаев Францияда этнографиялық ансамбльмен бірге 11 концертке қатысып, «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Екі жирен», сүйікті әні «Балқадиша» секілді әндерді нақышына келтіре орындайды.
Париж халқы қазақ фольклорының қуатына қайран қалып, домбыраның құдіреті мен әуелеген Әміренің дауысына тамсанып, таңдай қағады.
Қашаубаев шетелге шыққан кезде Алаш қозғалысының қайраткері, көрнекті ғалым, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқаймен бірнеше рет кездеседі. Ал кеңес үкіметі Шоқай қашқын, сатқын деген пікірде еді. Кейін НКВД қызметкерлері Әмірені тергеуге шақырып, қырағы бақылауға алады. Әміре Қашаубаевтың тергеу протоколынан біраз мәлімет алуға болады. «Біз 1925 жылы маусым айының ортасында Парижге келдік. Делегация құрамында 14 адам болды. Қонақ үйге орналастық. Екінші күні бөлмеме Мұстафа Шоқай келді, таныстық. Ол Қазақстан туралы сұрай бастады. Менің оқыған, оқымағанымды сұрады. Мен «кәсіби білімім жоқ» деп айттым. Байтұрсынов пен Дулатов жайлы және олардың немен айналысып жүргенін сұрады. Мен Байтұрсынов Қызылордада оқытушы, ал Дулатов жазушы, кітаптар жазып жүр дедім. Мұстафа Шоқай маған өзінің Сұлу-Төбеде туғанын, туыстарының әлі күнге дейін сол жақта тұрып жатқанын жеткізді. Олармен хат алысып, хабарласып тұратынын айтты. Совет елшісі Красин оған елге қайтуға ұсыныс жасағанын, бірақ Отанына оралса, қуғын көретінінен қауіптенетінін жеткізді», — делінген протоколда. Ақыры 1934 жылы Әміре Қашаубаев театрдағы жұмысынан босатылады. Атақты әнші сүйікті кәсібінен қол үзген соң қатты қайғырып, күш-қуаттан айырылады. Композитор, дирижер Ахмет Жұбанов: «1934 жылдың басында Алматыда қазақ әндерін граммофон таспаларына жазатын топ келетін болды. Халық ағарту коммисариатындағы жиын қазақ ән өнерінің байқауына айналып кетті. Ең соңында Әміре шықты. Оған дейін ол бір бұрышта басы салбырап отырған. Барлығы Әмірені жиынға келмейді, келсе де, ән айтпайды деп ойлайды. Кенет ол басын жұлып алып, кеудесін тіктеп, дүр сілкінгенде, түрі жарқырап шыға келді. Әуенге елітіп, жан-тәнімен беріліп, төгілте жөнелді. Жеті ме, сегіз бе ән орындап, қара терге малшынды», — дейді ол өз естелігінде.
Жұбановтың айтуынша, халық ағарту коммисариатының кабинетінде құлаққа ұрған танадай тыныштық тұнады. «Бәрі бастарын шұлғып, бір-бірімен сыбырласады. Тіпті, Әміре енді ән айтпайды деп, сырттай көре алмай жүргендердің өзі еріксіз езулеріне күлкі үйіріп, оған тәнті болғандай кейіп танытты. Әміре болса, маңдайынан жауған терді, көзінен үзілген жасты ешкімге білдіртпей сүртті де, кабинеттен тез басып шығып кетті. Бұл оның соңғы рет ән салып, талантының соңғы тиегін ағытқан сәті еді», — деп жазды Ахмет Жұбанов.
Кейін Әміре Қашаубаевтың отбасы жалған жаланың азабын тартады. Сотталмайды, қуғынға ұшырамайды. Бірақ ел ішінде «халық жауы» деген қаңқу сөз тыйылмайды. Осы азапты ауыр күндерге қарамастан қыздарын өсіріп, бой жеткізеді. Ол 1950 жылы құрт ауруынан көз жұмды. Ал әншінің қызы Күләш әке жолын қуып, музыкант атанды.
«Әлемді әнмен тербеткен ұлы дала дүлдүлі» атанған әншінің құрметіне әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда Алматыдағы музейде көрме ашылды. Мұнда әншіге тиесілі 30-ға жуық жәдігер қойылған. Оның көбін туыстары әкеліп өткізген. Келушілер әсіресе, оның түпнұсқа күйінде сақталған жеке құжаттары мен домбырасына қызығушылық танытуда.
Алдағы күндері күміс көмей, жез таңдай әншінің құрметіне Талғардағы аудандық мәдениет үйінде «Ән атасы — Әміре» атты әдеби-сазды кеш өтеді.
Зорагүл Әбдіқадір