Бұған дейін, Қалбибі Абдуллаева мен Нұрлан Ташев жалпақ жұртшылыққа сан жылдар тізбегінде жарасымды жұлдызды жұп ретінде жақсы танылып келді. Әсіресе, олардың орындауындағы А.Леубаеваның «Сен менсің…», Е.Серікбаевтың «Інжу моншақ», Н.Ташевтың «Сен сұлу» сияқты тағы да басқа әдемі де әуезді әндері көпшіліктің көңіліне орнығып, жүрегіне тура жол тапқан. Жалпы, өнер әлеміне қол ұстаса қарқынмен қадам басқандарына ширек ғасырға жуық кезеңге жақындаған әншілер бұған дейін талай үлкен сахналардан көрініп, көрермендердің көзайымына айналып та үлгерген. Танымал әндеріне түсірген бірнеше бейнебаяндары да бар.
Ал бүгінгі таңда бұл жұп өмірлік тәжірибесінде бар жиған-терген білік-білімін өскелең ұрпаққа үйретуге, жас дарынды жеткіншектердің де жұлдызын жағып, жарқын болашақтарына жол ашуға бет бұрған. Бұл ретте «Қалбибі» өнер студиясы жайында жақсы әңгіме өрбітуге болады.
Негізінде, Қалбибі Абдуллаева балаларға вокалдан сабақ беруді 10 жыл бұрын бастаған екен. Нәтижесі жаман емес! Алдынан дәріс алған шәкірттері республикалық, халықаралық
байқауларда жүлделі орындарды еншілеуде. Мәселен, осы жылдың жаз айында аталған өнер студиясының шәкірті Шерхан Арыстан XXI Халықаралық «Витебск» балалар музыкалық байқауының Гран-при иегерін атанды. Бұл жетістік – жас вокалистпен төрт жасынан бастап айналысатын оның оқытушысы Қалбибі Абдуллаеваның үлкен еңбегі. Өзге де шәкірттері
облыстық «Жетісу жұлдыздары», республикалық «Ақ көгершін». «Самға жұлдыз», «Бозторғай» сияқты халықаралық ән сайыстарына қатысып, жүлделі орындар иеленуде.
Бұны да ең алдымен ұстаздың 10 жылдың көлемінде жасаған жұмысына есеп берудің оңтайлы амалы, екіншіден, қатарға жаңадан келіп қосылып жатқан балаларды ынталандыра, еліктіре түсудің тәсілі деп түсінуге болады. Сонымен қатар, ізбасарларын ізгілік пен жақсылыққа баулуды мақсат еткен жетекші қайырымдылық концерттерін беруді де қолға алған.
Осындай толайым табыстар үшін талмай тер төгіп, жақсы жетістіктерге жетіп жүрген қарауындағы өнерпаздардың қарымын байқаған жетекші енді олардың алған музыкалық білімдерін құжат жүзінде бекітіп беру жағын ойластырған. Сөйтіп, заңды түрде тіркеліп, тиісті құжаттарын реттестіріп, өнер студияның есігін айқара ашты. Қазір мұнда отызға жуық бала сабақтан тыс уақытта келіп, әншіліктің қыр-сырына қанығуда. Бұдан бөлек, домбыра, қобыз, фортепиано, шертер кластарында да жоғары білімді ұстаздар дәріс береді. Білім алғандардың қолына арнайы сертификаттары тапсырылады.
– Өнер студиясының негізгі мақсаты – еліміздің мәдениет саласын дамытуға теңізге түскен тамшыдай болса да өзіндік үлес қосып, ел ішінде байқалмай өсіп келе жатқан жас дарындардың бойындағы қабілеттерін арттырып, жұлдызын жағу, – дейді Қалбибі Алпысбайқызы. – Балалардың әрқайсысын өзім көріп, вокалдық мүмкіндіктерін тексеріп қабылдаймын. Сосын, олардың дауысын дамыта түсу үшін жеке жұмыс істеймін. Бұдан бөлек, әрбірінің сахнадағы жүріс-тұрысы мен киетін киімі, айтатын әндерін де өзім таңдаймын. Өйткені, сахна өте киелі және қасиетті. Ол тек тән тазалығын ғана емес, жан тазалығын да қалайды. Орындаушы әнді жүрегінен өткізіп, шын ықыласымен айтуы керек. Онсыз шығарма тыңдарман жүрегіне жол таба алмайды. Тағы бір айтатын жайт, біздің топта дуэт, трио, квартет, квинтет, хор жанрлары қамтылған.
Иә, шын мәнінде де, қай мереке-салтанаттарда болмасын, сахнаға шыға салып шырайын келтіріп жіберетін «Қалбибі» өнер студиясының жас дарындарының орындауындағы әндер өзінің айрықша қойылымымен де ерекшеленіп тұратынын көзі қырағы көрермен байқап үлгерген. Ерекше атасақ, хор болып айтатын «Нұраға» (сөзі Е.Жұматаев, әні И.Дәрібаев),
«Қазақстаным – Ұлы Отаным-ай!» (сөзі М.Бигелдиев, әні Б.Есебаев), «Үшқоңыр» (сөзі мен әні Н.Назарбаев, А.Қоразбаев) әндерін тыңдағанда кеудеңді ерекше бір отансүйгіштік сезімі кернеп, бойыңды жалынды жігер жаулап алатыны жасырын емес! Бұдан өзге кейіпкеріміз, «Жас қанат», «Азия дауысы» конкурстарының лауреаты Қалбибі Абдуллаева жетекшілік ететін «Үшқоңыр» ақ әжелер ансамблінің» де ауданымыздағы өнер саласында өзіндік алар орны бөлек. Үш жыл бұрын бастары қосылып, топ құрған ауыл апалары да бүгінде нағыз жұлдыздардай халықтың жақсы ықыласына бөленіп, тіпті, той-томалақтарға арнайы шақырылып тұрады екен. Бірдей көйлек, кимешектерін киіп, қаз-қатар тұрып алып халық әнін көсіле салатын 12 әженің үлкені 85-те болса, кішісі 63-те екен. Қатарластарынан қалыспай, қарттардың да өнерге таласы бар екенін дәлелдеп, байқауларда да бақ сынап жүрген ансамбльдің репертуарында жеті ән бар. Бұл аз десеңіз, алдағы уақытта жаңа «Үшқоңыр» деген әнге бейнеклип түсіру жоспарланып отырған көрінеді. Оның сөзін топ мүшесі Батиха апа халық әнінің ырғағына келтіріп жазыпты.
Міне, осылайша, жалпы айтқанда, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолынан келгенінше қолдау білдіріп, бойындағы бар білік-білімін үйретіп, күш-қайратын сарп етіп жүрген Қалбибінің өзі де көп балалы ана екендігін айта кеткендігіміз артық болмас. Жиырма жылға жуық «НұрТаш» жеке дыбыс жазу студиясының жұмысын ілгерілетіп келе жатқан жары Нұрлан Ташевтың танымал әнші Заттыбек Көпбосыновтың өнер әлеміндегі бағын ашқан «Ақмаржан» әнін өңдеп, өзге де танымал эстрада жұлдыздарының репертуарындағы шығармаларын шыңдап, жазып бергенін екінің бірі біле бермейді. Еліміздің оңтүстік өңірінде бір ауылда туып-өсіп, бір мектепте оқып, тағдыр табыстырған жарасымды жұп бүгінде Алла берген Нұрсұлтан, Бақдәулет, Даниял есімді үш ұлдың, Нағима және Дариға атты егіз қыздың ата-анасы. Бесеуінің ішінде соңғысы ғана бүгінде әншілікке жақындығын байқатып келе жатқан көрінеді.
– Өнер – Алланың кез-келген адамға бере бермейтін ерекше сыйы! – дейді кейіпкеріміз сөз соңында. – Оны кірлетпей, таза әрі биік ұстау керек. Сол дарынды шыңдау жолында аянбай еңбек етіп, тер төксе ғана жетістікке жол ашылады. Менің басты мақсатым – студия арқылы қандай да бір пайда табу емес. Шынын айтқанда, әзірге ешбір демеушіміз де жоқ. Барлық ауыртпашылықты балалардың ата-аналарымен бірге көтеріп келеміз. Реті келгенде оларға да үлкен алғысымды айта кетсем деймін. Мысалы, биыл екі-үш баламызды Болгарияда өтетін үлкен бір байқауға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы негізгі ойым – нағыз жас дарын иелерін іріктеп, мына өнер деген үлкен аламанның ішіне қосу. Әрі қарай сол қабілетті қатайта түсу, биікке ұмтылу өзіне байланысты. Жоғарыда айттық қой, кішкентай әншілерім өздерінің жеке концертін берді деп. Оған қатысқандар куә, өте жақсы деңгейде өтті! «Мұндай шығармашылық концерт пен овация бізде болған жоқ» деп Нұрлан екеуміз қалжыңдап айтып қоямыз. Шынымен де солай! Міне, менің еңбегімнің жемісі осы. Мақсатымның орындалғанының дәлелі де сол. «Ұстаздан шәкірт озар» демей ме?! Егер менің студияма келіп, сабақ алып жатқан отыз баламның біреуі кейін танымал әнші болып, басына қонған бағын бағалай біліп, еліміздің мәдениетін дамытуға тырысып, Қазақстанымызды үлкен әлемдік сахналарда әйгілеп тұрса, мен үшін басты жетістік, басты бақыт осы…
Бұрым Орынбасар