22 желтоқсан – Энергетиктер күні. Энергетика өндірісі қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі жарты ғасырдан астам уақыттан бері аталып келеді. Мерекенің тарихы Кеңес Одағында, 1966 жылы басталды және мемлекеттік электрлендіру бағдарламасымен байланысты. 1990 жылы 22 желтоқсанда билік КСРО электрмен жабдықтау жобасын қабылдап, энергетиктерге арналған мерекені бекітті.Көп ұзамай мереке күні желтоқсанның 3-ші жексенбісіне ауыстырылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіз мемлекеттер өздерінің мерекелерін бекітті, бірақ Қазақстанда энергетиктер күні бұрынғыдай тойлануда. Бұл – еліміздің энергетикалық кешенін құруға және қызмет көрсетуге өз өмірін арнаған адамдар мерекесі.
Кәсіби мерекеге орай, 20 желтоқсан күні Қонаев қаласында салтанатты жиын өтіп, көп жыл қызмет етіп, еліміздің энергетика саласына сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Басқосуға облыстағы «Мойнақ ГЭС», «Кегок», «АлматыЭнергоСбыт», «АлЭс»,»Қапшағай ГЭС» сияқты ірі мекемелердің басшылары, облыс аппараты, бірқатар Энергетика және газ, сәулет және құрылыс, жол,көлік басқармаларының өкілдері қатысты. Мерекелік іс-шарада сөз алған Алматы облысының әкімі М.Е.Сұлтанғазиев жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтады:
«Құрметті энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – жылу және электр энергиясын өндіріп, тұтынушыларға жеткізумен айналысатын мамандар үшін айтулы күн. Қазіргі таңда технологиялар дамып, энергия тұтыну деңгейі жыл санап артқан сайын, энергетиктер қызметінің маңызы еселенуде.
Заманауи қоғам тіршілігінің ең қажетті өзегі саналатын осы салада нағыз еңбекқор, табанды, жауапкершілігі жоғары азаматтар жұмыс жасайтыны сөзсіз. Осы бағытта күн сайын еңбек ететін, облысымыздың энергетика саласындағы 13 мыңға жуық қызметкердің зор үлесінің арқасында өңірлік энергетика саласы дамуда.
Себебі, сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз миллиондаған адамның қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуден бастап, ел экономикасына қозғалыс беруге арналған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі», – деп, өздеріңіз еңбек ететін жүйенің маңыздылығын атап өтті.
Құрметті жерлестер!
2023 жыл Алматы облысының энергетика саласында жақсы оқиғаларға толы болды. Энергия өндіру көздерінің дамуына елеулі серпін берілді. Атап айтсақ, биыл «№3 жылу электр орталығын қайта құру» жобасын іске асыру басталды. Сондай-ақ, «№2 жылу электр орталығын газға ауыстыра отырып, жаңғырту» жобасы бойынша шарт жасалды. Бұл іргелі жобалар Алматы облысының энергия тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.
Облысымызда қайта қалпына келетін энергия көздерін дамыту ерекше назарда. Соңғы 5 жылда жалпы қуаттылығы 304 МВт болатын 15 жаңартылатын энергия көздері салынды. Бүгінгі таңда өңірімізде жалпы қуаты 325 МВт болатын 22 осы сипаттағы нысан бар. Олардың ішінде 6 күн (160,4Мвт) және 9 жел электростанциялары (142 МВт) бар.
Өткен жылы жалпы қуаттылығы 110 МВт, құны 65 млрд. теңге болатын 2 жел электр станциясы пайдалануға берілді.
Ал, биылғы жылы Райымбек ауданында қуаты 2,2 МВт болатын 1 шағын су электр станциясы салынды.
Сонымен қатар Қарасай ауданында «Көкөзек» қосалқы станциясы (ҚС-110/10-10кВ) қолданысқа берілді. Ол аудандағы кәсіпорындарды сенімді әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-мәдени маңызы бар объектілерді салуға мүмкіндіктер туғызып отыр. Жалпы, өңіріміздің энергетика саласы инвестиция үшін перспективалы болып табылады. Бүгінгі күні инвесторлар тарапынан алдағы 2 жылда қуаты 1380 МВт болатын, құны 937 млрд. теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыруға ұсыныстар бар. Онда 800-ден астам жұмыс орнын құрылмақ. Аймақтың тұрақты дамуының негізі болып табылатын электрқуатын өндіру басым бағыт бола бермек.
Қадірменді қауым!
Осы залда отырған, еңбек жолдарын халықты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге арнаған ардагер-энергетиктерге ерекше ықылас білдіргім келеді.
Сіздер өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобаларды іске асырудың бастауында тұрдыңыздар.
Аға буын өкілдері отандық энергия жүйесінің флагманы болып табылатын Қапшағай және Мойнақ су электр станцияларын салды.
Сіздерге қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтып, әрқайсыңызға зор денсаулық және ұзақ өмір тілеймін! Құрметті энергетика саласының мамандары! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! Инфрақұрылымның негізі болып табылатын энергетика саласы қарқынды дами берсін.Бұл бағытта аянбай еңбек етіп жүрген әрбір жанға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жемісті еңбек, отбасыларыңызға шаттық пен береке тілеймін! Еліміз еңселі, мемлекетіміз қуатты болсын!
Салтанатты жиын облыс энергетиктерін марапаттаумен, концерттік бағдарламамен жалғасты. Барлығы 34 қызметкердің сегізі Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» медалімен марапатталса, 7 адам «Құрметті энергетик» төсбелгісін алды. Министрлік пен Алматы облысының құрмет грамоталарына ие болғандардың арасында жерлестеріміз « Талғар жылу» ШЖК МКК бас инженері В. Г. Темников, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Талғар аудандық энергиямен жабдықтау бөлімшесі бастығының орынбасары Қ.Р.Сарманова бар.
Ауданымыздың барлық Энергетиктерін кәсіби мерекемен құттықтаймыз!
Сіздерге жаңа жеңістер мен жетістіктер тілейміз. Қиындықтар жоспарларыңызды іске асыруға және жоспарланған жобаларды орындауға ешқашан бөгет болмасын!
Сәуле Құрмантаева