Жуырда Талғар қаласындағы Ақбұлақ-Бірлік жоғары айналма жолы танымал ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, Ғылым академиясының академигі Карл Молдахметұлы Байпақовтың атына берілді. Аталған көшеннің салтанатты ашылуын Талғар ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Шараға тарих ғылымдарының докторы, археолог, Карл Молдахметұлының жұбайы Тамара Савельева және тәлім берген шәкірттері, туыстары, Талғар халқы жиналды.
Алғашқы құттықтау сөзін алған ғалымның жұбайы Т. Савелева ардақты ұлын есіне алған қазақ халқына шекісз алғысын білдіріп: «Археологияны зерттеуге бар өмірін арнаған академиктің есімін ұлықтап жатқандарыңызға қуаныштымын. Ол 60 жыл бойы жазған еңбектерін «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық урбанизациясы» деп аталатын төрт томдық монографиясына енгізді. Сол үшін де Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ол үнемі ізденіс үстінде жүретін. Көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ғылым мен білімге баулыды. Тың жаңалықтар ашып, туған даласының тарихын терең зерттеді. Біз көп жыл бойы бірге қызмет еттік. Тіпті, балаларымызды да өзімізбен қазба жұмыстарына алып баратынбыз», – деп К. Байпақовтың ізденіске толы өмірінен үзік сыр шертті.
Шара барысында атақты ғалымның көзін көріп, тәлімін алған шәкірттерінің бірі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Ортағасыр археологиясы бөлімінің меңгерушісі Ералы Ақымбек: «Ол кісі маған сабақ берді. Оның жақсы көретін шәкірттерінің бірі болдым.
Қазақстан археология ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Талғар қаласының зерттелуіне мұрындық болды. Зерттеу нәтижесінде Талғардың аумағынан, сыртынан, ішкі бөлігінен көптеген жәдігерлер анықталды. Темір, түсті металдан жасалған бұйымдар, көмбелер көп шыққан болатын. Ортағасырлық Талғардың әлем елдерінің мәдениеті тоғысқан, дамыған қала болғанын дәлелдеді. Сонымен қатар ол кісінің өте ізденімпаз, білімге құштарлығына тәнті едім. Зерттеу жүргізу үшін бармаған жер, баспаған тауы жоқ. Жазған ғылыми мақалалары өз алдына бір төбе. Мұның бәріне қалай үлгереді деп таң қалатынмын. Ол маған білім жолын ғана емес, адам болудың жолын да үйретіп кетті. Осындай ұстаздың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Бүгінде ұстазымыз салған сара жолымен келе жатырмын деп айта аламын», – деген ойын ортаға салды.
Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбек «Бірлік-Ақбұлақ» деп аталатын қаладағы ең үлкен жолдың ұлы ғалымның атына берілуі талғарлықтар үшін қуанышты жаңалық екенін айтып, осы жылы Талғар қаласының бас жоспарына қосымша 700 гектар жер қосылғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл жерде де үлкен жолдар, даңғылдар салынатынын және оның бәріне атау беру жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Айта кетейік, Карл Байпақовтың есімі берілген қала шеңберіндегі көше ұзындығы — 6 шақырым. Қуантарлық жағдай Талғар қаласында осы жылы 436 көше атауы ауыстырылған.
Халқымызда «Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген сөз бар. Саналы ғұмырын қазақ халқының терең тарихын зерттеуге арнаған Карл Байпақовтың атына көше беру ұлттық идеология жұмысының қарқынды жүріп жатқанынан дерек береді. Талғар ауданында көше атауларын қазақшалау жұмысы жанды жүріп жатыр деуге болады. Елі үшін өлшеусіз еңбек еткен азаматтарды ұрпақ жадынан шығармаса, болашақта бағдарынан адаспасы анық.
Зорагүл Әбдіқадір