Бүгінгі күннің батыл жандары

Бүгінгі күннің батыл жандары

Өміріміздің кез келген сәті әртүрлі қауіпті әрі апатты жағдайларға толы деп айтуға болады. Әсіресе соңғы уақытта күллі әлемде табиғи апаттар орын алып жатқандығын ескере кету керек. Бүгінде олардан сақтану және алдын алу шаралары күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелер сапында тұр. Бұл ретте төтенше жағдайлар бөлімдеріне артылған жауапкершілік те жоғары. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдаулары мен тапсырмаларында аталмыш сала мамандарына барынша қолдау көрсетіп, оларды заманауи техникалармен, құрал-жабдықтармен, қажетті арнайы киімдермен қамтамасыз етуді, жалақыларын көтеруді тапсырған еді. Таяуда елімізде аталып өткен құтқарушылар күніне орай біз ауданымыздағы төтенше жағдайлар бөліміне барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, бөлім басшысы, азаматтық қорғау майоры Дамир Қозыбақовпен сұхбаттасып, түрлі апат кезінде адамдарға бірінші болып көмекке ұмтылатын батыл жандардың қызметі жайында көбірек білуге тырыстық.

– Дамир Бақытжанұлы, елімізде соңғы уақытта орын алып жүрген оқиғаларға байланысты салаларыңызда өзгерістер болды ма? Мемлекет және төтенше жағдай министрлігі тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқандығы жайлы білсек деп едік.
– Жасыратыны жоқ, еліміздің табиғаты түрлі өзгерістерге ұшырауда. Соның айғағы – бірнеше жылдан бері еліміздің бірқатар өңірінде орын алған өрт қаупі. Сондықтан еліміздің Төтенше жағдайлар қызметіне заман ағымына сай бейімделіп, оқыс оқиғалардың алдын алуда заманауи форматтарға сүйенуіне тура келуде. Әйтпесе төтенше жағдайға төтеп беру оңай болмай барады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да түрлі қадам жасалуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруы да сол қадамдардың бірі десек болады. Өзіміздің министрлігіміз қайта құрылғаннан кейін жақсы өзгерістер орын алды. Мәселен, биыл құтқарушылардың жалақысы 70 %-ға өсіп, ең төменгі еңбекақы 200 мың теңгенің шамасында болады.
Тағы бір жақсы жаңалық таяуда өткен мерекелік шарада өзге аудандарға сияқты біздің ауданымызға бір көліктің кілті берілді. Сондай-ақ ауданда жылдан-жылға адам санының өсуіне байланысты алдағы уақытта Жібек жолы ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бөлімшесін ашу жоспарлануда. Қажетті жер телімі бөлініп, жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Облыс тарапынан қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады.
– Бүгінде өзіңіз басқарып отырған ауданындағы төтенше жағдайлар қызметінің жұмыс қарқыны қалай? Жалпы, бөлімнің қызметкерлер құрамы мен техникалық базасы қандай?
– Біздің бөлімнің қызметі ең алдымен төтенше жағдайлардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған. Күнделікті таңертең 8-де өрт сөндірушілер, яғни қарауыл кезекшілікке түсіп, тәулік бойы кезекшілікті ұйымдастырады. Қызметке келе салысымен таңертеңгілік түгендеу, тексеру, адамдардың жағдайын бақылау шаралары жасалып, әрі қарай жұмысқа кірісеміз. Жалпы біздің ауданымыз облыстағы ең үлкен өңір болғаннан кейін жұмыс қарқынымызда соған сай.
Штатқа келетін болсақ, төтенше жағдайлар қызметімен қатар №5 өрт сөндірушілер бөлімінде қазіргі уақытта 47 қызметкер жұмыс істейді. Бөлім 10 өрт сөндіру автокөлігімен қамтылған. Оның бесеуі негізгі өрт сөндіруге арналған, үшеуі арнайы, екеуі қосалқы көліктер. Өрт сөндіру мен апаттық құтқару қызмет бөлімінде күнделікті бес қызметкер кезекшілікке түседі және 2 автокөлік кезекшілікте дайын тұрады. Қалған қызметкерлер де, техника да резервте болады. Үлкен, ауқымды өрт болған жағдайда жұмысқа барлық жеке құрам жұмылдырылады.
Бүгінде біздің бөлім кез келген оқыс жағдайға дайын деп айта аламын.


– Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Төтенше жағдайлар бөлімінің бір жылға арналған арнайы жоспары бар. Сол жұмыс жоспарына сәйкес төтенше жағдайларды болдырмау және оларды алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүргізіледі. Ағымдағы жылы ауданымызда 661 төтенше жағдай тіркелді. Оның көбі өрттің шығуына байланысты болғандықтан, профилактикалық жұмыстардың біразы өрт қауіпсіздігіне бағытталған. Мәселен, биыл «Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясында жергілікті атқарушы органдармен, Қарасай ауданының ОЖБ, «ГазТрансГаз», «Жалын» еріктілерімен бірлесіп үйлерді аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Іс-шара барысында 1680 адам қамтылып, 1230 жаднама таратылды. Бұған қоса жылыту маусымына орай аудан аумағында тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігінің талаптарын түсіндіру бойынша 2345 үйге тексеріс жүргізіліп, 5450 адамдарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Білім беру ұйымдарында балалармен және жасөспірімдер арасында өрт қауіпсіздігін насихаттау бойынша аудан аумағындағы бес мектепте 145 оқушыны қамти отыра алты интерактивтік сабақ, 63 оқушымен бес дәріс, 35 оқушының қатысуымен алты ашық сабақ ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектеп ғимаратында алты қауіпсіз эвакуация бойынша практикалық оқу-жаттығу өткізілді. Бұдан бөлек қыс кезінде біз міндетті түрде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қариялардың үйлеріндегі мұржаларды тазарту жұмыстарын да атқарып отырамыз. Оған қоса бүгінгі күнге дейін 150 дана улы газдарды сезетін арнайы құрылғы тұрмысы төмен отбасыларға таратылып, үйіне орнатылды. Тағы да тапсырыс берілді. Адамдар әсіресе жасөспірімдер су айдындарының кез келген жерлеріне суға түсе береді, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Көп жағдайда жасөспірімдердің, балалардың үлкендердің қарауынсыз су айдындарының жағалауына баруы салдарынан оқыс оқиғалардың құрбаны болып жатады. Осы ретте полиция қызметкерлерімен рейдтік жұмыстар жүргіземіз. Бұдан бөлек те ауданымызда орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қажетті барлық жұмыстарды атқарып отырамыз.
– Төтенше жағдай кезінде ең бастысы құтқарушылардың дайындығы. Өзіңіз айтып өткендей, біздің ауданда көбінесе өрт оқиғалары орын алып отырады. Алайда оқыс оқиғалардың түрі көп қой. Осы ретте біздің ауданымыздың төтеншеліктердің оларға деген дайындығы қалай? Әзірлік ретінде өтетін науқандық оқу-жаттығулар жылына неше рет өткізіледі?
– Айтып өткеніміздей, құтқарушының негізгі мақсаты адам өмірін сақтау, оқыс оқиғалардың алдын алу. Осы ретте олар барлығына да дайын болуы керек. Жыл сайын ауданымызда 10-15 оқу-жаттығу өтіп отырады. Бұл шара тек тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана емес, сондай-ақ құтқарушылардың кез келген жағдайларға дайын болуларына бағытталған.
Бұған қоса министрліктің нұсқауына сәйкес әр қызметкерге 3 жыл сайын өзінің біліктілігін арттырып отыру міндеттелген. Ол жерде қызметкерлеріміздің тек физикалық дайындығынан бөлек кез келген оқыс оқиғаларда өздерін қалай ұстайтындығы және қандай іс-әрекет жасайтындығы да тексеріледі және біліктіліктерін жетілдіріп отырады.
– Сөз соңында алда келе жатқан қыс маусымында тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жалпы жылда біздің атқарып жатқан жұмыстарымызға қарамастан жыл сайын аудан аумағында орын алатын оқыс оқиғалар жетерлік. Сондықтан айтарым, бірінші кезекте адамдар жауапкершілік өздерінде екенін ұмытпауы қажет. Әрине біз де өз тарапымыздан оң нәтижеге жұмыс істеуді тоқтатпаймыз.
Кез келген жағдайда да адам өмірінен артық құндылық жоқ болғандықтан, тұрғындардың ормандарда жанып тұрған сіріңке, темекі тастағанда, үйлеріндегі пешті жаққан кезде қарапайым ережелерді сақтау керектігін ұмытпауларын сұраймын. Сонда ғана арты қайғыға әкелуі мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға болады.
Сөз соңында кәсіби мерекеміз өтіп кетсе де әріптестерімді тағы бір рет құттықтап, қандай оқиға орын алса да бар күш-жігерін салып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген құтқарушылардың жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық және зор денсаулық тілегім келеді.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ