Қылышын сүйреп қыс келеді. Күн суыта адамдар бірінші жылы киімдерін іздесе, екінші баспанасының жылы болғанын қалайды.
Талғар ауданында не орталықтандырылған жылу жүйесіне не көгілдір отынға қосылмаған көпқабатты үйлер көп. Күн суытысымен тапқан тергенін баспанасын жылытуға жұмсайтын тұрғындар бұл мәселені көтеріп бармаған жер, баспаған тауы қалмаған. Көрпесіне қарай көсілетін тұрғындар баспаналарын шама-шарқынша өздері жылытуға мәжбүр. Бірі баллондағы газ арқылы жылынса, енді бірі сұйық отынды пайдаланады. Төртінші, бесінші қабатқа көмір көтеріп шығып, күл арқалап түсетіндер де аз емес. Жыл басында, яғни 20-24 қаңтар күндері Ақтас ауылындағы осындай көпқабатты үйлерде екі рет газ пеші жарылып, соңы өртке ұласты. Баллондағы газды пайдалану аса қауіпті екенін білсе де шарасы болмаған жұртшылық «Бомбаның үстінде отырмыз» деп налыған. Бес мың теңге тұратын бір баллон газ қатты аязда екі күннен аспайды деген олар айына шамамен 50-60 мың теңге жұмсайтынын айтқан.
Талғар қаласы Қашқари 3 көпқабатты үйдің тұрғыны Роза Куаншалиева есіміді кейуана редакциямызға осы мәселе бойынша шағымданып: «Бұл үйде тұрып жатқаныма 43 жыл болды. Өткен ғасырда 70 жылдардың аяғында іргетасы қаланған үй 1998 жылы орталық жылу жүйесінен ажыратылған. Содан бері тұрғындардың бірі екінші қабатқа көмір арқалап апарып жақса, енді бірі электр қуаты арқылы жылынады. Мұндағылардың көбі зейнеткерлер. Оларға ауыр зат арқалау оңай емес. Бес жылдан бері аудан әкімшілігіне талай рет арызданып бардық. Алайда осыған дейін еш көмек болмады. Қыркүйек айынан сәуірге дейін қалт-құлт етіп күн көреміз. 2018 жылы кредит алып үйімді электр қуатымен жылыйтын етіп алғанмын. Алайда айына электр қуатына 70 мың теңге төлеймін. Ай сайын алатын зейнетақы небары 80 мың. Жолдасым ертеде қайтыс болған, қызым өз алдына өмір сүреді. Амалсыздан мектептерде, басқа мекемелерде еден жуушы болдым. Алматыда мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттардың күтушісі болып жұмыс істедім. Қартайған шақта кімнің қолын жылы суға салып, демалып жатқысы келмейді? Туыстарым да үнемі сыртта жүрмей, үйіңді ұстап отырсаңшы деп сөгеді. Газ орнататын адамдармен де сөйлестім. Олар миллион теңге сұрады. Ондай ақша біз сияқты зейнеткерлерде қайдан болсын? Баспанасы болса да қызығын көре алмай қор болып жүргендердің назын тыңдаған ешкім жоқ. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан тұста мұнша шығынды кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Осылай өз үйіміз өзімізге пана болмай тұр. Үйіміздің іргесінен көгілдір отынның құбырлары өтіп жатыр. Соны орнатуға әкімдік жағынан көмек боса тіптен жақсы болар еді. Жақын маңда біз сияқты үйлер көп. Орталық жылу жүйесін орнатса да қуанар едік. Бірақ әзірге зарымызды құлағына ілген адам көрмедік», – деп налыды.
«Ауданда 2018 жылдан бастап модульдік қазандықтар салына бастады. Бүгінгі күні 35 қуатты қазандық құрылғылары орнатылды. Биыл жобалық — сметалық құжаттарға және мемлекеттік сараптамаға мамыр айында қаржы бөлінген болатын, енді мемлекеттік актілер дайын болса, осы жылы жобаны қолға алып, құрылыс жұмыстарын бастаймыз деп отырмыз, – деді Талғар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Ақылжанов. Әкімдіктің сөзіне сенсек, жылу жүйесі тұрғындарға келесі жылдың күз айында ғана берілуі мүмкін.
Жылуға биыл да қол жеткізе алмайтынына көзі жеткен тұрғындар қыстың қамына өздері кіріспек болып, көмірдің үшінші тоннасына тапсырыс беруге бел буды…
Зорагүл Әбдіқадір