Қазақстан Республикасы – егеменді, тәуелсіз демократиялық мемлекет. Оның өз Ата Заңы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық валютасы бар.
Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы.
Кез келген егемен елдің рәмізі болатыны секілді өз валютасының болуы да заңды. Өйткені ұлттық валютаны жариялап, оны айналымға түсіру тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі еді. Ал, теңгенің айналымға түсуі Егеменді Қазақстанның қаржылай да тәуелсіз екенін тағы бір жария етуі болатын. Қай елдің болмасын валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайды, заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Бүгінде ақша бірліктері мемлекеттің дамуының маңызды рөлін атқарады. Оларсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүмкін емес, мемлекет ішіндегі қаржы операцияларының бірін де орындай алмайды. Ұлттық банкнотта мемлекеттің тарихи оқиғалары, елдің мәдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан саяси-тарихи тұлғалардың бейнесі әрі мемлекеттің басты мәдени жетістіктері бейнеленеді. Сонымен бірге, бүгінде ұлттық валюта барша мемлекеттер мен халықтар үшін өте ыңғайлы және экономикалық негізі бар қаржы құралы.
Ең алғашқы ұлттық валютамыз — қазақ теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өз Жарлығында алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялады. Елдің егемендігін жаңа жар салған аумалы-төкпелі уақытта төл теңгемізді дүниеге әкелу тәуекелді қадам болатын. Мемлекеттегі экономикалық қиындыққа қарамастан, қазақ ұлтының тұңғыш валютасы жарық көрді, тәуелсіз елдің айналымына түсті. Осылайша Қазақ даласының ұлы тұлғалары Әл-Фараби, Абылай, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқандарды бейнелеген алғашқы Қазақстан Республикасының теңгелері жарыққа шығып, айналымға түскені шын тәуелсіздіктің көрінісі болды.
Қазіргі Қазақстан аумағындағы бірінші монеталар V ғасырда пайда болған. Бірақ олардың барлығы шетел валютасы болған: қытай, византиялық, сонымен қатар шетел саудагерлері мен мәсіхшілері арқасында келген Сасанидтік ақшалар. Ең ыңғайлы және кең тараған ақшалардың бірі «ушу» деген қытай монеталары болған, олардың бауға іліп жүретін төрт бұрышты тесігі бар болған. Сонымен қатар, Римнен, Византиядан, Араб халифатынан, Үндістаннан және Монғолиядан келген алтын, күміс және платина монеталары жиі пайдаланылатын болған. Олар Тараз, Баласағұн, Отырар және Сауран аймақтарында ақша жасау басталған кезде үлгі ретінде қолданған. Монеталарда әр тайпаның таңбасы бейнелеген. Мысалы, аңның немесе құстың суреті, балықтың суреті, бұлардың бәрі жер, аспан және суды бейнелеген. VII–VIII ғасырлары Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды арабтар жаулап алғаннан кезден бастап монеталарда араб тілінде жазулар пайда болды. Кейінірек Қазақстанның солтүстігін Ресей саудагерлері белсенді түрде игере бастады, нәтижесінде бұнда революцияға дейінгі Ресей ақшалары қолданылды.
Жалпы валютаның тарихы алғаш қағаз ақша енгізілген сонау орта ғасыр кезеңінен бастау алады. Бұл валюта саудагерлер арасындағы қарыздарын өтейтін сенімхат секілді жүрді. Әртүрлі мемлекет, қалалар билеушілері алтын, күміс және басқа да құнды материалдарды сақтап, олардың орнына векселдерді шығарумен айналысты. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін валюта нарығы сенімсіз әрі әлсіз болды. Соғыс аяқталғаннан кейін нарықтағы валютаның тұрақсыздығынан валюта курсының айырмашылығынан жеңіл табыс көргісі келген инвесторлар көбейді. Алайда, тәуекелге бас тіккендердің бәрі жетістікке жетті деуге болмайды. Валюталар нарығының құлдырауы Ұлы депрессияға әкеліп соқты. Міне, осы кезден бері қарапайым халықтан бастап, саясаткерлерге дейін валюта нарығының тұрақтылығы әлемдік қаржы жүйесінде қандай маңызды рөл атқаратынын түсінді.
Заманауи ақшалар пайда болмай тұрған көне дәуірлерде тауарлардың тең айырбастау құралы ретінде қандай да бір қоғамдағы тұтыну заттары қолданылды. Мәселен, үй жануары, метал тілімдері, жануарлар терілері, құнды және жартылай құнды тастар т.с.с. Жинаған байлықтарыңды сақтайтын әлемдегі алғашқы банк толық құнды ақшалар пайда болмай тұрып болған көрінеді. Алғашқы банктердің қызметін жергілікті сарайлар мен бас ғибадатханалар атқарған. Бұл жаңалықты тұңғыш рет месопатамиялықтар ойлап тауыпты. Ал бүгінгі қаржы операцияларын орындайтын банктердің прототипі б.ғ.д.V ғасырда Көне Греция аумағындағы – Тифия банкі екен.
Түйін. Тәуелсіздік ел тарихымызда мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында теңгенің орыны ерекше болды. 30 жылдық ғұмырында теңге тәуелсіз елдің маңызды рәмізі екенін дәлелдеп шықты. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.
Карибаева М.И.
Талғар аудандық қазынашылық
басқармасының бас маман-бас
қазынашысы