Қарасай ауданында жас өрендерді спортқа баулып, оларды жеңісті жолға жетелеп жүрген орталықтардың қатары аз емес. Десе де ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктері бар «Үшқоңыр» спорт кешенінің жөні бөлек.
2019 жылдан бері жұмысын бастаған орталықтың шәкірттері осы уақытқа дейін әлемдік, халықаралық, республикалық сияқты талай жарыста дара көрініп, ауданның және облыстың абыройын арттыруда. Оқушыларымен оза шапқан бұл орталыққа ашылғалы бері белгілі боксшы, Алматы облыстық бокс федерациясының президенті, аудандық мәслихаттың депутаты Дәурен Төлеген жемісті жетекшілік етіп келеді.
«Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің биылғы жарыс жолындағы нәтижелері мақтауға тұрарлық. Білікті тәлімгерлерінен білімін шыңдаған жастар әр жарыстан жүлделі оралуды дәстүрге айналдырған. Осы ретте орталықтың айрықша атап өтерлік соңғы уақыттағы жетістіктері жайлы тоқталсақ деп едік.
Ағымдағы жылдың 29 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Жезқазған қаласында кіші жасөспірімдер арасында еркін күрестен республикалық турнир өтті. Спорттық шара «CK NAMYS» ҚҚ негізін қалаушы Серік Сүйгенбайұлын еске алуға арналды. Бұл жарыста «Үшқоңыр» спорт кешенінің шәкірттері қарсыластарынан басым түсіп, жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтар болсақ, І орындарға Әділет Ерболат, Омар Базарбай, Нұрдаулет Абдусадиков, Жайдар Мұқат ие болса, ІІ орынның жүлделері Али-имран Абатқа, Амир Каримбаевқа, Нұрдаулет Тұрсынбайға, Ұлан Сағарбекке бұйырды. Ал үздік үштіктен Досжан Берікбол, Омар Тұрсынбай, Бекжан Ұзақбаев, Шыңғыс Бисенбай, Асхаб Шайхидов, Есенкелді Кыстаубаев көрінді. Жас балуандардың осындай нәтижеге жетуіне жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі ерекше. Бұл ретте Оралбек Қази, Бахтияр Избасаров, Валико
Махарадзе дейтін спорт кешенінде еңбек ететін тәлімгерлердің есімін атап өтпеске болмас.
Волейболды серік еткен орталықтың балалары осы айда Алматы облыстық чемпионатында бақ сынап, «Үшқоңыр» спорт мектебінің мерейін үстем етті. Еркебұлан Оспанов тәрбиелейтін волейболшылардан құралған команда 4-8 қазан күндері Есік қаласында 2011-2013 жылғы жасөспірімдер арасында өткен облыстық турнирде І орынға ие болды.
Дүниежүзілік деңгейдегі сайыстардан да спорт кешенінің саңлақтары қалыс қалмай, елдің намысын қорғады. Муайтайдың қыр-сырын меңгерген жастар 29 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Түркия елінің Кемер қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынап, қарсыластарына дес бермеді. Ел намысын қорғаған Игорь Коваленко I орын алса, Сиобанд Омаров II орынға ие болды. Сондай-ақ Әлемхан Балтабай ІІІ орынның жүлдесін қанжығасына байлады. Байрақты бәсекеде бағы жанған спортшылардың бұл жетістіктеріне Юрий Щукин, Вадим Лопарев, Бақытжан Марат сынды жаттықтырушылардың да қосқан үлесі зор. Әлемдік ареналарда елдің абыройын арттыратын мұндай жоғары көрсеткіштер жалғасын табады деген сенімдеміз.
«Үшқоңыр» спорт мектебі тәрбиелейтін жастардың жарыс жолындағы жетістіктері, міне осындай. Бұл атап өткен нәтижелер – соңғы екі айдағы көрсеткіштер. Шәкірттерімен шыңды бағындыруды мақсат еткен орталықтың абыройы алдағы уақытта да арта түседі деп ойлаймыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ