ТӨЛ ӨНЕР ТӨРГЕ ОЗДЫ

ТӨЛ ӨНЕР ТӨРГЕ ОЗДЫ

Жамбыл ауданында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Ұзынағаш ауылындағы мәдениет үйінде екі күнге созылған айтулы өнер додасында облыстардан іріктеліп келген 35 ақын өзара сөз қағыстырды.

Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллин кезінде: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде жатқан маржан секілді. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің азаматтық борышымыз!», дегені белгілі. Өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың құрметіне арналған аталған республикалық доданың өткізіліп келе жатқанына биыл тура 20 жыл.
Ұлтымыздың төл өнеріне ден қойған жас талаптар жыл сайын еліміздің әр өңірінен Алатаудың баурайында сөз сайысын қыздырады. Оған Алматы облысының білім басқармасы мұрындық болып келеді. Бұл жолы да үкілі домбырасын қолға алып, кестелі сөзбен көрерменін қарық қылуға елдің түпкір-түпкірінен балғын ақындар жиналды. Білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйытқы болуындағы шара Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде өткізілді.
Көпшілікке құттықтау сөзін арнаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова шараның мақсаты оқушылар арасында Жамбыл шығармашылығын насихаттай отырып, поэзияға деген құштарлығын арттыру, олардың ішінен ақындыққа табиғи дарындыларын анықтау екенін айтты. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өз сөзінде халқымыздың ең асыл мұраларының бірі айтыс өнері екендігін атап өтті. Аудан басшысы:
– Ұлттық өнеріміздің ұлы тұлғалары Сүйінбай мен Жамбыл, Үмбетәлі мен Кенен, күні кешеге дейін арамызда жүріп, артына айтыстың азулы шәкірттерін қалдырған Есенқұл Жақыпбектер алты алашқа аты мәлім өнер қайраткерлері. Уақыт зырғып, заман қаншалық өзгерсе де қазақтың ұлттық өнерге деген құштарлығы ешқашан басылған емес. Оның бір айғағы халқымыз ерекше ықыласпен қабылдайтын осындай айтыстар. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, әрбір отбасында ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрып, ырым-тиымы, ұлттық өнері көрініс тапса, кейінгі ұрпақ өткеніне құрметпен, келешегіне зор үмітпен қарап, тектілікті бойына сіңіре алады. Біз сөзге тоқтаған елміз, қара қылды қақ жарып әділдігін айтқан би-шешендердің жалғасымыз. Ұлттық рухымызды жаңғыртып, дәстүрлі өнеріміздің туын желбіретіп жүрген жас ақындарға шалқар шабыт тілеймін! – деді.
Алғашқы күні 20 ақын тақырыптық айтыста бақ сынасса, екінші күні 12 өрен қайым айтысқа түсті. Қазылардың жоғары ұпайын иеленгендері екінші айналымға жолдама алды. Жас ақындар өздерінің аудан, облыстарында талай сөз сайысынан өтіп, тастүйін дайындықпен келгендерін байқатты. Сахна төрінде сөз маржанын тізіп, айтыссүйер көрерменді өлеңмен сусындатты.


Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын, бүгінгі уақыт тынысын жырға қосып, бір-біріне өрнекті сөзбен мәнді де мағыналы жауап қайтарысты. Жамбыл рухымен арқаланған жас ақындар осылайша екі күн бойы айтыстың қос түрінде суырыпсалмалық қабілеттерін көрсетті. «Айтыс – қазақтың қанына біткен текті өнер ғой. Сондықтан қазақтың әр баласы ақын болуға тиіс», деген ұстаным аңғарылады қай-қайсының бойынан да. Ұлтымыздың төл өнеріне ден қойғандар іріктеле келе, үздіктері қазылар алқасының сүзгісінен өтіп, ақтық сында тағы сөз қағысты. Қорытындысында сөзінің өткірлігімен, тілінің көркемдігімен тауып айту шеберлігі жоғары бағаланғандардың мерейі үстем болды.
Олардың өнерін қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының директоры, телевизиялық «Біржан-Сара ізімен» айтысы жобасының авторы Серік Қалиев пен қазылар алқасының мүшелері – ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысының, Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, жазушы Күмісжан Байжан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет саласының және Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айтақын Бұлғақов, сондай-ақ айтыскер ақындар, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшелері, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің және «Мерей» орденінің иегері Айтуған Жетебаев пен телевизиялық «Асыл домбыра» ақындар айтысының жеңімпазы, Әнуарбек Байжанбаев атындағы медалінің иегері Айтбек Тұрсынбаев бағалап отырды.
Айтыс қорытындысында оза шапқан шын жүйріктер анықталып, салтанатты жағдайда бәйгелері тапсырылды. Жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігі тағайындаған Бас жүлделермен, 1,2,3-дәрежелі дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Алғашқы күнгі сөз қағыстарған тақырыптық айтыстың бас жүлдесін
Жамбыл облысындағы Айша бибі атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Алина Айдаралы жеңіп алды. Екінші күнгі қайым айтыстың бас жүлдесіне Қызылорда облысындағы №195 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Мұхаметәлі Абдуллаев ие болды. Айтыстың жүлде қоры бір жарым миллион теңге құрады. Бас жүлде иегерлеріне 200 мың теңгеден табысталды. Қайым айтыстан Павлодар облысынан Мейіржан Баршынбаевқа, тақырыптық айтыста Жамбыл ауданының Т.Бокин атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Балнұр Шәріпбайға бірінші орындар 150 мың теңгенің сертификаттарымен бірге берілді. Екінші дәрежелі дипломдарды және 100 мың теңгелік бәйгелерді қайым айтыстан Маңғыстау облысынан Бейбіт Байжігіт пен Ақмола облысынан Сәттібек Серікболатұлы, ал тақырыптық айтыста Алматы қаласынан Ерасыл Сейітжанұлы мен Атырау облысынан Марсел Ерсайынов иеленді. Сол сияқты астаналық Назар Мисалбек, алматылық Данияр Болатқан, Абай облысынан Еркежан Қадылханова, Алматы облысынан Мәншүк Қанатбаева, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылындағы №4 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақнұр Зинулла және Ақтөбе облысынан Арай Нұрадинге қайым және тақырыптық айтыстар бойынша үшінші дәрежелі дипломдар мен 50 мың теңгеден тапсырылды.
Сонымен қатар арнайы жүлделер де иесін тапты. Атап айтқанда Әлімқұл Жамбылов атындағы жүлде Алматы қаласынан Сауытқан Айбарысқа, Есенқұл Жақыпбек атындағы жүлде атыраулық Айбек Айболатқа, Есдәулет Қандеков атындағы жүлде Солтүстік Қазақстан облысынан келген Бекарыс Әділжанға, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы жүлде шығысқазақстандық Әли Ермековке бұйырды. Сондай-ақ аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы тағайындаған арнайы жүлдемен Астанадан ат арытып келген Науат Жақатаева мен Алматы облысынан Болат Ахмет марапатталды. Қалған айтыскерлердің барлығына қатысушы сертификаттары мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.Айтысқа қазылық еткен Айтақын Бұлғақов елімізде жас ақындардың деңгейі өсіп келе жатқанын айтады. Бірақ айтыстың алтын діңгегі орнап, жыр жүйріктерінің мекеніне айналған Алатаудың етегі мен жеті өзен өрнек салған аймақта бұл өнердің кенжелеп тұрғанына өз қынжылысын былайша білдірді:
-Аузымен құс тістейтін анау Дидар, Мұқтарлармен үзеңгі қағыстыратын ақындарды көрдім мұның ішінде. Қолма-қол жауап беріп, суырыпсалмалықтың не екенін көрсете білді. Бұл әр өңірдегі ақындық мектептің қалыптасқанын көрсетеді. Мәселен Маңғыстау, Қызылорда, Солтүстік, Батыс өңірлері өзінше бір-бір мектеп. Осы көштің ішінде сәл кенжелеп қалғаны Алматы мен Жетісу облыстары. Неге бұлай деген сұрақ туындайды. Өйткені айтыс өнерінің алтын діңгегіне баланған Сүйінбайдай арқалы ақындар шыққан аймақта ақындық мектепті жоғалтып алғанбыз. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Дүниенің ең ауыры өзің бәйге өткізіп отырып, сол бәйгеге қосатын жүйрігіңнің бабының келмеуі дер едім. Дегенмен Балнұр деген қызымыздың аяқ алысы жаман емес, — дейді.
Еліміздің әр қиырынан жиналған жас талаптар ақындық ұя салған Жамбыл жерінің көрікті орындарын аралап, ақындар мен батырларға мекен болған киелі аймақпен жақынырақ танысты. Жамбыл мұражайы орналасқан Жамбыл ауылына, Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайына саяхаттап, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрғиса Тілендиев, Есенқұл Жақыпбектің ескерткіш-кесенелерінде рухтарына тағзым етіп тарасты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ