Жуырда Талғар аудандық орталық кітапханада Талғар ауданының құрметті азаматы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, ақын
Бексұлтан Көлбаевтың «Оятып ойдың зердесін, көңілдің аштым пердесін» атты кітабының тұсау кесер шығармашылық кеші өтті. Салтанатты кешке ақынның қаламдас достары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Айтақын Әбдіқалұлы, Талғар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Матан Бекбосынов, Қазақстан Республикасы Қонаев қорының мүшесі, әрі қор президентінің кеңесшісі Дәулетбек Жанботаев қатысты.
Аталған шарада алғаш сөз алған Айтақын Әбдіқалұлы кеш иесін шығармашылық жетістігімен шын жүректен құттықтап: «Халқымыз ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақын азаматтың өз биігі бар десек, халқымыздың сондай талантты ұлының бірі –Бексұлтан Көлбаев. Тынбай ізденетін ол бүгін 4-ші кітабының тұсауын кесіп отыр. Шығармашылық мұратын айқындайтын, ақыл ойы кемеліне келген шақта өскелең ұрпаққа берері мол кітап өз оқырмандарына жол тартты. Ойлы да сырлы, елі мен жеріне арналған жырлары тыңдаушысын тебірентпей қоймайды. Ақынның лирикасының өзіндік ерекшелігі бар, қолтаңбасы бөлек. Ол көңіл-күй, пейзаж лирикасы немесе, сұлулық, шабыт жайында әсерлі жырлар жазды. Жастық шақ, махаббат туралы да қалам тербеді. Азаматтық, қоғамдық жайды, адамгершілік пен ізеттікті дәріптей алды. Бойында жастықтың жалыны лапылдап тұрмағанымен, ізденістен танбай кітап шығаруының өзі жас ұрпаққа үлгі. Шабытың шалқи берсін, қаламың мұқалмасын», – деп тілек білдірді.
Алина мен Зарина атты немерелері Ақынның отты жырларын жатқа оқып, ата жолын жалғаған өнерлі ұрпақ екендерін көрсетті.
Қазақстан Республикасы Қонаев қоры президентінің кеңесшісі Дәулетбек Жанботаев Б. Көлбаевты Қонаев қорының төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арналған іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін және рухани жаңғыруды насихаттауда үлкен үлес қосқаны үшін Матан Бекбосыов бастаған Талғар ауданының белсенді азаматтарына Алғыс хаттар табыс етті. Талғар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Матан Бекбосынов «Ақын болу өз ісің, азамат болу борышың» деген аталы сөзді тілге тиек ете отырып, туған елінің ақыны да, азаматы да бола білген Б. Қайырбайұлының туып-өскен, кіндік қаны тамған жерге деген махаббатын ыстық сезімге толы жырларынан аңғарғанын атап өтті. Сондай-ақ үнемі қалам тербеуден жалықпаған замандасының қайсарлығы мен табандылығына тәнті екенін жеткізіп, әлі талай туындылар күтетінін ашып айтты.
Өз кезегінде ықыласына бөлеген ел-жұртына шексіз алғысын білдірген Б. Көлбаев бар шабытының бастауы көркі көз сүріндіретін туған жерінің тұмса табиғаты мен туған елінің ыстық ықыласы екенін жасырмады. Сондай-ақ бала жасынан асқар тау әкесінен айырылған ауыр тағдыры туралы сыр шерткен ақын анасының жүгін арқаласа жүріп, ерте есейген бала шағын еске алды. Жазған жырларын жинап-теріп, қағазға түсіріп, кітабының шығуына үлкен үлес қосқан жұбайы Күлтәй Достаеваға ел алдында алғысын білдірді. Қанаты қатпай,
тағдырдың тепершігін көрген ол табандылық пен талпынысты өмірдің өзі үйретті дейді.
Бексұлтан Көлбаев осыған дейін «Тамыры терең, тарихы өлең – таулы өлке», «Тұғыры биік туған жер», «Жүрек сыры» атты үш жыр жинақтарын шығарған. Қолынан қаламы түспеген ақыннан ел-жұрты әліде тың туындылар күтеді.
Зорагүл Әбдіқадыр