Жуырда Талғар ауданы Тұздыбастау ауылының мәдениет үйінде Алматы облысы әкімінің қолдауымен, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Бақытты ана – бақытты отбасы» форумы өтті. Басқосуға облыстық аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, Ассамблея, әкімшілік, этномәдени орталықтардың өкілдері мен журналистер қатысты. Жобаның мақсаты – қоғамда әйел мен ананың рөлін, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік , патриоттық рухта тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыру. Форумды құттықтау сөзбен ашқан Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев қоғамдағы аналардың рөлін ерекше атап өтті.
– Халқымыз ұлт болашағын анамен байланыстырған. Бүгінгі сәби – ертеңгі ел іргесін ұстайтын азамат. Баланы жастайынан өз елінің тарихын білуге , салт-дәстүрін қадірлеуге , бойына ұлт намысын сіңіруде ананың рөлі ерекше. Сондықтан ана мен бала әлеуетін көтеру үшін , денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет жылда жаңа шаралар қабылдап жатады. Президент Қ.Тоқаевтың «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша аналар көптеген шаралар ұйымдастыруда. Белсенді аналардан құрылған ұйымның жаңа бастамасы да мемлекет ұстанымына дәл келетін, болашақта өз жемісін беретін жобаның бірі. Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, этносаралық келісімді ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға және сақтауға өз үлесін қосып келеді. Талғар ауданында 10 ауылдық және 1 қалалық округ бар. Әр округте Аналар кеңесі белсенді қызмет атқаруда. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Бақытты ана – бақытты отбасы» бағыты бойынша әр округте 30-ға тарта іс-шара өтті. Олар семинар, коуч, кездесу, сайыс түрінде ұйымдастырылды. Жалпы Аналар кеңесі әкімдікпен, аудан тұрғындарымен, мектептермен, «Жанұя» отбасына қолдау көрсету орталығымен бірлесе көптеген шаралар өткізуде.Болашақта да бұл игі істер жалғасын табады деген сенімдеміз, – деді А.Бидаев.
Жиында КХА жанындағы Алматы облысы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева ұйымның атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталып, есеп берді. «Ата-бабамыз әрқашан жесір мен жетімін жебеген, үлкенін сыйлап, кішісіне ізет көрсетіп, мейірім мен қамқорлықты ту еткен. Ал қазіргі кездегі әлеуметтік өткір мәселелер – ерте жүктілік, тірі жетім балалардың саны ,жиы ажырасуы, өзіне-өзі қол жұмсау, жастар арасындағы нашақорлық, баласын далаға өз еркімен тастап кететіндердің қатары, бейнетінің зейнетін көріп, төрде отырып ақыл айтар шақта ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындардың саны көбеюі. Тіпті жасқа толмаған нәрестенің таяқталуы сияқты өзекті өртер жағдайлар да орын алуы өкінішті-ақ. Қазір қоғамда не болмай жатыр? Адам өлтіру, тонау, қарақшылық жасау, зорлау секілді қатігездік әрекеттердің барлығы орын алуда. Рухани құлдырау өз шеңберінен асып, өзін-өзге тіршілік иелерінен биік санайтын адамдар қатігездіктің түпсіз шыңырауына, тоғышарлыққа, тіпті барлық болмыс бітімімен бейсаналылыққа беттеп барады. Ұлы данышпанымыз Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек: әуелі надандық, екіншісі еріншектік, үшіншісі зұлымдық» деген екен. Адамның айтуға аузы, көруге көзі қорқатын сорақы, сұмдық жағдайлардың жиілеуіне белгілі бір адамдар тобын ғана кінәлап, сырттай ғана бақылап отыруға болмайды. Бұл сұмдық қалыпты жағдайға айналмай тұрып, алдын алуға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Қалай десек те қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Заманды жасайтын адамдар екенін ескерсек, мәселенің барлығы рухани адамгершілік тәрбиенің құлдырауынан шығып жатқандай. Сондықтан біздің алдымызда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оны қалыптастыру және жауапкершілікті күшейту мәселелері тұр. Әйтпесе жағдай бұлай жалғаса түсетін болса, ұлт болашағына үлкен қауып төнетіні сөзсіз. Жалпы адамзаттық, ұлттық құндылықтарға негізделген кемел мінезді, ойы, сөзі және ісі бірлікте болатын адам тәрбиелеу- қазіргі қоғамның басты қажеттілігі», – деді Гүлнар Сағатқызы. Ол сондай-ақ аталған жобаны жүзеге асыруда шалғай орналасқандарына қарамастан жоғары белсенділік танытып жүрген Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарының аналар кеңестерінің жұмыстарын ерекше атап өтті.
ҚХА жанындағы Алматы облысының Аналар кеңесі 2013 жылы құрылған. Облыс бойынша Аналар кеңесінің
жалпы саны 142. Облыстық -1,Қалалық -1, Аудандық – 9, Ауылдық – 131, мүшелерінің саны – 827.
Бұл аудандарда білім мекемелерімен толық байланыс орнатылып, аналар кеңестері құрылған. Сонымен қатар өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл аудандарың атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға берілді. Форумда Алматы облысы ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Әлихан Қожакеев сөз сөйлеп, бала тәрбиесіне, отбасы институтын дамытуға үлестерін қосып жүрген 11 аналар кеңесінің төрайымын ақшалай алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ қолөнер көрмесін ұйымдастыруға белсене атсалысқан аналар кеңесінің мүшелері, атап айтқанда К.Рахымберген, Б.Баудинова, Г.Махарадзе, Г.Сатанбаев, Тұздыбастау ауылындағы №31 мектеп пен аудандық Мәдениет үйінің ұжымына облыстық ішкі саясат басқармасының Алғыс хаттары табыс етілді. Жоба аясындағы «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты бойынша Талғар қаласынан Сатанбековтар отбасы марапатталып, смарт теледидары сыйлыққа табыс етілді. Отасқандарына 37 жыл болған ерлі-зайыптылар бүгінде бес ұл-қызды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының негізін қалаушылар.
Салтанатты іс-шарада қолөнер шеберлерінің, этномәдени орталықтардың ұлттық салт-дәстүрін дәріптейтің көрмелері ұйымдастырылып, түрік, ұйғыр, қазақ елдерінің келін түсіру, беташар дәстүрлері театрландырылған түрде көрермендердің назарына ұсынылды. Жиналған қауым әр ұлттың дайындаған кең дастарханынан дәм татты. Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концертімен жалғасты.
Сәуле Құрмантаева