«АЙБЕРГЕНОВ оқулары »

«АЙБЕРГЕНОВ оқулары »

Жуырда Іле ауданы Чапай ауылындағы мәдениет сарайында алғаш рет ақын Төлеген Айбергеновтың шығармашылығына арналған «АЙБЕРГЕНОВ оқулары » атты Республикалық әдеби-өнер бәйгесі өтті. Бұл Алматы облысының білім басқармасы мен “Жас дарын” орталығының бастамасымен ұйымдастырылған байқауға Қазақстанның 10 облысы мен қаласынан оқушылар бес бағыт бойынша бақ сынады. Өткен байқау өлең мен өнердің шеті мен шегі жоқтығын, оның ел мен жерге бөлінбейтінін, Төлеген – иісі қазақтың ақиық ақыны, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы екенінің дәлелі. Сайыс қаламгердің отансүйгіштік, елжандылық, асқақ сезім мен сұлу суретке толы сағыныш жырларына, сыршыл поэзиясына арналған.

Төлеген Айбергенов жыр әлеміне өзіндік үнімен еніп, соңынан тұтас бір толқынды ерткен, қазақ поэзиясы тарихында бүтін бір дәуірдің кілті болған тұлға. Ол қай тақырыпқа барса да терең ойланып, қанына сіңіріп, бойына дарытып барады. Ол әрбір өлеңді барлық жанын сала, адам жүрегінен ақтарыла жан отын лапылдата жазады. Оның қай өлеңінде болса да салқындық, селқостық кездеспейді. Өлеңнің әрбір жолынан біз жалындап, дауылдап жатқан азамат ақынды көреміз. өлеңнің интонациясы, эмоциялық қуаты, лексикалық оралымдары оқушыны елпілдетіп жүгіртіп әкетеді.


Төлеген ақын өзінің бір сөзінде: «Ақын боп ғұмыр кешіру, Оңай деймісің, қарағым? Аузында болу бұл өзі, сыздаған барлық жараның» – деп жырлаған екен. Демек, бүгінгі бәсекелестікте «Қыран жанарын қадап, Бірді мыңға балап, Ақынның өзі отырды деуге болады. Байқауға ақын, композитор, драматург, халық жазушысы, тіл жанашыры, қазылар алқасының тең төрағасы Мұхтар Шаханов, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева облыстық білім басқармасының басшысының орынбасарлары Гүлсара Исағұлова, Гульжан Елубаева, «Жас дарын» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау, оқу әдістемелік орталығының директоры Диана Оңбырбаева, Жалын журналының әдеби қызметкері Сауле Ахметова, ақынның қыздары Салтанат, Махаббат, Хұсни Айбергеновалар, ардагер ұстаз, Алматы облысындағы №48 орта мектепке
Т. Айбергеновтың атын беруге үлкен үлес қосқан тіл жанашыры, Т. Айбергеновтың шәкірті Құрбанбай Өсеров, «Принт плюс» баспаханасының директоры Қайрат Төлегенов, қоғам белсендісі, Т. Айбергенов шығармашылығының жанашыры Кенжеғали Қаракузиев, Төлеген ағаның жақын інілері, кәсіпкер Болат Надиралиев, заңгер, Алматы қаласы сот коллегиясының орынбасары, шығармашылық тұлға Адайбек Беймбетов арнайы қатысты.
Аталған бәсекеде Іле ауданы командасының қанжығасы майланып, бірнеше жүлде алды. Бірінші орынды №55 орта мектептің оқушысы Нұрбақыт Жұмажан иеленсе, екінші орынды №48 мектептің оқушысы Аяжан Ізбасар алды.Ал үшінші орынға № 9 Орта мектептің оқушысы Миран Айтжанов ие болды. Белсене атсалысқан барлық қатысушыларға жюри мүшелері алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Жырларын барша жұрт жатқа айтып жүрген қазақтың біртуар ақыны, драматург, сазгер Мұхтар Шаханов, Диана Онбырбаева, Салтанат Төлегенқызы сынды әдебиет өкілдері өз пікірлерін айтып, қатысушыларға жүрекжарды ізгі тілектерін арнады.
Сондай-ақ сахнада Шәмші Қалдаяқовтың «Ақсұңқарым», Тұрғынәлі Дәуіттің «Қазағым-ай» әндері шырқалды. Өнер бәйгесі жоғары деңгейде қызықты да әсерлі өтті.

Бағдат Шойбас