17 желтоқсан күні Талғар ауданының Гүлдала ауылында оқыс оқиға орын алды. Таңғы сағат 06.15 кезінде Байтұрсынов көшесіндегі №67-ші үйде және 08.20-да Сүйінбай көшесі №34 мекен-жайындағы жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасының өршуінен газдың жарылуы орын алды.
Оқиға салдарынан төрт адам зардап шегіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Жарылыс болған жерге аудан әкімі Т.Айдарбеков, орынбасары О.Қаспақбаев, Гүлдала ауылдық округінің, АІІД, прокуратура, өрт зерттеу-сынаптама зертханасының өкілдері мен төтенше жағдайлар департаментінің, «Тауекел-Н-Алғабас» ЖШС қызметкерлері барды. ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, жарылыстың алдын -ала себебі табиғи газ құбырындағы қысымның жоғарылауы. Жуырда күннің жылынып кетуі мен атмосфералық ауаның көбеюуі газ құбырларындағы қысымды бірден көтеріп жіберген. Көптеген үйлерде плиталар мен пештер атыла бастаған. Қазір зардап шеккен төрт тұрғын түрлі деңгейдегі күйіктермен жан сақтау бөлімінде жатыр. Екі үй қираған, тиісті мамандар апаттың себептерін анықтауда. Оқиға орнына барған аудан әкімі зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты. Гүлдала ауылдық округінің аппаратына және аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесіне барлық тұрғын үйлерді аралап, төтенше жағдайдың алдын алу іс- шараларын жүргізуді тапсырды.
Гүлдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Меруерт Азилкияшеваның айтуынша, аталған оқиға бойынша апаттың себептерін анықтау және тергеу амалдары жүргізіледі. Қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылады. Қазір арнайы тексеріс жүргізіліп, сараптама жасалынуда.
«Тауекел-Н-Алгабас» ЖШС газ шаруашылығының директоры Рустем Өтембаев өз кезегінде апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын, келген шығын толығымен өтелетінін жеткізді. «Қазіргі кезде барлық жер үйлерде газ құбырларын тексеру, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылда 2 224 абонент бар, олардың 70 пайызы тексерілді», – деді директор.
Осы күні ауылдық округте 30-ға жуық тұрғынмен жиналыс өтіп, ауылды электр қуаты және газбен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев түсініктеме берді.
Гүлдала ауылының Абай көшесіндегі тұрғыны Люда Гончарова болған оқиғаға қатысты ойын білдіріп, газ бен электр желісін ешкім тексермейтінін, бақылаудың жоқтығын айтты. «Тиісті органдардың мамандарын көрмейміз, жөндеу жұмыстары жүргізілмейді, газ бен электр жарығы бірде жоғары , бірде төмен болып секіріп тұрады. Оның кесірінен техникамыз жиі істен шығады, арты міне жарылысқа әкелді. Адамдар зардап шегіп, ауруханада жатыр, кім жауап береді?», – деп налыды Ауылдың тұрғыны Абдурахим Курбанов:
– Бейбіт тұрғындар зардап шекті, қайғыларына ортақпыз.Болған оқиғадан бәріміз ес жия алмай отырмыз. Бұл бәрімізге сабақ болуы тиіс. Жаңа үйлерді салғанда мысалы, қазандықтар тұрғын үйден алыс шақырымда, қалың қабырғасы болуы, иіс шығаратын құрылғы мен темір есік болуы керек деген талаптар ды заң жүзінде енгізуі керек. Тиісті мамандардан құрылған комиссия жылу беру маусымының алдында қазандықтар, құбырлар, иіс шығу тетіктерін тексерулері қажет. Төтенше жағдайлар мен газ шаруашылығында мамандар жеткілікті, бірақ ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Мыңдаған отбасының өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгенді аямау керек», – деп ашынды.
20 желтоқсанда аудан әкімінің орынбасары А.Бидаевпен сұқбаттасқанымызда ол қазір арнайы комиссия құрылып, апаттың себептерін тиісті мамандар анықтап жатқанын айтты. Оқиға орнына барып, тұрғындардың жағдайымен танысып қайтқан әкімнің орынбасары қираған үйлердің материалдық шығыны есептеліп, көмек көрсету шаралары қарастырылып жатқанын жеткізді. «Үйлерді толық қалпына келтіру жұмыстарын ««Тауекел-Н-Алғабас» ЖШС толығымен өз мойнына алды. 400 АЕК мөлшерінде аудан тарапынан қаржы бөлінеді, одан өзге ауылдастар көмек ретінде қаржы жинастырып жатыр және кейбір мекемелер демеушілік көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ ауруханаға барып, науқастардың жағдайын біліп қайттық. Бүгінгі таңда екі адамның жағдайы өте ауыр. Денесінің 80-90 пайызын күйік шалған. Алматы облыстық ауруханасының білікті мамандары қолдарынан келгенін жасап жатыр. Мұндай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жылыту маусымы басталмас бұрын мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда әр отбасы өз амандығы үшін жылына бір рет қауіпсіздік шараларын міндетті түрде жасауы керек», – деді А.Бидаев.
Апат айтып келмейді, әр тұрғын өз өміріне, басқалардың өміріне зиян келтірмей, аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарамай, ескертпелерді жиі оқып, үй ішімен білгені дұрыс.
Бүгінде республиканың бүкіл аймағында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мен газды дұрыс пайдалану бойынша түсіндіру шаралары жүргізіліп, нұсқаулық парақшалары таратылған. Газ баллондарын пайдаланушылардың басым бөлігі ауылда тұрады. Баллондардың көбі ескі. Оларды пайдалану мерзімі 30 жылдан аспау керек және әр 5 жыл сайын тексеруден өткізу қажет.
ТЖМ газ баллондарын қолдану кезінде мынадай сақтық шараларын ұстану керектігін ескертеді:
— газ баллонын қосар алдында, газ шығып тұрмағанына көз жеткізіңіз;
— газ баллонын жылу бөлетін
құралдардың қасына орналастырмаңыз;
— газ баллондарына техникалық қызмет көрсету үшін тек мамандандырылған ұйымдар қызметіне жүгініңіз;
— тұрмыстық газ баллонын жанармай бекетіндегі газ станцияларынан
толтырмаңыз.
Жанармай бекеті тұрмыстық газ
баллонын толтырса, заң бойынша айыппұл салынады. Газ баллоннын
қауіпсіздік шараларын сақтап пайдалану сіздің ғана өміріңізді емес, басқа да адамдардың өмірін сақтайтынын естен
шығармаңыздар.
Сәуле Құрмантаева